Досай КЕНЖЕТАЙ. «ИСЛАМДЫ САЯСИЛАНДЫРУДАН САҚТАУ – ЗАЙЫРЛЫЛЫҚТЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ»

Билік пен қоғам немесе мемлекет пен халық арасындағы ең басты ұстаным ол – құқық. Халық көбінесе бала сияқты өз құқы мен хақын біле бермейді. Оны білдіру мемлекеттің міндеті. Платон айтпақшы «мемлекет – әке, халық – бала». Мемлекет те нормаларының шегі мен шекарасын нақты айқындап беруі тиіс, зорлықпен емес, дәлелді уәжбен, ғылыми таным, зерттеулер негізінде алынған диалогтармен қабылдатуы керек. «Мынау дайын тұрған көршіміздің нормасы, соны пайдалана саламыз» деу әкелік емес, мемлекеттің құлдық психологиясын көрсетеді. Былайша айтқанда бұл әкенің өз отбасы алдындағы жауапсыздығын көрсетеді. Мына қоғамда кім хақын білсе, талап етсе, сұраса, ол адамда «мен» деген ақиқат көрініс тапты деген сөз. Ал егер біреу ешқандай хақын, не хұқын сұрамаса, онда «мен» деген ақиқаттың орнына тобырдың еркі, идеологияның қысымы, авторитаризмнің лебі бар екендігін білдіреді. Жалпы хақ сұрағандыкі, яғни оған қажет еткен талабын беру де бүгінгі зайырлы, демократиялық жүйенің басты шарты.

Сонымен «хақ, хұқ» деген сөздің мәні, мағынасы не? Араб сөзінен енген ұғым, термин бойынша, «белгілі нақты бір ережеге, нормаға сай болған нәрсе», яғни заң түрінде қабылданған нәрсе. Демек хақ дегеніміз рұқсат етілген нәрсе дегенді білдіреді екен. Сонда «хақ, хұқ деген белгілі ереже немесе норма негізінде рұқсат етілген нәрсе» болып шықты. Ал енді сол нормалар қайдан алынады немесе норма, ережелер қалай пайда болады? Адамның қоғамға, қоғамның да адамға қатысты орындауы тиіс нәрселер хақ деп аталады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда хақ дегеніміз бір нәрсені орындау үшін адамның моральдық ерік жігері мен қуаты, мүмкіндігі деген сөз. Сондықтан адам әрбір хақы, хұқы оның басқаларға қатысты міндетін орындауды талап етеді. Саяси тұрғыдан хақ, заң немесе нормалар арқылы берілген акция. Бұл жерде де ережелер мен нормаларға сай болу шарты бар. Сенім, ой, ождан, сөз еркіндігі хақы деген сияқты адамның саяси, әлеуметтік хақтары осы қабаттарға тән. Енді осы хақтарды анықтайтын нормалардың барлығы, қоғамның тіршілігі мен қоғамдық қатынастарды реттеп, бақылап, жүйелеп отыратын ережелер мен заңдарды тұтастай құқық дейміз. Құқық негізінен адамдардың бірге қоғамдасып тіршілік етуінің кепілі. Демек ол табиғи шарт. Сондықтан құқық қоғамда адамның қажеттіліктері мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі үшін бар деген сөз. Ал бүгінгі мемлекет конституциясында осы хақ-құқықтар салыстырмалы түрде қандайда бір басқа елдердің нормалық ережелік сипаты жағынан ешқандай кемшілігі жоқ. Бірақ осы нормалар мен ережелерді реттеу қабылдату мен түсіндіру тұрғысынан, кейбір салада жұмыс әлі басталмаған. Ондай тақырыптар мен мәселелердің басында зайырлылық ұстанымы келеді.

Зайырлылық ұстаным ретінде хақ туралы танымдар мен нормаларды қайта бағалау әрекеті негізінде өткен ғасырларда тарих сахнасына шықты. Исламда зайырлылық ұстанымы адам мен әлем қатынасының хақы мен құқығы ретінде о бастан бар еді.

Жалпы зайыр, зайырлы ұғымы қазақ ресми құжаттарында өткен ғасырда кездесе бастапты. Бұл деген сөз, зайырлылық термині қазақта бұрын қолданбады деген сөз емес. Бұрын Құранның сыртқы яғни, захири және ішкі, яғни батини мағынасы ретінде танитынбыз. Батыстық мемлекет теориялары мен тұжырымдары, принциптері мен идеялары жаханға әсер етті. Батыстағы осы ұғымның ұстаным ба, ағым ба, көзқарас па, идеология ма, жалпы мәні туралы әлі күнге дейін пікірталас тоқтаған емес. Ислам әлемі де өткен ғасырларда осы термин туралы өз тарихи тәжірибелері мен танымдары шеңберінде баламалар ұсынғаны белгілі. Мысалы қазақтар захири, яғни зайырлылық десек, араб әлемі «ла динийа» яғни діннен тысқары, парсы әлемі «ирфанийаға» қарама қарсы сөз ретінде «илманийа» ақлийа деп түсіндіріп жатты. Қазақстан да өзін егемендігін жариялай сала, конституциясына зайырлылық ұстанымын басшылыққа алатын мемлекет ретінде жариялады. Бұл ұғымды «ең басты құндылығымыз» деп таныған және танытқан ойшыл-қайраткерлер де бар.

Бүгін де қаншама зерттеулер тақырыбы осы мәселеге арналып отыр. Әлі де жалғаса береді. Мен бұл жерде зайырлылық ұғымының философиялық, моральдық, саяси және құқықтық қабаттары туралы қарапайым тілмен әрі қысқа тоқталмақшымын. Зайырлылық ұстанымының болмыстық қырлары, күнделікті қоғам тіршілігінде оған қажетті функциялар туралы көптен бері ізденіп келемін. Дегенмен, біздің мемлекеттің конституциясында қазақ мәдениеті, ұлттығы, санасы мен тарихилығы туралы болмыстық негіздер көрсетілмегендіктен, ұсынған зайырлылық функциялары туралы ұсыныстарым сол мәтін қалпында қалды. Бірақ болашақта осы мәтін егемен елге керек болады деп үміттенемін.

Алдымен зайырлылық ұғымының мәні, мазмұны, себептері мен тегі туралы пайымдау үшін де Батыстағы өткен ғасырлардағы философиялық қабаттарына мұқият назар аударған жөн. Батыста философиялық тұрғыдан зайырлылық дегеніміз, иман мен ақылдың шекараларының бөлінуі, иманның ақыл қызметтеріне ешқашан араласпауы керектігін негіздейтін көзқарас. Міне көптеген материалистік түсініктегілер, иманның қызметіне кедергі келтіру немесе иманның функциясын мойындамауды басты ұстаным деп қабылдағандықтан да лаицизмді яғни зайырлылықты ұстаным ретінде таныды. Бұл мәселеде Батыста өзара қарама-қайшы мектептер бар. Олардың тегі ежелгі грек философиясының адам мен Алла қатынасы туралы теориялық көзқарастарына барып тіреледі. Ондағы байланыстар болмысқа қатысты түсіндірмелер негізінен адамның иманы мен ақылының жеке тұрғанда жеке дербес екендігін басты тұғыр етіп алады. Ал исламда адамның «ақылы, жаны, мен-өзі» бәрі тұтастай жүректің функциялары мен сипаттары ретінде қабылданады. Абайдың «..ақыл мен жан, мен-өзім» деген анықтамасы осы исламдағы адам болмысының анықтамасы.

Демек философиялық тұрғыдан да Батыстағы зайырлылық ұғымының мазмұны ислам өркениеті мен мәдениетіндегі елдер үшін басты өлшем бола алмайды деген сөз. Осы жерде зайырлылық ұстанымына өзіміздің құндылықтық, болмыстық ерекшелігімізді негізге ала отырып, мемлекет пен қоғамдық пайданы ескеріп, қазақ мемлекеттілігіне сай анықтама және функцияларын, принциптері мен идеяларын таба білуіміз қажет.

Ең алдымен, Батыстың зайырлылық түсінігіне моральдық тұрғыдан қалай баға бергендігіне тоқталайық. Мораль да философияның ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, моральдық этикалық іс әрекеттердің, тіршіліктің толығымен дін ықпалынан құтылып, иман емес, ақылдың ұстанымдарына, ғылыми дамуларға сүйеніп, жалпы метафизикалық негіздерден аулақ болуды жақтайды. Бұл көзқарас негізінен Э.Дюркгеймнің шығармаларынан орын алған. Ол қоғамды жансыз зат сияқты танығандықтан, имманентті материализмді қолдайды. Яғни, моральдың, білім берудің, мектептің зайырлы болуын, әртүрлі діни ықпалдан азат болуын негіздейді. Оның ойынша моральдың зайырлы болуы «моральдың рационализациялануы» дегенді білдіреді. Дінді екінші орынға ығыстыру, одан әрі ықпалсыз етуге бағытталған кез келген ой, идея, тіршілік ету формасы ол үшін нағыз зайырлы тіршілік сипаты екен. Негізінен мұндай мағынадағы ұғынылған зайырлылық, ол принцип емес дінге қарсы ағым болып танылады. Бірақ зайырлылық ұстанымы, діннен бөлек өмір сүру емес, шіркеу жамағатынан ажырауды, оған тәуелсіз еркін ойлауды мақсат етеді. Дініңді өзің тіке Алламен байланыса алатындай, шіркеудің үстемдігі мен билігінде қалмай, адам екеніңді сезінуге шақырады. Ал енді осы ұстанымды исламмен салыстырсақ, исламда о бастан шіркеу институты жоқ, дін қызметкерлері сатусы жоқ. Дін және ождан бостандығы бойынша да исламда «дінде зорлық жоқ» ұстанымы бар. Біреуді зорлап мұсылман қылу, иманына араласу ұстаным ретінде исламда жоқ. Бірақ соңғы кездері қоғамдағы уахабилік тенденцияның өршуімен, қоғамда адамның иманын өлшеу, таразылау, зорлық зомбылық және көзбоушылықпен өз жамағатына тарту деген құбылыстар кездесіп жатыр. Сондықтан бүгінгі Батыс пен Шығыстағы осы ұқсас құбылыстарды салыстыра отырып, зайырлылыққа түсініктеме жасауға болады. Енді саяси және құқықтық тұрғыдан зайырлылық ұстанымы, билік пен құқықтың негізі ретінде ешқандай құдайлық, діни билікті танымайды. Мемлекеттік билік пен құқық принциптерін кез келген діни элементтерден, оның ықпалынан қорғауды білдіреді. Бұл марксистер мен материалистердің көзқарасы, яғни, атеизм — рухани құндылықтардың жойылуына апарып соқты.

Батыстағы ренессеанс дәуірінде Макиавелли негіздеген бұл саяси зайырлылық танымы кейіннен материализмнің идеология ретінде кеңінен өрістеуіне әсер етті.

Бізде де сол сияқты қазір «зайырлылық-дінсіздік, ол Батыстан келді» деп өре түрегелетіндер қатары көбейіп келеді. Ал шындығында олай емес, керісінше Батыс негізінен жоғарыдағы айтылған дінсіздікпен күрес алаңы. Мысалы Батыстық Европа ренесеанстан кейін ғылымда, философияда бұл жоғарыдағы зайырлылық түсінігінің үстемдік еткендігін көру қиын. Мысалы Ньютонды алып қарасаңыз нағыз діндар адам болған. Декарт, Мальбранш, Лейбниц, Беркли, Локк, Гегел сияқты философтар негізінен өз діндеріне адал, берік болған. Сондықтан Батыс өркениеті зайырлылықтың негізі немесе басты шарты да емес. Рас бұл ұстаным ретінде Батыстан тарихи тәжірибе ретінде шықты. Бірақ жаңа мемлекеттік жүйедегі адамның санасы мен мемлекеттік қатынастардың функциясын анықтау үдерісі әлі жалғасып келеді. Сондықтан бүгінгі «дін мен дүние», «мемлекет пен діннің бөлінуі» деген сияқты анықтамалар да зайырлылық үшін толық сай емес. Дін тек дүниеге қатысты жүйе емес, ол адамның санасында біртұтас, дүние мен ақыреттің көпірі әрі біртұтас құқықтық және моральдық жүйе. Мемлекеттің де, адамның да, қоғамның да моральдық негіздерінде дін жатыр. Сондықтан ол мына тіршілікке де көз жұма алмайды. Олай болса, дін және мемлекет функцияларындағы өзара алатын орындарын нақтылап, шекарасы мен құқықтарын да белгілеп көрсету қажет. Діннің де, мемлекеттің де орталығы адам. Сол адам іштей жікке бөлінбеу үшін де, псиологиялық қысымға түспеу үшін де, өзімен, қоғаммен, мемлекетпен де, дінмен де төзімділікте өмір сүруі үшін зайырлылықты нақтылап алған жөн. Ол үшін де ғылыми, философиялық терең талдаулар мен анықтамалар шарт.

Кеңес кезінде секуляризм практикасы бойынша қоғамды да мына салаларға бөліп те тастаған: Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйесіндегі зайырлылық; 2. Құқық қорғау және әскери қызмет жүйесіндегі зайырлылық; 3. Білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайырлылық; 4. Денсаулық сақтау саласындағы зайырлылық; 5. Мәдениет пен өнерді дамыту саласындағы зайырлылық; 6. Әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі зауырлылық; 7. Экономикалық қатынастар жүйесіндегі зайырлылық; 8. Бұқаралық ақпарат жүйесіндегі зайырлылық… Міне, байқасаңыз, ол кездегі билік те зайырлылықты кеңестік режимдегі идеологияға сай тұжырымдаған.  Онда құқықтық ұстаныммен қоса, тек мемлекеттік институтты ғана емес, тұтастай қоғамды да көктеп өткен. Осылайша кеңестік режим зайырлылық ұстанымын күрделі идеологиялық сала ретінде түсіндіруге тырысып бақты.

Дін мен саясат, дін және мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұстанымының негізгі өлшемдері туралы айтқанда Қазақстандық қолдану аясы мен анықтамасы жөніндегі проблемаларды қамтыған жөн. Қазір егемен еліміздегі дін және мемлекет қатынасы туралы тұжырымдар мен түсініктер негізінен қалыптасып үлгерді. Дегенмен, сыртқы феноменологиялық деңгейде қалып отыр, әрине.

Дін мен мемлекет құбылысының ортақ қырлары бар. Дін деген ол терең мәнді экзистенциалды құбылыс. Атақты ғұлама «Батыста Аверроис» ретінде танылған Ибн Рушдтің «Фасл ал мақал фима байна ал хикмати уа аш шариғати мин ал иттисал» деген еңбегі бар. Сол еңбекте дін құбылысының табиғатын философиялық, ақли-рационалды және экзистенциялды негізде түсіндіріп берген. Онда ислам әлеміндегі өзара қайшылықты пікірталастардың төркінінің адам табиғатына нақты талдау жасалынбағандығынан туатындығын негіздейді. Тафсир мен тауил қатынасы, дін мен мамандар байланысы, мемлекет пен дін туралы өзекті болмыстық мәселелерді де қаузаған. Расында адамның бәрі бірдей дін құбылысын тани алмайды. Сондықтан Ибн Рушдтің ойынша, Құранда көрсетілген үш түрлі адам типіне қарай дін құбылысын ашық түрде жариялап, оны мемлекет қадағалап отыруы тиіс. Яғни дінді «хатаби, жадали және бурхани» методтармен жеткізу шарт. Хатаби ол қарапайым халыққа фиқх-ислам құқы туралы ашық әрі жалпы танымдық тұрғыдан берілсе; жадали ол һәм теориялық және ғылыми ойлы қауым қабатына берілетін танымдар; бурхани ол философиялық методологиялық негізді қамти алатын, Құран тілімен айтқанда тауилді меңгергендерге ғана тән даналық-инттеллектуалдық танымдар. Осы үш қабат, дін сырлары мен танымдық ақпараттарын өзар тең бөлісе алмайды. Оған олардың өресі мен деңгейі тең емес. Осы сыр ашылса, араларында фитна, қауға, дұшпандық туындайды. Бірін бірі ширкпен бидғатпен, күпірлікпен күстаналап, бәрі исламды «қорғауға» бел шешіп аттанады.

Діни танымда да бас басына муфтилер көбейді. Демек ғылыми танымдық тұрғыдан дін мен философия, дін мен мемлекет қатынасын талдап өмірге қолдану сатысына өтуіміз қажет. Осы орайда мемлекет пен дін қатынасы туралы да бір ойды қоса кеткен артық болмас. Қазақ елі мемлекеттілігінің баяндылығы мен болашағы үшін оның құрушы мәдениетімен байланысының тетіктері ғылыми, саяси және болмыстық негізде құрылуы қажет. Бұл қабаттарды зерттеу әрі оны бүгінгі қоғамда, осы уақытта қолдану кез келген биліктің бірінші мәселесіне айналуы шарт. Ол үшін де «не» деген сұрақтарды жауаптау маңызды. Сондай мәселелердің басында бүгінгі билік үшін дін құбылысы тұр. Енді дін құбылысының «не» екендігі, яғни мәні мен маңызы, жахандық және отандық саясат тұрғысынан да белгілі. Мәселе осы құбылыстағы тетіктер мен оған деген қатынастағы «білу, тану, сезу» сатысы туралы болмақ. Ол дегеніңіз тікелей осы құбылыспен айналысатын билік, мемлекеттік институттардың дінге деген саясаты мен кадрлық әлеуетіне тікелей байланысты. Тәуелсіздігімізбен бірге діни орталықтандыруды шешу мақсатында ҚМДБ құрылуы, Дін істері агенттігінің, кейіннен комитет ретінде мемлекеттік институтқа айналуы, министрлікке өзгеруі, заңымыздағы «Ханафи мазхабы» тарихи миссиясының орын алуы, зайырлылық ұстанымының «құндылық» дәрежесінде анықталуы т.б. құбылыстардың тарих болып көз алдымызда үдеріске айналуы бұл «дін құбылысының» мәнін дұрыс бағамдау мен тануға деген қажеттілікті көрсетеді. Мәселе білу мен тану және сезіну үштігіне келгенде тағы да кадрға барып тіреледі. Бізде кадрлар, дін құбылысын тану тұрғысынан «онтологиялық және саяси» платформаларда біріге алмайды: Бірі дінді болмыстық тұрғыдан қарастырады, олар дін мамандары. Екіншілері дінді саяси тұрғыдан сараптайды. Бұлар ұлттық қауіпсіздік мамандары. Осы екі танымдық қабаттар арасында қайшылық туындап жатады. Мұны мемлекет басшысы біліп отыр, «терроризммен күресеміз деп жүріп, исламмен күресіп кетпеңдер» деген сөзі осы құбылысқа дәлел. Мәселе тану мен сезуде жатыр. Мұның орталығы әрине кадр, маман, яғни адам факторы. Осы дін мәселесі төңірегінде қоғамдағы және мемлекеттік институттардағы діни ахуалды зерттеу үдерісінде болсын, әлеуметтік бағалауда болсын, аймақтық «әсер және кері әсер» қабаттарында «дилемма» орныққандығын байқауға болады. Бұл дилемма әсері қоғамдық институттан да мемлекеттік институттарда да белең алғанын айтуымыз керек. Меніңше бұл дилемма бастауы мемлекет пен дін қатынасындағы «зайырлылық» ұстанымына деген көзқарас қайшылықтарында жатыр. Қоғамдық институт өкілдері мен мемлекеттік институт өкілдері зайырлылық ұстанымын өздерінше танымдық, эпистемиологиялық тұғырнамада түсінетіндіктен, сыртқы халықтың танымында бірізділік қайдан болсын. Қарапайым ел азаматтары тұрмақ, мемлекеттік институттардағы құқық, юстиция, білім беру, дін істері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында осы мәселедегі танымдық бірізділік идеялық және принциптік деңгейде шешілмеген. Содан барып, жахандық саясиланған дін шаблондарынан арылу былай тұрсын, өзіміз қазір дінді саясаттың орталығына айналдырып жібердік. Қазір іс жүзінде ел аумағындағы барлық «ішкі саясат бөлімдерінің» басты тақырыбы осы дін төңірегінде болып отыр. Дін арқылы мемлекеттіліктің баяндылығын да, мәдениетті де, тұрақтылықты да, саясатты да шешеміз деу қаншалықты ақылға қонымды? Рас дін құбылысы адамды қоршаған танымдардың бірі әрі бірегейі. Ол мәдениеттің мазмұны, адамды қалыптастыратын негізгі құндылықтық институт. Бірақ зайырлылық қайда қалды? Жарайды, бұған жахандық саясаттың, содырлардың, терроризмнің, экстремизмнің ықпалы бола қойсын, бірақ, біздің елде бұлар тек қана діни мәселеден туындап отырған жоқ. Бұл жастардың жұмыссыздығы, әлеуметтік теңсіздігі, шарықтау деңгейіндегі коррупция, мемлекеттік бедел, құқықтық үстемдігіне деген сенімсіздік сияқты психологиялық үрей мен тұжырымдар. Бұлар жеке арнайы сала ретінде қарастырылмаса, бұл бағыттың ертең жарға соғары даусыз. Сосын аз қазақты дін тақырыбында, дәстүрлі және дәстүрлі емес мұсылмандар ретінде бөліп, өзара үрей туғызып, бір біріне деген сенімсіздікті көріктеу, «сен мен» дегізіп, интернетте болсын, қоғамда болсын, отбасында болсын «теке-тірестіріп» қою кімге тиімді? Бұл тұрақтылықты қамтамасыз ету ма әлде, диалектикалық басқару ғана ма? Жоқ әлде бұл бөлінген ақшаны жарату тетігі ма? Қоғамда пікір алуандығы болғаны дұрыс. Бірақ бұл табиғи негізде болса, құба-құп. Ол қауіпсіз, керісінше пайдалы құбылыс. Мысалы «дәстүрлі және дәстүрлі емес» топтар арасында пікір қайшылықтары екі жақтың да ортақ жол табуына, өзара білімін жетілдіруіне, ықпал еткен болар еді. Егер мемлекет тек қана «бақылау мен бағыттауды» қамтамасыз етіп отырса. Ол үшін ең бастысы, мемлекеттік институттар мен қоғамдық институттар арасында сенім деген құндылықты негізгі тұғыр ретінде орнатып, ғылыми танымды іске қосқан абзал деп білемін.

Дін арқылы жастарды, жастық энергияны бөлшектеуге болмайды, дін арқылы қазақты бөлуге болмайды. Демек дін мен мемлекетті бөлушілікке емес, бірлік идеясына назар бөлгеніміз абзалырақ. Себебі мемлекет болмыссыз мәңгілік бола алмайды. Оны кешегі «жетпіс жылдық кеңестік атеистік идеология» дәлелдейді.

Түйіндей келе, қазақ болмысы, әлімсақ арқылы исламмен сомдалған. Ислам қазақ болмысының мәні, өзі. Одан қашып құтылу емес, керісінше, зайырлылық арқылы ислам қабаттарына кең есік ашу қажет. Бізге қалғаны осы ұстанымды дұрыс жеткізу ғана. Исламды саясиланудан сақтау зайырлылықтың ең басты міндеті, қызметі. Осы жағы олқылықтарымыздың басында келеді. Негізі табанды стратегиялық, ғылыми және құқықтық платформаларды комментарии жасауды кешеуілдету бүгінгі егемен елдігімізге деген жауапсыздық. Егемендік — ең басты құндылығымыз. Егер «Мәңгілік ел» басты идеямыз болатын болса, онда осы негіз, яғни зайырлылық барлық қателіктер мен ағаттықтарды ақтап алатын ұстаным.

0

Автор публикации

не в сети 1 неделя

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 859Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля