Жақсылық та, жамандық та адамның өзінен

Қазіргі заманда адамның ойлау қабілеті өзгеріп, адамның адамгершілігін байлықпен өлшейтін уақыт келіп  жеткендей.  Біз күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, адамзат баласы үшін жақсылық пен жамандықтың орны ауысып кеткендей. Өйткені көшеде бір жамандықты көрсе, оны тоқтатуға ешкімнің құлқы болмайды немесе сол істеп жатқан жамандығын айтып тоқтатсаң, бетіңе бажырайып қарап ұнатпайтын сөзсіз. Аллаһ Тағала бұл жайында Құранда Лұқман Хәкімнің өз ұлына айтқан өсиетін мысалға келтіреді. Сонда Лұқман өз ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу үлкен күнә, – деді. О, ұлым! Қыманның дәніндей нәрсе жартастың ішінде болсын, не аспандар да, не жерде болсын, Аллаһ оны алып кетеді. Шынында, Аллаһ өте жұмсақ әрі әрбір нәрседен хабардар. Уа ұлым! Намаз оқы, жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тыйым сал! Өзіңе келген қиындыққа сабыр ет. Шындығында солар – ең шешімді істер. Жүзіңді адамдардан бұрып,  жер бетінде менменсіп жүрме. Расында, Аллаһ тәкаппар-мақтаншақтарды ұнатпайды. Аяғыңды аңдап басып, даусыңды бәсеңдет. Шындығында дауыстардың ең жаманы- есектің дауысы”-деген екен.(13-16-19 Лұқман сүресі.)

Осы бір құран аяттарының ішінде адамға керек нәрселердің барлығын атап көрсеткен. Осындай жаман қасиеттердің адам бойында болатынын, одан жақсы амал арқылы арылуға болатынын атап көрсетті. Ал пайғамбарымыз с.а.с.:”Жанымды алақанында ұстаған Аллаға ант етемін, не жақсылыққа бұйырып, жамандықтардан бас тартасыңдар, әйтпесе Алланың азабына душар боласыңдар, Сол кезде жалына, жалбарына дұға етесіңдер, бірақ дұғаларың қабыл болмайды” деген. («Күтүбү Ситта» 92-б. Тирмизи, «Фитән» 9).

Біз өмір сүріп жатқан қоғамда  алуан түрлі адамдар өмір сүреді, оның ішінде адамгершілігі жоғары, имандылық сусынымен сусындаған, рухы биік адамдар баршылық, сонымен қатар әр қоғамда да рухани азған, адамгершіліктен жұрдай, бір мысқал имандылығы жоқ  адамдар да болады. Пайғамбарымыздың с.а.с. хадисінде: «Алла Тағала көпшіліктің істеген күнәсінің кесірінен кінәсіздерді жазаламайды. Тек араларында күнәнің істеліп жатқанын көріп, мұмкіндіктері бола тұра, оған кедергі болуға тырыспағандар өз жазасын алатын болады» деп күнәға кугер болатындарды да дер кезінде ойлануға шақырады  (Ахида,192).

Жақсылық – адамзат баласының өмір бойы ұмтылатын асылы, құндылығы іспеттес. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан аулақ болу – мұсылманның басты міндеттері. Қазіргі қоғамда адамдар арасында өзінің салиқалы сөзімен ісі дәл келетіндер өте аз, керісінше қисық сөйлеп, сені сынап-мінеп тұратындар, одан қалса өздерінің ішіп, жегенін биәдеп сөздермен  өрнектейтін адамдардың бар екендігін күнделікті өмірден көріп, біліп жүрміз. Бұл іс-әрекеттер адамзат баласының рухани азғындауына әкеп соғады. Ата-анасын сыйламайтын бала, баласын баға алмайтын ата-ана осыдан келіп шығады. Біз айтып отырған бұл әрекеттер қоғамдағы түйткілді мәселелердің кішкентай бір ғана бөлігі, айтылмаған қаншама нәрселер бар. Аллаһ Тағала Құран-Кәрімде: «Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз» дейді. Қаһф-30. Жақсылық жасаған адамның ырысы, берекесі молая түсетінін осы аяттар дәлелдей түседі.

Біз мұсылмандар Аллаһ Тағала Құранда да, хадисте де “мұсылман мұсылманның бауыры, өзіне жақсы көрген нәрсені мұсылман бауырына қаламайынша толық иман келтіре алмайды” деген хадистерді көптеп білсек те, оған амал ету өте қиын болып тұр. Бұл қасиетті сөздерге амал етпек түгілі құлаққа қыстырмайтындаймыз. Өйткені адам жүрегі өлі жүрекке айналғанда, қанша жақсы сөздерді айтса да әсер ала алмайды, жүректері мәңгүрт, меңіреуге айналады. Біз адамдарға қанша уағыз айсақ та ол уағыздар далаға кетіп жатқандай, сол айтылып жатқан сөздер күнделікті өмірде айтылуы тиіс сияқты, бірақ оған амал ету еш керек  еместей көрінеді. Менің бір досым айтқандай, біз қанша уағыз айтып адамдарды жақсылыққа шақырамыз, неге олар Аллаға бойұсынып, жамандықтан тыйылмайды. Әлбетте біздің міндет -жақсылыққа шақыру, ал жүрекке әмір жүргізу Аллаһтың қолындағы іс болып табылады. Бір адамға болса да жамандықтан аулақ болу жолдарын түсіндіре алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

Бірақ та адамдар жамандықтан тыйғанда  тек қана сөзбен айтып түсіндіру ғана емес, іс-әрекетпен де түсіндіруге немесе қоғамға үлгі болу  мақсатын ұстану керек. Өйткені мұсылманның шынайы сипатын көргенде, басқа пенделер қызыға да, қызғана да қарауы керек. “Пәленше адам қандай жақсы, намазын оқиды, оразасын ұстайды, зекет садақасын береді, әрдайым адамдарға қамқор, әрі мейрімді, ақылды, әрі көркем, шіркін мен осындай адам болсам ғой” деп армандаса, сіз өзіңіздің бойыңыздағы жақсы әдеттермен оны жамандықтан  тыюдасыз.  Пайғамбарымыз с.а.с. хадистерінде: Әбу Сайыд р.а.ғ. (Аллаһ елшісінің с.а.с. «Араларыңда әлде кім қандай да бір жаман қылық көрсе, оны қолымен түзетсін. Егер оған шамасы келмесе, тілімен түзетсін. Тілімен де дұрыстай алмаса, жүрегімен түзетуге тырыссын ( яғни, іштей айыптасын). Бұл – иманның ең әлсіз» деп айтқанын естідім» – деген. (Муслим имам 78). Абдуллаһ ибн Масғуд р.а. жеткізген хадисте: «Аллаһ Тағаланың менен бұрынғы қауымдарға жіберген әрбір пайғамбарының сүннетін ұстанып, бұйрықтарына толықтай бойұсынған жанашыр достары мен серіктестері болған. Уақыт өте келе олардың орнына сөзі мен ісі екі бөлек, өздеріне істеңдер деп бұйырылмаған істерге бейім тұратын нашар ұрпақ басты. Кімде-кім соларға қарсы білектің күшімен күресетін болса, сол – шынайы мүмін оларға қарсы тілімен күрескен де   шынайы мүмін. Сондай-ақ, жүрегімен күресіп, іштей қарсы болған да шынайы мүмін болып табылады. Бұны-дағы істемеген  адамның жүрегінде қыша дәнегінің салмағындай болса да иманы жоқ», – деп айтты.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай жамандықтан аулақ болу мына дүниенің қызықтарынан бас тартып, өзінің нәпсісіне ие болу, шайтанның айтқанына ермей өзінің тәнін және рухын таза ұстау – қиынның қиыны.

Мысалы бір терезенің әйнегін сындырсақ, оны сындырғанда бір ұрсаңыз болды, ал оны орнына келтіру үшін, оны кесетін арнайы құрал және де дұрыстап кесе білу керек, мұның бәрі үлкен жұмысты талап етеді. Сол сияқты адамға жамандық жасаймын немесе жаман боламын десе ондай нәрселер айналада толып жатыр, ал керісінше жақсы боламын десе өсек, өтірік айтпау, әділ  болу, жанашыр болу, көркем мінез, сабырлы болу, бұл амалдардың барлығы бір күнде келетін істер емес, онымен қанша уақыт күресу керек. Адамдар бұл дүниеге сынақ үшін келген, адам мына дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, өмірінің соңына дейін сынақ, онымен күресіп өзінің рухын биік ұстау – әрбір  жұмыр басты  пенденің міндеті.

Сөзімді мына хадиспен түйіндегім келіп тұр: Абу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі с.а.с. «Игі һәм саупты іс жасауға асығыңдар, өйткені жақын келешекте жер бетінде қараңғы түндей түнерген көптеген бүліктер белең алады. Сол кезле адам таңертең мүмін болса, кешке қарай кәпір. (бұл хадистегі сөзі – «кәпір» діннен безген шынайы кәпір немесе Аллаһтың берген нығметтеріне шүкіршілік білдірмеітін адам мағынасында)». Кешке кәпір, таңертең мүмін болып тұрақсыз күй кешеді. Ойланбастан болмашы дүниелік нәрсеге бола дінін сатады», – деп айтты» деген.(Муслим,иман 186)

Сондықтан да барша мұсылман бауырларды жасылық жасауға, жас ұрпақтың бойына  жақсылықтың дәнін егуге,  жақсы сөз айтып, жақсы іс жасауға шақырамыз. Жақсылық – адам өмірінің мызғымас темірқазығы.

 

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля