Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі

Кез келген ұлттың өркениеті мен мәдениеті ғасырлар бойы жинақталған, бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық-рухани құндылықтардың негізінде қалыптасады.

Бүгінде сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығарып, оны ширк немесе бидғат, тіпті харам, шариғатқа қайшы деп жүргенбауырларымыздың дені өзіміздің қаракөздеріміз екендігі қынжылтады. Иә, сауатымыз әлсіз болған соң кім көрінгенге еріп, сөзіне сеніп, дініміз бен дәстүрімізге күмәнмен қарап, тіпті теріске шығарып, оның барлығы қате, дұрыс емес деп адасып жүргендерде бар арамызда.

Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Заманына қарай адамы дегендей, дәстүрдің де озығы, тозығы бар. Десе де, бабаларымыздан бүгінге дейін жеткен дәстүрлерді жоққа шығару халық арасында ірткі салумен тең.

Қызына ұлттың ұяты, ұлына ұлттың намысы ретінде қараған халқымыз үшін ар-намыс ең басты құндылық болып келді. Бұл жерде де қазақи ұяттың түп-қазығын иманнан, әдептілік пен әділдіктің бастауын діннен көреміз.

Дін – адамзат баласының Алла Тағала алдында жаратылғандағы адамдық келбетін сақтап қалудың негізгі факторы. Сондықтан, дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы болып саналады. Яғни, біз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарауға мүлдем болмайды.

Данышпан Абай атамыз: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық – аздырар адам баласын», — деп текке айтпаған. Дін жоқ жерде, бір Жаратушының бар екеніне сенім болмаған қоғамда, адам баласының бойынан қорқыныш сезімі кетіп қалады екен. Ал, жүрегінде қорқынышы болмаған жан ойына келгенін жасап, обал-сауап дегенді мүлдем ұмытып, жоғарыда айтылған «мұңсыз» кейіпте өмірін өткізетіні ақиқат. Асыл текті бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп неге айтты?

Тарихымызға тереңдей көз салсақ, сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз ислам мен әдет-ғұрыптарымызды сабақтастырып, күні бүгінге дейін мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді. Ислам құндылықтарымен біте қайнасқан қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлтты ұйыстырып, халықты ынтымағыменбаурап келеді. Өзара сабақтасып, үндесе білген дін мен дәстүр бүгінге дейін үлкен маңызға ие болды.

Ислам діні және ұлттық құндылықтар – қазіргі қоғамдағы ең көкейкесті мәселелердің бірі. Әрине, еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін мәдени мұраға басты құндылық ретінде айрықша назар аударып, имандылыққа бет бұра бастағаны – бесігіміздің түзеле бастағанының айғағы. Өкінішке қарай, асыл дініміздің атын жамылып, хақ дінді қаралап, халыққа теріс ақпарат таратып, ел санасында үрей философиясын негіздеуге ниет еткен жат ағым өкілдерінің ортамызда өмір сүріп жатқаны – ащы да болса шындық.

Еліміз егемендік алған алғашқы кездері қазақ қоғамының жан дүниесі, діни сауаттылығы кешегі Кеңес үкіметі ықпалынан белгілі бір деңгейде әлсіреп қалған болатын. Яғни, халықтың діни сауаты төмен дәрежеде болды. Осындай нәтиженің салдарынан, түрлі деңгейдегі ағымдар мен жаңа діни бірлестіктердің саны артып кетті деп айта аламыз. Ол тек саны жағынан артып қоймай, оның жақтаушылары мен мүшелері де көбейді. Өкінішке орай, бұларға тосқауыл болатын сол уақытта біздің қолымызда Абай, Шәкәрім сынды рухани лидерлеріміздің дінге сіңірген еңбектері тапшы болды. Жастардың діни сұранысына жауап беретін дәстүрлі Исламмен өзге дінді немесе бағытты ажыратып беретін ғалымдар да аз болды.

Қазіргі таңда дінге бет бұрған жастарымыздың арасында шет ел асып, тура жолдан адасып жатқанадары көп. Осындай оқиғалар соңы жат елде алып жатқан ілімінің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, ел арасына іріткі салушы жастар қатарының көбеюімен аяқталып жатыр.

Діни сауаты кешегі атеизм мен исламның ортасында қалқып тұрған қазақтың кез-келген азаматы осы теріс пиғылды ағымдардың тұзағына түскендерін аңғармай-ақ қалады. Енді, не істеу керек? Бұл жерде діни сауатсыздықпен күресіп, жастар санасының улануының алдын алу маңызды. Өйткені «іштен шыққан жаудың» қазақта қандай жаман атқа ие екендігін біз жақсы білеміз.

Дін арқылы ұлттың ұйытқысына айналған салт-сананы тәрк ету – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отыр. Шындығында, діни және ұлттық құндылықтар бір-біріне қарама-қарсы келмейтін, мақсаты ортақ жүйе.Екеуі де Әл-Фараби бабамыздың трактатындағы«Бақытты қала тұрғындарындағы» бақытқа жетелейтін руханияттың саулығы, адамгершілік, имандылық сынды асыл мұраттарды бойына жиған білім мазмұны.

Асылында, ұлттық құндылық дегеніміз – тарих көшінде ұлттың тірнектеп жинап, кейінге қалдырған тіл, дін, тарих, фольклор, көркем әдебиет, әдет-ғұрып сынды рухани мұрасы.

Тіл, діл, дін. Осы триада сан ғасырлар бойы халқымыздың мәдени, рухани-имани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігінің негізі ұйтқысы болып келді. Ендеше, ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі мен ұлттық мәдени мұра әрбір адамның ой-санасында және жан дүниесінде, болмысында, қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс.

Бұл жерде ұлтымыздың дүниетанымдық көзқарастарын, ұлттың өзіне тән бітім-болмысын, жан-дүниесін, қазақы ойлау жүйесін, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін өткен тарихымызға үңілудің қажеттілігі зор. Өйткені, қазақ халқы өз басынан өткізген отарлық езгі тұсында ұлттың рухани қазынасын тонатып алған болатын. Екінші жағынан, еліміз тәуелсіздік алып, мәдени мұрамыз халықпен қайта қауышар тұста пиғыл-ниеті бөтен жат ағымдардың соққысына ұшырады.

Бұл – елдегі рухани сана дағдарысы немесе ұлтсыздықтың, яғни, ұлттық құндылықтардыңаяқ асты болуының көрінісі. Ал, оны қалпына келтіру, теріс пікірден, құлдық түсініктен арылтып, еліміздің қаймағы бұзылмаған ұлттық болмысын қайта қабылдауына ықпал ету – әр қазақтың азаматтық міндеті.

Ел ынтымағының ұйытқысы болып отырған ұлттық дүниетанымымыз бен дәстүр, әдет-ғұрып сынды киелі ұғымдарымызға адалдық танытуымыз – ел ертеңінің кепілі. Өйткені,жаһандану заманында дәстүріне иелік ете алмаған елді жаһандық үдеріске жұтылудан өзге еш нәрсенің күтпейтіні аян.

Қазақ халқында «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген нақыл бар. Елдегі біраз жастардың адасып, теріс ағымның соңына ілініп кетуі – бұл бүкіл қоғамның кінәсі, қоғамның дерті. Қай заманда болсын қазақ халқының жер бетінен жойылып кетпей, жұрт болып қалыптасуының негізгі факторы – діні мен дәстүрі болды. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның.

Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Асыл дініміз исламнан бастау алған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз – ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін құндылықтар. Бабаларымыздың сан ғасырлардан бергі ұстанған діни жолынан ауытқымай, дәстүрлі емес діни ағымның жетегіне ермей, бірлігімізді сақтайтын болсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Асыл дініміз қолдап тұрған ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуіміз қажет. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтарымыздың қадіріне жетейік ағайын.

М.Құбышевтің

Атырау облысы Дін істері

басқармасы Ақпараттық-талдау

орталығының басшысы

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля