Опық жегізген ойынқұмарлық

Елімізде ұтысқа теңге тігіп, соның шырмауына тұтқындалған құмар ойыншылардың әрекеті ауру ма, әлде әдет пе? Үйінен бағалы заттарды ұрлап, онлайн несие қарызы қордаланып кетсе де, ойыннан бас тартуға қабілетсіз  адамдарды мұндай қадамға не итермелейді? Осы дерттің емі бар ма? Қазіргі қоғамда көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап іздеп, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесіне хабарластық. Мұнда есірткі заттарына, алкогольді ішімдік пен құмар ойынға тәуелді науқастар емделеді. Ойын ойнап, от басқан жас та, кәрі де бар. Мамандардың айтуынша осы уақытқа дейін бірде-бір әйел құмар ойынға тәуелділіктен арылуға көмек сұрап жүгінбеген. Емделушілердің есімі, тегін құпия сақтауға уәде беріп, олардың да хикаясын тыңдадық. – Мен өзімнің ақылға сыймайтын қателік жасағаныма өкінемін. Менде ақша көп, дос та көп болды. Әр кездесуден кейін ойын ойнап, көңіл көтердік.  Осындай жабысып алатын кесел деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Ойыннан ұтылдым ба, жеңіске жеттім бе, маған ол маңызды болған жоқ. Әр ойыннан кейін керемет рахаттанып қаламын. Қазір 17 миллион қарызым бар. Оған дейін қанша ақшаны ойынға тіккенім есімде жоқ. Ойынға жоламау керек. Оның апанынан шығу өте қиын екен, – дейді Б. есімді емделуші. Ол 40 жаста. Сотта жұмыс істеген. Лауазымды қызметтің тізгінін ұстап, өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіби маман. Жұбайы, бала-шағасы  отағасын жерге қаратпаған, татулық пен ынтымағы жарасқан  үлгілі отбасы. Б. ақшаны күреп тапты, жұмыста абыройы асқақтады, үйде сүйікті жары отбасын айрандай ұйытып отырды. Бірақ білімді, өмірде тәжірибесі жеткілікті азаматтың өмірі екі жылда адам айтса сенбейтіндей өзгерді. Қазір бірнеше микронесие ұйымына, туыстары мен әріптестеріне қарызы 17 миллион теңгеге жеткен борышкер. Жұмыссыз және ойыннан басқа іске зауқы, тамаққа тәбеті жоқ. Ойы ойыннан басқаны қабылдамайды, дегбірі қашып, аласұрған күйге түсіп, осы дерттен арылу үшін орталыққа шипа іздеп келген. Мамандар  еріккеннен  ойынға қаржысын оңды-солды шашу, тәуелді болуға қаржыны жұмсаудың тетігін білмеу, сауатсыздық пен жүгенсіздіктің нәтижесі дейді. Ал Д. есімді емделуші 19 жаста. Егер оның ұстаздары мен сыныптастары қазіргі күйін көрсе, озат оқушыны танымас еді. Ата-анасы оған бала кезде көпшілікпен араласуға тыйым салды. Түрлі үйірмелерге қатысып, үйден шықпаған бозбала мектепті үздік бітіріп, университеттің де үздік студенті атанды. Беделді компанияда жұмыс істейді. Жігіт жаңа достар, оның ішкі жан-дүниесін түсінетін әріптестер  тапты. Ойын-сауықшыл құрдастарымен  қыдыруға ешкім шектеу қоймады. Ата-анасының қатал тәрбиесінен сытылып шыққан оның мінезі, ұстанымы бұрынғыдан өзгерді. Оны жас жігіт мойындайды. Жамбыл облысында жыл басынан бері 210 қару тәркіленді 23.05.2023 «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимараты ашылды 23.05.2023 – Мен ата-анам  қойған шектеу, тыйымдарды естіп есейдім. Жаңа ортада  мұның дұрыс емес деп маған ешкім айтпайды. Керісінше, мені қолдаушылар көбейді. Еркіндік ұнады. Сондықтан жұмыстан кейін қыдыруға асығамын. Есірткі заттарына үйір болдым. Достарыммен бірге ойынханаға да бардық. Бірнеше күн, түн ойнап, ақшам таусылғанда ес жидым. Одан әрі үйден анамның алтын бұйымдарын ұрладым. Осылай ойынға қалай тәуелді болып қалғанымды кеш түсіндім, – дейді Д. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесінде биыл 22 науқас емделді. Психотерапевт Гүлнұр Қуанышқызының айтуынша көбінесе емделушілердің туыстары казино, автомат ойындарға, онлайн ұтысқа әуес адамдардың шектен тыс осы әрекетке құмарлығын дерт деп қабылдамайды. Ауруы асқынып, ойынсыз өмір сүре алмайтын жақыны әбден шарасыз күйге түскенде психологтардың көмек сұрайды дейді мамандар. – Ойынқұмарлық немесе гемблинг, лудомания деп аталатын бұл ауру – есірткі заттарына , спиртті сусындарға тәуелділік сияқты даму тетіктері өте ұқсас  дерт. Ойынға құмар адамды оған тәуелді деп есептейміз. Науқастың бойында бұл аурудың пайда болуына түрткі болатын бірнеше себептері бар. Ең бірінші себеп – қанағатсыздық. Қанағатсыздық адамды адастырады. Бұл сезімнің ерекшелігі ойын оның ішінде тұншығып жатқан эмоциясын паш етуге мүмкіндік береді. Себебі, ойынқұмар шынайы өмірде өзіне көңілі толмайтын,  кім екенін көрсетуге ұялып, топтан ерекшеленуге жасқанатын немесе өз сөзін мойындатуға қауқарсыз адам. Оған өмірде жеңіске жету оңай емес. Құмар ойын  кезінде оның арманы орындалады. Ең бастысы бір нәтижеге қол жеткізгеннен кейін ол ойынға қайта оралуды аңсайды, асығады. Екіншіден жалғыздық құмар ойынның құрығына ілінуге итермелейді. Өйткені сөйлесіп, сырласатын жақыны жоқ және көңілі жабырқау адам  ойыннан   ләззат алады. Ол сол тәтті сезімді тағы сезіну мақсатында ойынның құлына айналғанын өзі байқамай қалады. Себебі, ойыншылардың өзінің әрекетіне есеп беру, бақылау қабілеті төмен болады. Үшіншіден оңай ақша табуды көздегендер осы казино, компьютерлік, автоматтағы ойындардан олжа іздейді. Олар бір мәрте ұтысты иеленіп, тағы қомақты ақша ұтамын деген үмітпен ойынхананың тұрақты клиентіне айналады. Көбінесе ойыншылардың басым бөлігі алкоголь сусындарына немесе есірткі заттарына үйір адамдар. Сондықтан олар ойын мен шынайы өмірдің арасындағы ақиқатты ажырата алмайды. – Ресми статистикалық санақ жүргізіле ме? – Ойынқұмарлық бойынша Павлодар облысында динамикалық бақылауда 2021 жылы 7, 2022 жылы 10 науқас динамикалық бақылауда тұрды. Былтыр  республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығының Павлодардағы филиалында 20 науқас емделді. Олардың басым бөлігі лудоманиямен бірге маскүнемдік, нашақорлық дертіне шалдыққан, – дейді Гүлнұр Қуанышқызы. Елімізде осы кеселдің шырмауында қанша адамның жүргені жайлы нақты деректер жоқ. Себебі, көбінесе ойынсыз өмір сүре алмайтындар жекеменшік медициналық орталықтарда емделуге тырысады. – Екіншіден статистикалық көрсеткіш неге аз? Мұндай адамдар өзін аурумын деп мойындамайды және мен аурумын деп ойламайды. Олар ешқашан медициналық көмекке жүгінбейді. Қарызы қордаланып, ойынның тұтқынына айналғанда туыстарының үгіттеуімен бізге келеді, – дейді психотерапевт Гүлнұр Қуанышқызы. Мамандар ойынға тәуелділік жас талғамайды дейді. Әрі интернеттің көмегімен құмар ойындар қолжетімді. Тіпті қарызға үйде отырып несие алу да қиын емес. Сондықтан бастапқыда ермек үшін ойнап, нәтижесінде опық жеп жүргендердің мінез-құлқына назар аударуға кеңес береді. – Барлық тәуелді адамдардың айрықша белгілері бар. Олар көбінесе агрессияға берілген, қызба адамдар. Ашуланшақ. Сіркесі су көтермейді. Себепсіз ызалану. Қоршаған заттарға, адамдармен қарым-қатынас орнатуға зауқы жоқ. Себебі ол үнемі қарыздан қалай құтыламын, ақшаны қайдан табамын деген уайымның жетегінде жүреді. Өзін-өзі бақылау қабілетінен айырылу. Сондықтан мұндай адамдар жеңіске жетсе де, жеңілсе де ойыннан бас тарта алмайды. Өтірік айту, ұрлық жасау, несие қарызды үйіп алып, оны төлемеу бұл тәуелділік дертіне шалдыққан науқастардың айқын белгісі. – Балаңыз, күйеуіңіз қаржыны шектен тыс және себепсіз жұмсауы жиілеп, үйден құнды заттардың жоғалуы, ашуланшақ, дегбірі қашу, сіркесі  су көтермеу, басқа шаруаларға құлықсыздық байқалғанда секем алып, ойлану керек, – дейді Гүлнұр Қуанышқызы. Орталықта еліміздің барлық өңірлерінен келген науқастарды   маскүнемдік, нашақорлық пен ойынға тәукелділіктен емдейді. Мамандардың айтуынша барлық дертті емдейтін ортақ бағдарлама бар және үш кезеңнен тұрады. – Бірінші кезеңде науқасты дәрі-дәрмектердің көмегімен психикалық, соматикалық денсаулығын қалыпқа келтіреді. Екінші кезеңде тәуелділіктің әсерінен мінез-құлықтағы өзгерістерден арылуға көмектесу. Психотерапия, түрлі тренингтер ұйымдастырылып, психологтар, психиатрлар жеке және бір топ науқасқа психологиялық кеңестер береді. Үшінші кезең әлеуметтік бөлім деп аталады. Бұл жерде аурудың асқынудан кейінгі ремиссияның сапасын нығайтуға күш жұмсаймыз, – дейді орталықтың психотерапевті. Мұнда науқастар 2 айдан 1 жылға дейін тегін емделеді. Тәжірибелі, кәсіби психологтар, психотерапевтер ем-дом жасайды. Орталыққа қоңырау шалып немесе өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, жолдама алуға болады. Медициналық тексеруден өтіп, квота арқылы емделуге мүмкіндік бар. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодардағы бөлімшесі жайлы ақпарат орталықтың сайты мен әлеуметтік желілерде жазылған. Жазира БЕГАЛЫ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Опық жегізген ойынқұмарлық | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 7 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 876Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля