Ислам – береке мен бірлік діні

Ислам – күллі адамзат баласын бірлікке, татулыққа үндейтін асыл дін. Бұл – анық ақиқат, Құранда баян етілген Алла Тағаланың әмірі: Барлықтарың бірлесе Алланың жібінен мықтап ұстаңдар. Бөлінушілікке әсте түспеңдер. Алланың сендерге берген нығметін еске алыңдар. Бір кездері сендер, бір-бірлеріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңді Ол жақындастырды. Міне, Оның (осындай) нығметі аясында қандас болдыңдар. Сондай-ақ, сендер тозақ отының шұңқырының ернеуінде тұрғанда ол жерден сендерді құтқарған да – Ол [1]. Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің осы аяттарында бірліктің адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігін ескертіп, бірліктің дұшпандардың өзін досқа, бауырға айналдыратын маңыздылығын атап көрсетеді.

Сахаба Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күмәнсіз Алла тағала сендер үшін үш нәрседен риза болады, ал үш нәрседен наразы болады: әуелі, сендердің тек Өзіне ғана ғибадат етулеріңнен, Оған ешнәрсені ортақ қоспауларыңнан және де Оның жібінен мықтап ұстап, келіспеушілікке (бөлінушілікке) түспегендеріңе риза болады. Ал, өтірік-өсек айтуларыңнан, көп сұрақ сұрауларыңнан және дүние-мүлікті қалай болса солай жұмсауларыңнан риза болмайды», — деп Алла Тағаланың разы болатын үш хайырлы амалдың бірі бірлік, татулық екенін айтқан.

Сондай-ақ, асыл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Мүминдер – кірпіштен қаланған бір ғимарат сияқты», «Бөлінушілікке жол ашқандар  бізден емес», – деген хадистерінде де «бөлінушілік» етістігі қайта-қайта қолданылып, «Әли Имран» сүресінде айтылған «бөлінушілікке әсте түспеңдер» деген Алла Тағала әмірін еске салады. Себебі, бірлік бар жерде күштің, бірлік бар жерде қуаттың болатынын алдыңғы хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бейнелі тілде суреттеген. Яғни, әрбір мүмінді кірпіш десек, бірліктің арқасында олардан ғимарат соғуға, алынбас қамалға айналдыруға болады. Бұл ретте мұсылмандық сананы берік ұстанған халқымыздың бірлік туралы дүниетанымының Ислам мәдениетінен өз бастауын алып, мағыналық тұрғыдан ұштасып жатқанын көреміз. Мысалы, «Бірлік түбі – береке», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш – орман», «Ынтымақ түбі — игілік», «Көптен бөлінген үй оңбас», т.б. сынды дана сөздер – осының айғағы.

Әрине, бірлік – жалпылама ұғым. Сондықтан, бірлікке бастайтын немесе бірлікті арттыратын қандай қасиеттер? Осы сұрақтарға жауап беру де орынды. Бұл ретте асыл дінімізде бірлікті арттыру мақсатында ұсынылатын ең алғашқы игі қасиет – кісі ақысына әділ болу.

Кісі ақысына адалдық – бірліктің негізі. Кісі ақысына адал болмай, кісі ақысын жеу, аттау арқылы  өзгенің ашуын тудыратын, кейіннен өкпе, ренішке ұластыратын, түптеп келгенде, адамдар арасындағы бірлікті, достықты бұзуға дейін алып келетін кесірлі мінездің бірі – осы. Құранда Алла Тағала мұсылман адамды өзіне берілген ризықтың адалынан жеп, өзгенің несібесіне көз салмау керек екендігін ескертеді: Әй, адамдар! «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер! [2].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадистерінде Құрандағы кісі ақысына қатысты айтылған аяттың маңыздылығын үмметіне жеткізуде, оның арам дүние болып табылатынын былайша түсіндіреді: Кім бір қарыс топырақты зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойынына жүктеледі және Әлдекім бауырының арына немесе дүниесіне әділетсіз түрде қол созса, қайтарымға беретін алтын, күміс болмайтын күн (қиямет) келмей тұрып кешірім сұрасын. Кері жағдайда жасаған әділетсіздігі мөлшерінде оның ізгі істерінен алынып, ақы иесіне беріледі. Жақсылығы жоқ болса, жасаған әділетсіздігі мөлшерінде ақы иесінің күнәсінен алынып, ақы жеген адамға беріледі». Бұрынғы өткен бабаларымыз ұрпаққа қалдырған өсиеттерінде кісі ақысына қатты мән берген. Мысалы, Бұқар жырау: «Кісі ақысын көп жеген арам емей немене?» деп кісі ақысын жеудің шариғаттағы үкімі «арам» екенін жырлап, елдің бірлігін сақтауға аса қажетті көркем мінез – кісі ақысына адал болуды халыққа насихат еткен.

Жақсы ойда болу – хуснизан. Бұл – адамдар арасында бауырмалдыққа бастайтын бірден-бір хайырлы амал. Алла Тағала Құранда кісі ақысын жоғары орынға қойғаны сондай – үйге кіргенде адамның өзі, отбасы үшін ғана емес, мұсылман бауырына хайырлы, жақсы тілек тілеуді әмір еткен. Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (мұсылмандарға) Алланың тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер! [3]. Демек, мұсылмандықтың бастауы – өзің ғана емес, өзгеге де ізгілік тілеуден негіз алмақ. Оның себебі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде ашылып айтылады: «өзіңе тілегенді мұсылман бауырыңа тілемейінше, толық иман келтірген мұсылман болып саналмайсың».

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)  өзгелер жайлы жақсы ойда болудың түбі бауырмалдыққа алып келетіні туралы хадистерінде баяндаған:«Адамдар туралы жаман  ойлардан сақ болыңдар — барып тұрған жалған сөздер, тіміскілеп, білуге ұмтылмаңдар, бір-біріңмен бақталаспаңдар, қызғаныш сезімде болмаңдар, өзара жеккөрушіліктен аулақ болыңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар, уа, Алланың құлдары, Ол сендерге бұйырғандай бір-біріңе бауыр болыңдар!» (Бұхари).

Келтірілген аят пен хадистен түйеріміз – бауырмалдық Алланың бұйрық, әмірі. Бақталастық, қызғаныш, жеккөрушілік – бауырмалдықты мүлде жоятын, Алла Тағала құзырында разылыққа бөлемейтін кесірлі мінездер. Бауырмал болсақ, өз игілігіміз үшін, егер бауырмалдықтан бас тартсақ, ол – иманымыз бен мұсылмандығымызға сын. Сондықтан, татулықтың қайтарымы Алланың разылығы, пайғамбар (с.ғ.с.) шапағатына бөлейтінін білу аса маңызды.

Жарастыру. Бұл – Ислам дініндегі ең көркем амалдың бірі. Өйткені, біз жоғарыда дініміз үшін әрбір мұсылманның кірпіш екенін, сол кірпіштерден бір тілек, бір ниетті ғимарат – жамағат құратынын меңзеген пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисін келтірген едік. Ғимарат берік болу үшін оны құрайтын әрбір кірпіштің түзу, «тату» болуы – аса маңызды. Бүгінгі қоғам тілімен айтқанда, ол – бірліктің сипаты. Ал, Ислам дінінде бірлік ұғымы бауыр, бауырмалдық сөздері арқылы беріледі. Демек, Құран кәрім аяттары бауырмалдыққа үндесе, ол татулыққа, бірлікке шақырған әмірі деп түсінгеніміз абзал: Мүминдер бір-біріне бауыр, ендеше, ренжіскен бауырлардың араларын татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар, ол – сендерге мейірімді [4].

Біз бұл аяттан Исламның бірлікке шақыратын ынтымақ діні екенін айқын байқаймыз. Осы ретте асыл дініміз толық мұсылман болу үшін бірін-бірі жақсы көрумен қоса, ренішкендерді татулыққа шақыру талабын қояды. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері сөзіміздің дәлеліндей: “Иман келтірмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал,  бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болып есептелмейсіңдер”. Әлбетте, адамзат қоғамы болған жерде өкпе, реніштің де орын алуы – табиғи заңдылық. Ислам діні мұндай жағдайда бауырдың қатесін қабылдап, оған түсіністік таныту немесе кешіру ұстанымын ұсынады.

Кешірімділік. Ислам дініндегі жамағат берекесін сақтауға қол жіткізетін игі мінездің бірі – кешірімділік. Кешірімді болуды Алла Тағала Құранда адам баласына бұйырып, әмір етеді: (Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ, надандардан бет бұр[5].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы аяттың мағынасын Жәбірейіл періштеден сұраған кезде, ол былай деп жауап берген екен: «Расында, Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды».

Сондай-ақ, «Сендердің араларыңда бауырына қиянат жасағандар болса, онда оны осы дүниеде шешсін! Өйткені, Қиямет күні динар да, дирхам да болмайды. Ол күні тек істеген амалдар ғана жауапқа тартылады», – деп келетін хадис те мұсылман үмбетін кешірімді болуға үндейді.

Осындай хадистерді үмметіне аманат еткен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі – кешірімділіктің үздік үлгісін көрсеткен тұлға еді. Біз үшін зор иман мен адамгершіліктің өнегесі болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша адам баласын ақ, қара деп алаламай, бірдей жақсы көрген, олармен сыпайы, жұмсақ мәміле жасаған. Әнәс ибн Мәлік: “Он жыл пайғамбарымызға қызмет еттім, маған бір рет те кейіген жоқ” дейді.

Ұхұд шайқасы кезінде дұшпандар  пайғамбарымызға оқ-тас жаудырған, оның тісін сындырған, бетін жарақаттаған. Сөйте тұра пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарсы жаман сөз қайтармаған. Жанашыр, қамқор, шынайы пейілімен былай деген екен: “Уа Алла! Оларды кешіре гөр, олар не істеп жүргендерін білмейді”.

Ақиқатында Ислам – адамзат баласының игілігін көздейтін ақиқат діні болғандықтан, бауырмалдықта діні, ұлтына, нәсіліне қарамайды, бір-бірінен еш бөліп, жармайды. Керісінше, діні, нәсілі, ұлты бөлек әр қауымның шыққан тегі бір екенін ескертіп, бауырмал болуға шақырады: «Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі [6].

Аяттан Алла Тағаланың құзырында адамның адамнан дәрежесінің биік не төмендігі діндарлығы, тақуалығымен ғана есептелетінін түйсінеміз. Өмірде бір ұлттың бір ұлттан өздерін үстем қойып, әлімжеттік танытуының қателік екенін дәлелдейтін аят мағынасы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде ашықталған: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман қауымға қандай кешірімділік танытса, өзге ұлт өкілдеріне де дәл сондай көзқараста болған. Әсіресе, мұсылман емес қауым өкілдерімен қарым-қатынастың қалай болғанын сол дәуірден жеткен риуаяттар баян етеді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешірген. Бұл жайында Бұхари мен Мүсілімде келген риуаятта Зайд ибн Арқам былай баяндайды: «Пайғамбарды (с.ғ.с.) бір яһхуди (еврей) сиқырлайды, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше күн ауырады. Бір күні Жәбірейл (а.с.)  келіп: «Сені сиқырлаған еврей бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер барып алып келсін», — дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлиді (р.а.) жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен уақытта Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) байлаудан босанған секілді  өз-өзіне келіп, орнынан тұрады. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгі еврейді кешіреді. Оны тіпті бетіне басып, айыптап, ренжімеген, ұрыспаған да екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеңдігі, кешірімділігі сондай болған екен.

Жүзден астам ұлт өкілдерінің басын қосқан көпұлтты қазақ елінің ұлттық саясатының ұлтаралық, дінаралық татулыққа ерекше мән беріп, тіпті олардың ұлттық тілінің, діні мен наным-сенімдерінің сақталуына ерекше жағдай жасап отырғаны – жатты жақын еткен мұсылмандығымыздың көрінісі. Әрине, бауыр болуда бір-бірінің тарапынан жасалған жөнсіз іс, теріс мінездерге көніп, қисық дүниені түзетпей өмір сүру деген сөз емес. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің қателігіне кешіріммен қарап, шыдамдылық таныту, толеранттылық қағидасы. Сабырмен және ізгі оймен қателігін түзеу деген ұғым. Ендеше, ел ішіндегі тұрақтылықты, ынтымақты сақтаудың төте жолы – кешірімділік.

Міне, шағын ғана мақаладан байқағаныңыздай, Ислам діні – күллі адам баласын бауырмалдыққа шақыратын асыл дін. Тіптен, Ислам сынды дініміздің атауы «сәлем», «бейбітшілік» сөздерінен шыққан. Демек, күллі әлемге нұрын шашқан, ізгілік дәнін сепкен Ислам дінінде бейбітшілікті бұзатын зәредей ой, пікірдің болуы да қисынсыз. Бір болыңдар, бөлінбеңдер деп әмір еткен Алла Тағаланың бұйрығына сай бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көркем өнегесіне сай өмір сүруді баршамызға нәсіп етсін! 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Әли Имран» сүресі, 103-аят
  2. «Маида» сүресі, 88 аят
  3. «Нұр» сүресі, 61-аят
  4. «Хужурат» сүресі,10-аят
  5. «Ағраф» сүресі, 199-аят
  6. «Хужурат» сүресі,13-аят

Атырау қаласы  «Әт-Тақуа» мешітінің

имамы Тілеуов Өсімхан Аманбайұлы

0

Автор публикации

не в сети 3 года

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 552Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля