Ағымдардың арбау тетіктері әрқилы

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы діни ағымдардың әлеуметтік желідегі миссионерлік әдіс-тәсілдеріне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ондағы мақсат – қауіптен сақтану, экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Бұл тақырып көпшілікке мәлім. Бұған дейін де талқыланған, бірақ әлі де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені жат ағымдар интернет арқылы өздерінің миссиясын жалғастыруда. Сондықтан интернет арқылы ақпараттық толқынды игеру, оның дұрыс-бұрысын ажырату аса қажет. Өйткені бір адамның кішкене қателігі айналасына, отбасына, қоғамға зиянын тигізуде. Бүгіндегі карантинге байланысты онлайн жүйесіне көшу, әлеуметтік желілерге тәуелділік жат ағымдардың жұмысын жандандырмаса, әлсіреткен жоқ.

Біздің өміріміздің интернетпен тығыз байланыстылығын олар тиімді пайдаланғысы келеді. Деструктивті топтар бұрынғыдай көше аралап, кітап таратып, көзбе-көз кездесу үшін адамдарды жинамайды. Олар өздерінің миссиясын интернет арқылы жүзеге асырып жатқанын жалпы білгенімізбен, нақты қандай әдіс-тәсілдерден сақтануымыз керектігін білу көпшілік үшін өте маңызды.

Мәселен, интернет желісі жат ағымдардың жұмыстарын әлдеқайда жеңілдетті және көп аудиторияны қамтуға зор мүмкіндік ашты деуге болады. «Фейсбук», «вконтакте», «инстаграм», «вацап», «твиттер» т.б. желілерді пайдаланбайтын жерлестеріміз өте сирек, тіпті жоқ та шығар. Жат ағымдар осы желілерге өздерінің ақпаратын жасырын орналастырып, көпшілікке тұзақ құрады. Оны біз латентті деп айтамыз.

Осы тұста сөзіміз дәлелді, ойымыз дәйекті болу үшін Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласы бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Жанна Орынбасарқызы Қаңтарбаеваның пікірін келтірейік:

«Ақпаратты анық түрде діни мазмұнда емес, соны астарлап әкеліп орналастыруды латентті дейміз. Материалдардың жоғары жылдамдығы және жылдам таралуы. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желі географиялық ауқымды өте кең алады, жылдам таралады және көп қаржыны талап етпейді. Неге сайтпен, әлеуметтік желілермен жұмыс жасалмайды деген сұрақ туындауы мүмкін. Жұмыс жасалады, жасалмай жатқан жоқ, бірақ  жұмыс жүргізу үшін оны тез қайта ашып алу мүмкіндігіне шектеу қою қиын болып тұр. Мысалы, бір сайтты жауып, бір парақшаны бұғаттау үшін ұзақ уақыт кетеді, ал ашу өте оңай.

Енді интернет-контент арқылы қоғамдық санаға әсер етудің негізгі технологияларына тоқталып, бірнеше факторларды атап өтейін. Шынайы ақпаратпен манипуляциялау технологиясы деген бар. Діни жат ағымдар белгілі бір ақпаратты алады, бұл өтірік емес, шынайы ақпарат, бірақ оны өздерінің ыңғайына пайдаланады.

Мысалы, 2020 жылы пандемия басталған кезде интернетте пандемия туралы көптеген ақпараттар болды. Діни ағымдар осы көп ақпаратты өз ыңғайларына үйлестіріп, бұрып алды десек болады. Мысалы, Қытайда намазға жығылып, Италияда мешітке барып жатыр екен деген сияқты ақпараттар таралды. Міне, бұл манипуляциялау. Яғни, тақырыптар мен материалдарды бейімділікпен таңдау.

Интернетте әлеуметтік желілердің мүмкіндігі зор екені белгілі. Діни теріс ағымдар арнайы студиялар ашады, оған арнайы кадрлар бөледі, сапалы түрде видеолар дайындайды, сауатты да сапалы жазбалар жазады және әрбір салған материалдарына талдау жасап отырады. Мысалы, ол негативті аспектідегі жағымсыз әсер қалдыратындай  видео болуы да мүмкін. Олар оны бақылайды, көпшіліктің реакциясын байқайды, оған талдау жасайды. Ол қаншалықты аудиторияны қамтыды, қалай әсер етті?

Этика мен эстетикада мынадай түсінік бар: әсемдік пен ұсқынсыздық адамдарды бірдей тартады деген. Сондықтан кейбір жағымды, әсерлі, мәселен, бақытты отбасы туралы, иедалдар жөнінде, махаббат жайлы видео-материалдар қаншалықты мол аудитория жинайтын болса, кейбір ұсқынсыз, жағымсыз, қорқынышты, негативті форматтағы видео-материалдар да соншалықты аудитория жинауы әбден мүмкін.

Айталық, тыйым салынған нәрсе қызығырақ болып тұрады ғой. Яғни, бұл факторды біз әсер етуші фактор дейміз. Сондай-ақ олар материалдарды аудиторияға да бейімдейді. Мысалы, орысша аудитория, қазақша аудитория дегендерді де ескереді. Ең басытысы олар қалай болса солай жасамайды. Ойланған, талданған, зертелген, болжанған материалдар салады.

Келесі технологияларға келетін болсақ, бұл эмоционалды түсініктеме беру. Ақпаратты біржақты ғана ұсыну. Олардың түсінігінде ақ болса ақ, қара болса қара болды. Басқа таңдау жоқ. Өздерінің әлеуметтік желілеріндегі жазбаларында адамға қорқыныш, үрей туғызатындай немесе үміт беретіндей әсерлі материалдарды салу.

Мәселен, 2012 жылы «2012» деген фильм шыққан. Онда ақырет туралы, ақырзаманның келуі жайлы. Сол кезде ақырзаман туралы көптеген ақпараттар, қауесеттер тарады. Адамдардың бойын үрей биледі. Бұдан әрі қарай не болады деген сияқты сұрақ туындайды. Статистика көрсеткендей, осы кезде миссионерлік жұмыстарын белсенді еткен ағымдардың саны күрт өскен екен. Өйткені адамдардың психологиялық күйі әсер етті. Хауос, белгісіздік. Не болады? Не қояды? Қазіргі кездегі тұрақсыздық. Әлемдегі болып жатқан саяси жағдай, тіпті, экологиялық жағдайлар да әсер етуі мүмкін.

Мысалы, бұрынғы кезде жаңбырдың көп жауғанына адамдар селт етпейтін, осы кезде үрей, қорқыныш туды. Жаңбыр көп жауса да, күн ысып кетсе де қорқамыз. Міне, осы кезде әсер ететіндей технологияларды пайдаланады. Сонымен қатар, белгілі бір ақпараттарды бұрмалап, басқаша, яғни, өңін аударып алып, халыққа ұсыну. Мысалы, мемлекеттік деңгейде болсын, БАҚ-тан болсын таралған ақпаратты бұрмалап, яғни, дезинформация жасап тарату. Сосын психологияға әсер ететін ақпараттарды мақсатты түрде пайдалану.

Жоғарыда айтқан ақырет туралы, пандемия туралы, оның таралуы жайлы деген сияқты немесе одан құтылудың жолдары, сондай-ақ қазіргі кездегі вакцинацияға байланысты қоғамдағы әртүрлі пікірлерді өз ыңғайларына пайдаланып, сенімсіздік, үрей, қорқыныш сезімдерін өршітуге апаратын ақпараттар тарату. Осы ақпараттарды психологиялық күйге әсер еткізу.

Тұлғаға, қоғамға, мемлекеттік органдарға төндіретін қатерлерді, ультиматомдарды, импульстерді тікелей хабарлау құралы ретінде, мысалы сендер сөйтпесеңдер, біз осылай жасаймыз деген сияқты.

Бір ескеретін жайт, таратылатын ақпараттар тікелей діни тақырыпты қамтымауы мүмкін. Ол жерде әртүрлі тақырыптар болуы ықтимал. Мәселен, вакцинация, жануарлардың жапа шегуі, әлемдік саяси жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Өзекті мәселелерді негізге алып, аудитория жинап, ол жердегі пікірлер, эмоцияларға жіті назар аударып отырады. Тіпті, смайликке дейін бақылап, осыларға байланысты адамдармен әрқалай жұмыс жасайды. Сонымен қатар, діни бәсекелестікті де қозғайды. Қай дін шын, қай дінді ұстанған абзал деген сияқты тақырыптарды да ұсынуы мүмкін» .

Міне, оқып, көріп отырғандарыңыздай, зерттеуші маманның айтуынан ұғатынымыз жат ағымдардың жұмысы өте тыңғылықты да сапалы жасалады екен. Анықтап қарамаған адам манипуляцияға қалай сеніп қалғанын байқамайды. Сондықтан өте абай болған абзал.

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля