Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр

Мемлекет басшысы 3 қаңтарда газетімізге берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс», деді. Халықты біріктіретін, ынтымаққа ұйытатын елдік құндылықтардың бірі – сенім, яғни дін десек, қателеспейміз. Өкінішке қарай, кейінгі кезеңде түрлі күштер дінді қоғамды біріктіру жолына емес, жік салу мақсатына пайдаланды. Оның салдарын біз әлі күнге көріп те келеміз. Осы орайда елдің жанын ауыртқан, зиялыларға қам жегізген діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Елдік құндылықтар – дін мен діл, дәстүр мен білік үйлесімін лайықты кәдеге жаратып, халықтың ынтымағын арттыру үшін не істеу керек? Газет редакциясы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды. Жиынға «Отандастар» қорының президенті, Төтенше және өкілетті елші Абзал Сапарбекұлы, абайтанушы, ІТ саласы маманы Сұлтан Ыбыраев, ҚМДБ Діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD, күрделі уақытта Атырауда өкіл имам болған Батыржан Мансұров, дінтанушы, философия ғылымдары­ның кандидаты Кеңшілік Тиышхан, дін саласындағы мемлекеттік сая­сат сарапшысы Ержан Байбол қатысты. Шараны «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Дәстүрді дәріптеу маңызды

– Бұл жиында көтергелі отырған тақы­рыбымыз қоғамның бүгінгі тірші­лі­гі үшін де, елдің ертеңі үшін де аса маңызды. Дін мен діл, дәстүр мен білік – қай заманда болсын маңызы мен мәнін жоғалтпайтын елдік құндылықтар. Таяу­да газетімізге берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы, сапалы ұлт туралы келелі ой-пікір айтты. Ұлттық құндылықтарды дамыту, елдің рухани бірлігі мен берекесі маңызды екенін атап көрсетті. Бүгінгі қоғамда дінді құндылық және өмір салты ретінде ұстануда қордаланған мәселе көп. Сіздер мұны жақсы білесіздер, тіпті осы жұмыстың қайнауында жүрсіздер. Біліктеріңізді жұмсап, оңтайлы шешуге атсалысып та келе жатырсыздар. «Жалпы, елдегі дін саласына келең­сіздіктер қашан келді?» деген сұраққа жауап беру үшін тарихымызға барлау керек. Кез келген нәрсе себепсіз болмайды. Бірақ біз, Президент айтқандай, озық ойлы ұлт ретінде алға қарауымыз қажет. Бұл – бұрын қателікке ұрынған бауырларымызды шетке теппей, олқы­лық­тарымызды түзеуге әрекет жасап болашаққа дұрыс қадам басуды талап ететін жол іздеу деген сөз. Ұлт басылымдары осы проблемаларды шешу мақсатында дәйекті ой-пікір айтып, қоғамды саламаттандыруға үлес қосып жүр. Бүгінгі мақсатымыз да – «Egemen Qazaqstan» газеті мен интернет-сайты арқылы жүз мыңдаған оқырманға сіздердің сөздеріңізді, ойларыңызды жеткізу.

Бірінші кезекте ұлттық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды қалып­тастыруда дін мен қоғамның үйлесімі туралы пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар. Дін мен қоғам қалай ортақ тоқтамға келуі керек және бүгінгі проблемалар неден туындап жатыр? Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Бүгінде әлеуметтік желілерде елбұзар қилы ой-пікір айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме, әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Мұның елдің бірлігіне қатері қандай? Шыны керек, бүгінгі жұрт дінге секеммен қарайды. Дін саласы әлі де жүйеленіп, бір арнаға түсе қойған жоқ деп ойлайды. Біз қоғамның айнасы болғандықтан, қарапайым халықтың бұл секемі мен күдігіне мамандарды тартып, жауап бергеніміз жөн. Қоғамды біріктіруші, бейбітшілікті уағыздаушы діни құндылықтар соңғы уақытта көбіне негативті сипатта да айтылып жатқанын байқаймыз. Мұның қаншалықты зардабы бар? Дін халықты біріктіруші емес, адамдарды бір-бірінен алшақтататын күшке айналып кетпей ме? Осы сұрақ­тар­ға жауап ретінде алғашқы сөзді мүфтият өкілі, дін қайраткері Батыржан мыр­заға берсек.

Батыржан МАНСҰРОВ: – Бүгін ғасырдан астам тарихы бар газет төрінде қоғамдағы өзекті де жа­уапты мәселе туралы кеңесіп отырмыз. Дін, діл, дәстүр – халқымыздың жаны мен жүрегі. Біріншіден, Мемлекет басшысының жыл басындағы сүбелі сұхбаты елге пайдасы тиген, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берген мәні терең әңгіме болғанын атап өткім келеді. Дін саласының мамандары да оны оқып, елдік ұсыныс-ойларды түртіп алып, әртүрлі деңгейдегі жиындарымызда насихаттап жатырмыз. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масы алғаш құрылған сәттен бас­тап қоғаммен етене жұмыс істеуді мақсат тұтты. Ата-бабамыздан бізге мұра асыл дінімізді қалай өркендетеміз, қалай халыққа жүйесімен жеткіземіз деген мақсатта маңызды жобаларды іске асырып келеміз. Мүфтият 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп белгіледі. Өйткені дін мен дәстүр – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажырату дұрыс емес. Осы жыл аясындағы іс-шаралардың алғашқысы таяуда киелі Түркістан шаһарында ұйымдастырылды. Конференциямызға елімізге танымал зия­лы қауым өкілдері мен дін саласының білікті мамандары қатысып, «Ислам және дәстүр құндылығы жылының» шы­мыл­дығын ашып берді. Дін мәселесіндегі келеңсіздіктерге келсек, өкінішке қарай, қоғамды алаң­датарлық сын-қатер баршылық. Ай­талық, 90-жылдары ата-баба сені­мі­мен қуана қауышқан халқымыз дін десе, емешегі езіліп тұратын. Намаз оқи­мын деген адамға дереу жайнамазын ұсынып, тіпті таза сүлгісін беріп, құрмет көрсететін. Ал бүгінде намазханнан «Қай бағытты ұстанасың?» деп секемденіп сұрайтын халге жеттік. Оның басты себебінің бірі – тәуел­сіздік жылдары жұрттың әл-ауқа­тын көтереміз деп, рухани саланың са­ла­мат­ты­лығын қолдан шығарып алдық. Тиісті бақылаудың жоқтығынан «діни білім аламыз» деген жастар Пә­кіс­тан, Иран, Сауд Арабиясы, Мы­сыр, Түркия, т.б. мұсылман елдерінің қилы бағыттағы діни оқу орындарына талғаусыз түсіп, көптеп білім алып жатты. Өкінішке қарай, дін үйренемін деп шекара асқан сол жастарымыз бойындағы дәстүр құндылығын жоғалтып алды. Елге қайтқан соң, өз­де­рі оқыған жердің дінін ғана емес, жат мәдениетін де насихаттай бастады. Яғни әрқайсысы түрлі мектептің өкілі болып оралды. Олар діннен сауатты болғанымен, дәстүрімізден бейхабар еді. Содан жат мәдениет пен салт-дәстүрді бізге тықпалауға көшті. Ал елдегі қара­па­йым жұртшылық шетелде оқы­ған деп солардың аузына қарап, уағы­зын бойларына дарытты. Сал­дары­нан қоғамда діни дүрдараздық туындады. Сондықтан бұл проблеманың алдын алудың және қалыптасқан ахуалды түзетудің бірегей жолы – дәстүрді көбірек дәріптеу. Мен PhD докто­­­ран­­­ту­раны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде оқып, хадистер мен қазақ мақал-мәтелдерінің байланысын зерттедім. Егер ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мақалдарымыздың түбіне үңілсек, пайғамбар хадистерімен үндесіп жатқанын көреміз. Қазақтың тыйымдары мен ырымдары, салт-дәстүр құндылықтары – бәрі де дінмен сәтімен ұштасады. Біз халыққа дінімізді насихаттауда дәстүрді де қоса айтып, дін сала­маттылығын, діл дұрыстығын орнық­тыра аламыз. Бір ғана мысал айтайын. Бала күні­мізден дастарқан үстінде нанның қиқы­мын жинап жеп қоюшы едік. «Нанды жерге тастауға болмайды, обал болады» деген сеніммен өстік. Бұл – ата-бабадан жалғасқан дәстүрдің бір көрі­нісі. Енді астарына үңілсек, дәл осы мәселе хадисте де айтылғанын көреміз. Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.): «Нанға құрмет көр­сетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тара­пынан аспанның берекеті болып бізге келген. Ал кімде-кім жерге түскен қиқымды алып жейтін болса, оның күнәсі кешіріледі» дейді. Қазақ осындай хадистерге сүйене отырып «нанды баспа», «обал болады» деп ұрпағын тәрбиеледі. Дінсіз қоғам болмайды Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: – Бүгінгі көтеріп отырған тақы­ры­бы­мыз «жат ағым», «деструк­тивті діни топтар» жайында дабыл қаққан қоғам сынынан туындап жатқаны аян. Тари­хымызға қарасақ, ел алдында жүр­ген зиялы қауым өкілдері қашан да ру­хани салада ненің керек, ненің жат еке­нін айқындап берді. Солардың пара­саты мен санасынын өткен дү­ние ха­лықтың жүрегіне жетті. Осы орай­да, Абзал Сапарбекұлы, келесі сұрақты өзіңізге қойғым келіп отыр. Бірқатар мемлекеттік қызметте істе­ді­ңіз, еліміздің Түркиядағы елшілігін басқардыңыз. Бізбен діні бір, тілі мен дәстүрі ұқсас, тарихы ортақ бауыр­лас Түрік елінің дін сала­сындағы же­тіс­тік­те­рі қандай? Олардың осы са­ла­дағы оң тәжірибесі біз үшін өте ма­ңызды.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 7 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 876Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля