“Жусан” операциясы арқылы елге қайтарылғандардың тағдыры не болды?

Дэйр-эз-Зор провинциясы. Ефрат жағасындағы Багуз қаласы. Тығырыққа тірелген ДАИШ содырлары әйелдерімен және бала-шағаларымен осы жерде жиналған. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған адамдар.

Кеше ғана «жиһадқа» шақырып жүрген «Халифат» серкелері, негізінен арабтар, бұларды өлімге тастап қашып кеткен. Күрд ерікті жасақшылары батыстық авиацияның қолдауымен қаланың айналасындағы қыспақты біртіндеп тарылтып келеді.

Міне, бірнеше жыл бұрын «Бүкіләлемдік Ислам Халифатын» құру идеясымен уланып Сирияға қарай жол тартқан жүздеген қазақстандық азаматтар да дәл осындай күйге тап болған. Сол кездің өзінде бұлардың көпшілігі ақиқатпен бетпе-бет келіп, алданып қалғандарын түсінген болатын. Бұл жерде ешқандай шариғаттың өзі де жоқ, ізі де жоқ. Олардың «әмірлері» пайда үшін жандарын шүберекке түйіп, кешегі «діндес бауырлары» беттері бүлк етпестен сатып кетіп жатты.

Тірі қалу үшін бір ғана жол бар – берілу. Олар гуманитарлық дәліздермен өтіп күрдтерге беріліп жатты. Содырлар, әйелдер мен балалар. Олардың барлығы күрдтер асығыс тұрғызған түрмелер мен қашқындарға арналған лагерьлерге орналастырылды. Дәл сол кездерде бүгіндері әлемге әйгілі болған «лагерь Аль-Холь» немесе «лагерь Родж» деген атаулар пайда болды.

Лагерьлердегі жағдай жан түршігерлік. Аштық, антисанитария, аурулар. Өлім деңгейі өте жоғары, әсіресе жас балалар арасында.

2018 жылдың көктемінде тұтқындағы әйелдер алғаш рет Қазақстандағы туыстарымен, кейіннен ҰҚК қызметкерлерімен байланысқа шықты. Олардың барлығы Отанға алып кетуді өтіне сұрап, қателіктерін түсініп, қандай жаза тағайындаса да дайын екендіктерін айтты. Елбасының атына, Үкіметке, СІМ мен ҰҚК басшылығына көмек сұраған өтініштер қарша борады.

ҰҚК жедел қызметкерлері бұл жәйтті білмеді деп айтуға болмайды. «Халифаттың» дәл осындай күйге ұшырайтындығы туралы болжамды сараптамалық жазбалар бұдан бір жыл бұрын дайындалған болатын. Жағдайдың шиеленісуі мұқият бақыланып отырған. Әрине басты міндет содырлардың үшінші елдерге бас сауғалап кетуін болдырмау еді.

Осындай кезде қазақстандық азаматтарды Сириядан эвакуациялау туралы идея туындады.

Операцияға, жедел тілмен айтқанда «Жусан» деген шартты атау берілді. Ол кезде осы операцияны дайындаған адамдар, аңыздардың арқауы болған кермек иісті, кез келген қазақтың жанына жақын осы бір шөптің атауы жақын арада бүкіл әлемге жайылатынын білді ме екен?

Операцияның түпкілікті ойын түйіндеу оңайға соқпағандығын айта кету керек.

Содырлар бойынша ешқандай күмән жоқ, олар Қазақстанға әкелініп өздеріне тиісті жазаларын алуы тиіс.

Ал әйелдер мен балаларды, жасөспірімдерді кім дейміз – олар қатаң жазалануы тиіс терроршылар ма, әлде оңалту мен қоғамға қайтаруды қажет ететін құрбандар ма?

Кейбір скептиктер мен эвакуацияға қарсылар әйелдер мен балаларды шетелде қалдыру керек, оларды радикалсыздандыру мүмкін емес, сондықтан репатриация экстремистік әлеуеттің Қазақстанға көшуіне алып келеді деп жатты.

Әйелдер мен балаларға ғана емес, бүкіл ел үшін ерік-жігерді қажет ететін тағдырлы шешімді Елбасы қабылдады.

Бұндай шешімге негіз болған басты себеп – гуманитарлық. Репатрианттардың негізгі бөлігі – ерлерінің етегінен ұстап Сирияға кетуге мәжбүр болған әйелдер мен балалар. Оларды Қазақстанға алып келу болашақта террорлық әрекетке қайтадан қатысу қаупін жояды. Діндарлар арасында радикалды идеяларға қарсы үгіт-насихаттың мықты базасы қалыптасады.

Жан-жақты ой елегінен өткізілген сараланған тәсілді ұстану қажет деп танылды. Қылмыс жасаған адам, ол, тіпті, әйел болса да заң бойынша жауап береді. Репатрианттардың барлығы оңалту және қайтадан әлеуметтендіру бағдарламаларынан өткізіледі.

Дәл осындай ұстанымдармен 2018 жылдың ортасынан бастап өте кең ауқымды дайындық, ұйымдастырушылық және жедел жұмыстар басталды.

Американдық әскерилерден көмек кепілдіктері алынды. Жедел арналар арқылы Сириядағы күрд ерікті жасақшыларымен байланыс жасау мүмкін болды. Террорға қарсы орталықтың платформасында СІМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, БҒМ, АҚЖМ, Бас прокуратура, облыстық әкімдіктер және өзге де бірқатар мемлекеттік органдардың іс-қимылдары синхрондалды.

Операция 2018 жылдың қарашасында басталғанымен, күрд лагерьлеріне транзиттік ұшып өтуге рұқсат беруден Түркияның үзілді-кесілді бас тартуы салдарынан Сирияға әскери-жүк тасығыш ұшақтардың ұшуы болмай қалды. Бас тарту туралы хабар авиаборттардың ұшып шығуына бір сағат қалғанда ғана келді.

Қазақстан азаматтарын алып шығудың басқа жолдары жоқ еді. Операция тығырыққа тірелгендей болды.

Алайда американдық дипломаттармен және әскерилермен, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің өкілдерімен күрделі келіссөздер жүргізу жалғаса берді. Бұл тұрғыда алуан түрлі, соның ішінде ресми емес арналар да белсенді түрде іске тартылды.

2018 жылдың соңына қарай біздің алдыңғы тобымыздың Сирияға ұшуына жағдай туғызылды. Әуе сапары бейтарап үшінші ел арқылы жүзеге асырылды. Қабылданған міндеттемелерге сәйкес ол елдің аты әзірше аталмайды.

Бұнымен бір мезгілде ҰҚК мен Қорғаныс министрлігінің эвакуация топтарының жаттығулары қайта жанданды, тұтқындарды Сириядан бастап Қазақстанға дейін алып келетін арнайы жасақтың күші мен құралдары есептелінді, репатриант әйелдер мен балаларға арналған киім-кешектер, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік сатып алынды.

Сирияға алдын ала аттандырылған ҰҚК-нің тобы өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, ың-шыңсыз, бір қаладан екінші қалаға жылжып әрбір түрме мен лагерді тексерумен болды. Тұтқындар туралы мәліметтер мұқият жинақталып, нақты уақыт режимінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Арнаулы штабқа жөнелтіліп жатты. Негізгі эвакуация тізімдері құрастырылды. Әр әйелден елге оралуға өзінің келісімі алынды.

Арнаулы мақсаттағы бөлімше офицерінің көрген-білгендерінен:

«Сирия Араб Республикасындағы (САР) ұрыс жүріп жатқан аймақтан біздің азаматтарымызды эвакуациялау туралы жауынгерлік тапсырма маған кезекті жұмыс күні аяқтала бергенде берілді. Бұндай деңгейдегі тапсырма екіұдай әсер қалдырып, аздаған қобалжу тудырғаны да рас.

Әйтсе де, әріптестеріміздің ешқайсысы түр көрсетпей, тас-түйін дайындықпен ұйымдастырушылық жұмыстарға кірісіп кетті. Жауынгерлік тапсырманы дәл осындай көңіл-күймен қарсы алу, бірін-бірі көздерінен-ақ түсіну, бір-біріне толық сенім арту, бір-бірінің жауынгерлік рухын қайрау біздің жігіттердің қандарына сіңіп кеткен.

Жиналу процесі кезінде қобалжу сезімі, алдымызға қойылған міндетті табысты орындап шығуға бағытталған ұжымдық ойға ауысты. Сирияға қарай ұшқаннан бастан Отанымызға оралғанға дейінгі ықтимал және тұтқиыл іс-қимылдар тактикасын ой-елегінен өткізу қажеттілігі бой көтерді.

Операция толық құпия жағдайда ұйымдастырылып, өтіп жатты. Ұшаққа кірген кезде ғана қаруластарымыз бір-бірімен қауқылдасып, жақындарымен қоштасу кезінде ең қиыны оларға алда күтіп тұрған қауіп-қатер туралы қас-қабақ арқылы болса да білдірмеу екендігін талқыласып жатты. Отбасы тірегінің, жарының, әкесінің, баласының алдында өздері үшін әдетке айналып кеткен кезекті іссапарда қандай қатерлі оқиғалар тосып тұрғанын елде қалған ет жақындары сезген де жоқ, білген де жоқ.

САР-ға келіп жетіп ұшақтан түскен кезде ғана мен соғыс иісінің қандай болатынын сезіндім. Ауада күйік, оқ-дәрі, жарылыстардан кейінгі кірпіш тозаңы мен ауыр техниканың табанымен иленген даладан шыққан шаң араласып кеткен.

Алдымызда бізді бұдан да қорқынышты суреттер күтіп тұр екен.

Операцияны жүзеге асыру тәртібі – біздің азаматтарымызды қашқындар лагерьлерінен, бас бостандығынан айыру орындарынан іздестіру болатын. Ол жердегілер көбірек алғашқы қауым мүшелерін елестетті. Жағдай адам төзгісіз. Адам өмірі барынша арзандап кеткен, замануи қоғам кепілдік беретін құқық атаулы табанға тапталған».

Негізінен әйелдер мен балалар ұсталған, аласапыран бейберекеттік орын алған босқындар лагерьлерінен біздің азаматтарымызды іздестіру бойынша операцияның белсенді фазасына қатысқан арнаулы бөлімше офицерінің әңгімесінен: «Басқа игіліктерді айтпағанда азық-түлік пен су мүлдем жоқ. Балалар шалшықтан су ішіп жатты. Ас атаулыдан тек кебек және осы шалшықтан алынатын су ғана.

Мен біздің отандас әйелдердің бірінің босанып жатқанына куә болдым. Менің байқағаным, бұл қажетсіз заттан арылу сияқты көрініс еді. Шарана туа сала жерге тасталып, нәресте дүниеге келе салысымен өмір үшін өз бетінше күресуге мәжбүр болды. Жақын жерден табылған офицерлердің балаға жасап жатқан қамқорлықтары аяқ қолын жаңа ғана бауырына алған анаға титтей де әсер еткен жоқ. Дәл осы сәтте менің түсінгенім – тек тірі қалуды ғана ойлаған мына әйел үшін ешқандай құндылықтар, мейлі ол діни немесе әлеуметтік болсын, маңызды емес екен.

Бұдан да қорқыныштысы – аналардың соғыстың кесірінен мүгедектерге айналған балаларына деген немқұрайлылықтары еді. Аяғынан айырылған қазақ баласына менің әріптестерім доп алып беруге, елге барғаннан кейін бірге футбол ойнауға уәде берді. Осы уәдемізде тұрғанымыз үшін бүкіл алдағы өмірімде мақтанып өтетін боламын.

Үйге оралғаннан кейін, бұл әйелдерге деген аяныш сезімдеріміздің өз балаларын өз еріктерімен дәл осындай азапқа салғаны үшін жеккөрушілік пен түсінбеушілік сезімдеріне ауысқандығы туралы біз бір-бірімізге мойындап жаттық».

Операцияның қорытындыларын талқылай отырып біздің арғы-бергі қозғалыстарымыз әр түрлі қарулы топтардың бақылауындағы аумақтарда өткендігін жиі еске алатынбыз. Оқта-текте, жақын маңдарда жергілікті қарулы қақтығыстар өтіп жататын.

Осындай, колонияларға жасалған рейдтердің бірі кезінде жол талғамайтын көлігіміз бұзылып қалып, колонна жол бойында тоқтауға мәжбүр болды.

Бізді алып жүрген сириялықтар саусақтарын да қимылдатпады. «А» қызметінің жауынгерлері екі топқа бөлініп, біріншісі айнала бекініс құрды, екіншісі көліктің ақауын жөндеуге кірісті. Көлік жөндеу ұзаққа созылған жоқ, колонна көп ұзамай қозғалысын жалғастырды.

«А» Арнаулы мақсаттағы қызметі қызметкерлерінің жұдырықтай жұмылған іс-әрекеттері сириялықтарды таңғалдырып, олар қолданылған тактика мен дайындыққа деген қызығушылықтарын танытып жатты. Кейіннен осы сириялықтар біз тоқтаған жердің астаң-кестең бомбаланып жатқан бейнежазбасын көрсетті. Біз үшін түк істемесе де әлгілер жауынгерлік бекіністерінен күн батқанша кетіп үлгерген «жарық жауынгерлері» деген атақ иеленіпті.

Әр кеш сайын кезекті күннің қорытындысын шығара отырып, біз өзіміздің құқықтарымыз бен еркіндігімізге ешқандай кепілдік жоқ екенін түсінетінбіз, кез келген ықтимал жағдайларға қарсы тұру жоспарын талқылап, Сирияны жаяулап немесе ұрланған ұшақпен тастап шығу бойынша қауіп-қатерге толы нұсқаларды да қарастыратынбыз.

Эвакуацияланатын адамдарды сүзгіден өткізу барысында бізге жергілікті әскерилер кейбір отандастарымыз жасаған-мыс жауыздықтардың дәлелі ретінде бейне-фото жазбалар көрсетті. Бұндай сәттерде бәрінен қиыны біздің азаматтардың осындай айуандыққа бара алатындықтарына сену ғана емес, ашуға берілмей, ұялғанымызды білдірмей кәсіби келбетімізді сақтап қалу еді

Ешнәрсе оңай болған жоқ. Бірде бізді алып кетуге келген ұшағымыз бұзылып қалып, уақыт ағысы мүлде бөлек, соғыс өрті шарпыған осы бір елде артық тәуліктер өткізуге мәжбүр болдық. Осындай сәтте біз уайымды әзіл-қалжыңға жеңдіріп, ыңылдап ән айттық.

Қайтып оралғаннан кейін мен туған даламның барлық иістер палитрасын шындап сезіндім. Сол кезде ғана өзіміз қатысқан операцияның жасырын атауының «Жусан» екендігін біліп, оның терең мәнін түсіндім. Бұл атаудың авторы бізбен бірге болған адам болуы әбден мүмкін.

Арнаулы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері әрдайым тасада қалады. Істеген ерліктеріміз бен алған марапаттарымыз туралы айқайлау біздің мәдениетімізге жат. Бірақ өз іс-қимылымызды бағалай отырып біз адамдар, әсіресе өз ата-аналарының идеялық есуастықтарының құрбаны болған кішкентай отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға қатысқанымыз үшін зор мақтаныш сезіміне бөленеміз.

Иә, сол кездері біздің азаматтарымыздың әр жерлерде өмірлерін жақсарту туралы талаптарын айтып, ереуілдетіп жатуы нормаға айналып жатқан еді. Мен қазір Қазақстанның үстінен мейірлене қараған бейбіт аспанымызға рахаттана қарап, бұны мүлдем түсінбеймін.

«Жусан» операциясына қатысқан барлық бауырларыма алғысым шексіз.

Операцияның белсенді фазасы 2019 жылдың 6 қаңтарында басталды. Ақтау қаласындағы әуежайдан ҚР Қорғаныс министрлігінің С-295 алғашқы үш әскери ұшағы ұшып шықты. Кері қарай олар қолға түскен содырлармен, қазақстандық әйелдермен және балалармен оралды.

Бұл басы, алғашқы қадамдарымыз ғана еді. Әрі қарай эвакуацияның Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев санкциялаған 4 кезеңі бірінен кейін бірі жалғасын тапты. Соңғы, бесінші кезеңі 2021 жылғы 4 ақпанда аяқталды.

Қазақстанға барлығы 607 азамат әкелінді. Олардың 37-сі ерлер, 157-сі әйел адамдар және 413-і балалар, соның ішінде 34-і жетімдер еді.

Сол кездері Ақтау қаласының маңында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Фламинго» балалар лагерінің базасында Сириядан келген әйелдер мен баларды оңалтуға арналған әлемде теңдесі жоқ орталық ашылды. Дәл осы жерде Қазақстанға аяқ басқан алғашқы отыз күн бойы олар бейбіт өмірге қадамдарын қайтадан бастады.

Оларды дәрігерлер қарап, денсаулықтарын қалпына келтірді. Психологтар, теологтар мен дінтанушылар олармен жұмыс істеді. Балалар үшін педагогтар, тәрбиешілер жұмылдырылып, уақытша мектептер мен балабақшалар ашылды. Құжаттар қалпына келтіріліп, шетелде дүниеге келгендерге геномдық сараптамалар ұйымдастырылды.

30 күндік карантин аяқталысымен барлық әйелдер мен балалар өздерінің байырғы тұрғылықты жерлеріне әкелінді. Олардың ешқайсысы қайтадан террорлық іс-әрекетке оралған жоқ.

Репатриант әйелдерге оңалту орталығында ғана емес, карантиннен кейін де жедел бақылау жасауға зор көңіл бөлінді. Олармен сауалнамалар жүргізіліп тұрады. Мінез-құлықтары, іс-әрекеттері қадағаланады.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде, психологтар мен теологтардың пікірлерін ескере отырып, әрбір әйелдің әлеуметтік және психологиялық портреттері жасалынып, қауіптілік дәрежелері анықталды.

Жинақталған жедел материалдарды негізге ала отырып, 18 радикалды әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оқшауланды.

ҰҚК-нің бастамасымен репатриацияланған әйелдер ғана емес, балалар үшін де бейімдеу мен оңалтудың кешенді бағдарламасы жасалынып, АҚДМ, БҒМ мен үкіметтік емес сектордың қатысуымен әлі де жалғасын тауып келеді.

Осының арқасында, 2021 жылдың қыркүйегіне дейін әйелдер мен балалардың басым бөлігі дәстүрлі исламға көшіп, кейбіреулері, тіпті, зайырлы өмір салтын да таңдады. Радикалды идеологиялардан бас тартқандар өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде белсенді түрде қарсы насихат акцияларына қатысуда.

Сириядан шығарылған қазақстандық содырларға келер болсақ, 37 ер адамның барлығы елге әкеліне салысымен тұтқындалып, террорлық іс-әрекеттері мен терроризмді насихаттағандары үшін сотталды.

Олардың үстінен өткізілген, баспасөз арқылы кеңінен таратылған көрнекі сот процесі Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың ақпанында өтіп, берілген жазалар 6 жылдан бастап 14 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруға белгіленді.

«Жусан» операциясының игі тәжірибесі Австрия, Әзірбайжан, Франция, Германия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, тіпті Мальдив Республикасының арнаулы қызметтерін қызықтырды.

2018-2020 жылдары оңалтудан өткен әйелдер қатысқан операцияның қорытындылары БҰҰ, ОБСЕ және Еуропарламент алаңдарында көрсетілді. Бұл Қазақстанның халықаралық имиджіне оң ықпалын тигізуде.

Гуманитарлық операция қазақстандық қоғамның діни бөлігі мен Сирияда жүрген азаматтар тарапына зор профилактикалық әсерін тигізді.

Әңгімемізді аяқтай келе Ф. Достоевскийдің: «Бүкіл әлемнің бақыты бейкүнә сәбидің көзінен аққан бір тамшы жасқа тұрмайды» деген сөздерін еске сала кеткіміз келеді.

Дереккөз: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля