Баламды қандай мектепке берсем болады?

Қазіргі кезде ата-аналар балаларын ақылы мектепке беруге ұмтылып тұрады. Таңдау кезінде қандай қағидаларды ұстанған жөн? Нені білу керек? Бағасы удай ақылы мектептің білімі балаға нәр бола бере ме? Әлде, расымен «пафос» үшін оқи ма деген сауалдарға мектеп мұғалімдері мен психолог мамандар жауап берді.
№77 мектеп-гимназиясының мұғалімі Лаура Бақдаулетқызының айтуынша, ата-ананың 90% баласына мектеп таңдау кезінде үйдің жанында орналасқанына береді. Себебі өз комфортын ойлайды.
– Таңертең кептеліс кезінде баланы қаланың басқа шетіндегі мектепке тасу ыңғайсыздық тудырады. Бала үйге қайту үшін көлік жүргізушісін жалдау немесе такси шақырту керек. Әрине, осындай проблеманы болдырмас үшін үйіңнің түбінде тұрған мектепке балаңды жібере салу әлдеқайда ыңғайлы.
Сондай-ақ ата-аналар сайттағы немесе таныстарынан естіген пікірлерге баса назар аударады. Біреу бір мектепті мақтаса, сол мәліметтің анық-қанығын білмей жатып айтқан мектепке бере салуға асығып тұрады. Яғни, әр ата-ана өзінше мектеп таңдайды.
Әрине, мемлекеттік мектеп бағдарламасы бәріне ортақ болғанмен, әр мұғалім әртүрлі әдістермен білім береді. Оқушының қабылдауы да түрлі болып жатады,-дейді мұғалім.
Мектеп таңдауда нені білу керек?
№52 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айжан Маратқызының айтуынша, кез келген ата-ананың баласына мектеп таңдауға мүмкіндігі бола бермейді.
– Ауылда, шағын аудандарда бала саны аз болғандықтан, бір-екі мектептен аспайды. Сол себепті бала қолжетімді жерден білім алады. Ал үлкен мегаполисте, яғни қалаларда таңдау өте көп. Сондықтан ата-ана аты жиі аталатын, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлер шыққан білім ошақтарына баласын бергісі келіп тұрады. Әрине, бұл жерде баланың білімге деген әлеуетін бағалау керек. Яғни, жаңа нәрсені үйренуге құштарлығының болуы. Егер ынта болмаса, оны қандай мектепке апарып отырғызып қойсаң да нәтиже болмайды. Жекеменшік немесе мемлекеттік мектеп болсын мұғалімдерді бөліп-жаруға болмайды, – дейді Айжан Маратқызы.

Ал академик Асқар Жұмаділдаев жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдету бастамасын көпшілік қолдап отырғандығын айтады.– Білімге құштар бала қалай болғанда да бір жерді тесіп шығады деп отыра беруге болмайды. Баланың білімін жетілдіру үшін оған қолдан келгенше жағдай жасау керек. Жасыратыны жоқ, жекеменшік мектептерде білім сапасы әлдеқайда жақсы. Бұл жерде тұлға қалыптастыруға басымдық беріледі. Өз басым үкіметтің жекеменшік мектептің мүмкіндігін ел ертеңінің игілігі үшін пайдалану туралы бастамасын қолдаймын, – дейді атақты математик.
Коммерциялық емес АҚ «Haileybury Astana School» қазақ тілі мұғалімі Динара Рахимованың айтуынша, бұл жерде оқушылар мемлекеттік бағдарламаны ескере отырып, құрастырылған Британдық оқу бағдарламасымен білім алады.
– Біздің мектептің артықшылығы – әрбір баланы тұлға ретінде қабылдап, жеке ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс жасау. Біріншіден, оқушы тұлға ретінде қалыптасып, екіншіден, халықаралық бағдарламамен білім алады. Менің ойымша, ақылы болсын, мемлекеттік болсын, әр мектептің өз ерекшеліктері бар. Ата-аналар мен балалардың ақылы мектепті таңдауы өзгеше болу үшін емес, сол мектептің бағдарламасы мен саясатына қызығушылығынан деп ойлаймын, – дейді оқытушы.
Маман ретінде Динара Рахимованың ата-аналарға беретін кеңесі: оқу бағдарламасы, мектептің миссиясы, жетістіктері, орналасқан жері және жалпы мектептің ішіндегі жағдайға көңіл бөлген жөн.Вальдорф педагогикасы мен Монтессори жүйесі
Елордамыздағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектептің мұғалімі Сафура Темурбаеваның айтуынша, ата-ана балаға мектеп таңдауда ондағы білім беру стандартына ғана қарап қоймай, түрлі жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы берілуіне назар аудару керек екенін айтады. Маман осы ретте Вальдорф педагогикасы мен Монтессори жүйесі секілді оқыту әдістеріне тоқталды.
– Қазір білім беру жүйесіне толассыз жаңа теxнологиялар мен әдістер еніп жатыр. Ұстаз үшін жаңалықтың көшінен қалмау аса маңызды. Білім беру саласына келіп жатқан технологиялар, әдістер мен жүйелерді толыққаны іске қоспасақ та, элементтерін алудың пайдасы зор, себебі оның әрбірі құнды. Әдетте Штайнер әдісі, ал ғылымда Вальдорф педагогикасы деп аталатын жүйе бойынша баланың интеллектуалдық дамуынан бұрын, жаны мен тәнінің үйлесімді дамуын, яғни рухани дамуын жоғары қояды.
Баланың сезімтал ақпарат арқылы табиғи жолмен әлемді тануына мүмкіндік жасау керек. Бұл педагогиканың негізінде баланың ойлауына күш түсірмеу дұрыс деп есептеледі. Бала қоршаған ортаны өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы танып, рухани ақыл-ойының әбден толысқан кезінде өз қалауымен іске асырып, өзі қолдана алатын кезге жету қажет. Бір сөзбен айтқанда, бала кез келген іске мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауы тиіс делінеді, – деп түсіндірді Сафура Сәлімбайқызы.
Маманның айтуынша, Монтессори жүйесі баланың өз бетімен жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл жүйе бойынша баланың интеллектуалдық қабілетін дамыту басты назарда болады және өзін-өзі тәрбиелеу мен өзіне баға беруі маңызды. Баланың кез келген жаттығуды яки тапсырманы орындауында өзін-өзі жетілдіруі ескеріледі. Яғни баланы өз қызығушылығы, құштарлығы, мүмкіндіктері бойынша дамытып, оқыту алғашқы орынға шығады. Мұндай жүйе бойынша оқытылған балалар шығармашыл болады, эссе жазуға бейім тұлға болып қалыптасатынын айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ағымдардың арбау тетіктері әрқилы
Мәселе жекеменшік не мемлекеттік болуында емес
Мемлекеттік және жекеменшік мектептерді салыстырған Сафура Сәлімбайқызы бірінің екіншісінен кем я артық емес екеніне тоқталды.
– Екеуі де бүгінгі заманның талабына қажет дер едім. Себебі, мәселен, жекеменшік мектептерде белгілі бір пән, ағылшын немесе физика, математика, кейбірінде музыкаға басымдық беріп тереңдете оқытылатын болса, жалпы білім беретін мемлекеттік мектептерде нақты бекітілген стандарт бойынша сабақ өтеді. Жалпы екі түрі де білім беру стандартын орындауға тырысады. Бір айта кетерлігі, мектеп таңдауды бірінші сыныпта ғана емес, барлық сыныпта да жекеменшік мектептен мемлекеттік мекемеге немесе керісінше ауысып, баласының білімін әрқалай шыңдауына ата-ананың әрдайым мүмкіндігі бар, – дейді Сафура ханым.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік емес білім беретін мекемелердің саны жылда өсіп жатыр.
Белгілі психолог Оксана Тарнопольскаяның айтуынша, ата-аналар қаржылық жағдайға байланысты таңдау жасауы керек.– Барлығы ата-ананың мүмкіндігі мен принциптеріне байланысты. Олар болашақта балаларын кім ретінде көргісі келеді. Ақылы мектептердің тек ақшасы ғана маңызды емес, мұнда баламыздың қоғамға қарым-қатынасы қалыптасады. Егер балаңыз элиталық мектепте 10 жыл оқыса, бұған тек оқу ғана емес, балалар мерекесі, демалыстар, алмасып оқыту, көңіл көтеру шаралары кіреді. Мұның бәрі ақшаға кеп тіреледі. Жекеменшік мектепте оқыту – адамның өмір сүру образы, – деді психолог Оксана Тарнопольская.
Психологтың айтуынша, қаржысы жетпесе де, баласын оқытуға бар жиғанын беретін ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.
– Себебі, дәулетті отбасынан шыққан балалар секілді сіздің балаңыздың қатардан қалмауы маңызды. Олай болмайтын болса, балаңызды «өмірде ең маңыздысы ақша емес» деген қағидамен тәрбиелеуіңіз керек, – дейді психолог.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның барлық мемлекеттік мектептерінде жан басына шаққандағы білім беру жүйесі енгізіліп келеді. Келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық мектептері осы жүйеге көшеді. Мемлекеттің мектептерге бөлетін қаржысы оқушы санына қарай беріледі. Биылғы мәлімет бойынша, бір баланы оқытуға мемлекет жылына 206 000-300 000 теңге бөледі.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля