ДІНИ ТӘРБИЕ – ТАРИХИ САНАНЫҢ МӘЙЕГІ

Іргесі  берік, бірлігі жарасқан елдің берекесін кетірер теріс  дін, теріс көзқарас —  қоғамның  дауасыз дертіне айналды. Әлемдегі барлық діндер  бейбітшілік, әділдік сияқты  құндылықтарға  негізделген. Солардың ішінде  әділдік пен мейірімділікті ту еткен – Ислам діні.

Дін — қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Дінсіз қоғам — діңгегі әлсіз, мінбері мәнсіз, дәстүрі дәнсіз орта. «Иманы кеткеннің жинағаны кетеді» дегенді терең түсінген текті бабаларымыз Аллаға «Жинағанымды алсаң да, иманымды алма» деп дұға жасаған. Қоғамның ең басты байлығы — адам болғандықтан, адамға тура жол көрсеткен діннің орны ерекше. Қазақты исламға сенген ұлттық рух қана құтқара алады. Ал, ұлттық рух пен ұлттық болмыс дегеніміз не? Ол ана сүтімен сінген ана тіліміз, асыл дініміз, тарихымыз, ғасырлардан бері жасап келе жатқан әдет-ғұрпымыз. Қазақ қанша қиыншылық көрсе де, тіл мен дінін жоғалтпаған халық.

Кез келген ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты екені аян. Қазіргі кезеңде мұхиттан соққан дауылдай жағалауды дамылсыз ұрғылап, жер — жаһанға жылжып келе жатқан жаһандану дүлейі біздің елімізде де шарпымай өтуі мүмкін емес. Ол — әлем халықтарын ұлттық салт-дәстүрлерінен, мәдениетінен, тілінен, ділінен, жалпы, ұлттық ерекшеліктерінен, халықтық руханиятынан айыратын, олардың ұлт ретінде өмір сүруін тежейтін, тіпті жойылып кетуіне бастайтын ғаламдық қауіп. жаһандану үрдісіне өзінің ұлттық  менталитетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, ділін сақтай білген халық қана төтеп бере алады. «Сақтансаң сақтаймын» дегендей, бүкіл ел болып, халық болып сақтансақ қана жаһанданудың дүлей күшінен аман қалатынымыз айдай ақиқатқа айналып отыр. Ар-ұяттан, адамгершілік асыл қасиеттерден жұрдай тәні жалаңаш, тек ақша мен табыс табуға негізделген батыстың  «озық мәдениетіне» бой алдырмау үшін біз әуелі жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға, мәдениетке, ата-бабамыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына, адамгершілік қасиеттеріне, ұлтын сүйетін ұлтжандылыққа, елі мен жері үшін күресетін патриотизмге тәрбиелеуіміз керек.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», — дейді ұлы суреткер М.Әуезов. Олай болса, жаһанданудың дүлей толқындарына жұтылып кетпей қазақ болып қаламыз десек, тілімізді, дінімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз керек. Ана тіліміз, ата дініміз, ұлттық тәрбие — ұлттық мүддеге, мемлекеттік игі мұраттарға, байтақ еліміздің ең үлкен байлығы саналатын көпұлтты халқына, олардың береке-бірлігіне, ырысты ынтымағына қызмет ететін рухани құндылықтар. Олай болса, осындай маңызды мәселелерге көңіл төрінен орын берген жөн.

Дін қай заманда да қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды мәселенің бірі болды. Қазіргі кезеңде ислам қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Осы арқылы ұлтымыз дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуда. Тәуелсіздікке қолымыз жеткелі руханият саласының алдында халық рухын, ұлттық дүниетанымды қалпына келтіру мақсаты тұр. Қанша экономикалық және саяси жетістіктерге жетсек  те, мәдени  өркендеусіз өркениетті елдер қатарына қосыла алмайтынымыз айқын. Қазақылықты немес ұлттық рухты анықтауға тікелей қатысы бар басқа да қасиеттер болуы мүмкін. Бірақ дәл дін секілді тұтастыққа, бірлікке шақыратын ұғым жоқ. Ендеше дәстүрлі дініміз арқылы бұрымды қыздарымызды ұятты, тұлымды ұлдарымызды зиятты тәрбиелеп, келешегіміздің кемелдігіне ат салысайық, ағайын!

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля