Саналы ұрпақ- тәрбиеден

Бүгінгі жаһандану заманында өскелең ұрпақтың бойына  рухани, ұлттық құндылықтарды қалай дарытамыз? Бұл сұрақ қазақ халқы үшін басты мәселенің біріне айналды. Дабыл қағатын да жөніміз бар. Себебі, бүгінгі бала кітап оқымайды.

Бесіктен белі шықпай жатып, мобильді телефонды қалай пайдалану керектігін ешкім көрсетпесе де 4-5 жасынан-ақ игеріп кетіп жатыр. Бүгінгі технология дамыған заманда бұл қуанарлық та жағдай. Алайда телефон мен интернетке есі ауған жастар ұлтымыздың рухани қүндылықтарынан мақрұм қалып жатқаны да шындық.

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектеуге болады. Ал өсіп, үлкен ағашқа айналғанда еш көмектесе алмайсың» деген дана халқымыз. Бала 3-12 жасқа дейінгі кезеңде рухану дамуына керекті нәрдің бәрін ертегіден алады екен. Ал бүгінде, баласына не немересіне ертегі айтатын ата-аналар, ата-әжелер жоқтың қасы екені даусыз.

Отбасында тәлім дұрыс берілмесе, ата-анасы баласын ұлттық рухта тәрбиелей алмаса  бала кінәлі ме? Тілі ана тілінде шықпаған, құлағы домбыра үнін естімеген, ертегі тыңдап ұйқыға кетпеген, яғни ұлттық тамырымыздан нәр алмаған баланы «Сенің бойыңда қазақы рух жоқ» деп қалай кінәлайсың?!

Осы тұрғыда жас ұрпақтың бойына  ұлттық салт-дәстүрімізді сіңірумен қатар мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық сияқты адамдық асыл қасиеттерді қоса дамытуда отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Одан әрі мектеп қабырғасында  мұғалім баланың дамуына зер салып, тілі мен ділін, ұлтының тағылымын, тарихын, мәдениетін сіңіруге еңбек етсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Қазақ халқы ежелден батыр, мәрт, меймандос, иманды, кеңпейіл, өнерлі, шешен, ақынжанды болып келеді. Бұл ұлтымыздың асыл қасиеті. Осы ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап жүрміз? Қазақтың кейбір балалары өсе келе аяқ астынан қазақтың табиғатына жат істерге бой алдырып, ұлттық құндылықтарымызды мансұқ қылып жүргені өкінішті.

Соның ішінде, бүгінгі қоғамды қатты  алаңдатып отырған діни ағымдардың жетегінде адасып жүрген жастарды айтар едім. Бұл жерде әңгіме айналып келіп баяғы интернетке, әлеуметтік желілерге тіреледі. Бүгінгі жастарды айтпағанның өзінде 10-15 жастағы балалар интернетте отыр. Олар ғаламтордан адам өлтіру, зорлық- зомбылық, неше түрлі бәйәдеп видеоларды қарауда.

Бұл баланың психологиясына орны толмас ауытқушылықтар әкелуі әбден  мүмкін. Озық технологияны шамадан тыс пайдалану бала психологиясына орасан зор кері өзгерістер әкелетінін мамандар айтып отыр. Мысалы ғаламтор алдында ұзақ отыратын бала енжарлыққа ұшырап, компьютерді өзіне дос санап, соның салдарынан достарынан, қоршаған ортадан алшақтай бастайды екен.

«Шектен тыс ақпараттар тасқыны баланы өзгенің жаны түсіне алмайтын, өзгені қайғысына селт етпейтін тасбауыр етіп жібереді» дейді мамандар. Бүгінгі жастардың бір-бірімен тіл табысып, ұзақ отырып сөйлесе алмайтыны, сөйлессе де біреу мәжбүрлегендей бір-екі ауыз тілдескен соң көңілін  қолындағы телефонға аударып жіберетінін көріп жүрміз. Бұл қазақ жастарының болашағына төніп тұрған қауіптердің бірі. Мұның соңы уақыт өте келе адамдарды бір-бірін қажет етпейтін жағдайға ұшыратып, адамшылық қасиеттердің әлсіреп, қайырымдылық кеміп, жүрек селт етпей, мәңгүрттенуге әкеліп соғатынына дау жоқ.

 Балаларды ғаламтордағы зиянды ақпараттардан қорғау үшін, олардың заңсыз контентке қолжетімділігін шектеу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу — бүгінгі қоғамның талаптарының бірі.

Деструктивті діни ағымдағы жастар да ғаламтордан экстремистік бағыттағы уағыздарды тыңдау арқылы мемлекетті, отбасын, асырап өсірген ата-анасын тәрк етіп жүргені бүгінгі қоғамға жасырын емес. Дінді қате түсіну салдарынан олар  салт-дәстүрді ширк деп, намаз оқымағанды кафир деп адасуда.

Мемлекеттік рәміздерді мойындамайтын, оған құрмет көрсетпейтін қазақ жастары пайда болды. Бұл еліміздің тұтастығына нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс саналып отыр.  

Қасиетті ислам дінін бұрмалаушылық бүгінгі қоғамды  бірнеше топқа бөліп отыр. Ал шынайы ислам мұсылман баласын имандылыққа, бірлікке үндейді.

Жүрегінде иманы бар, отбасында дұрыс тәрбие көрген, ұлттық салт- дәстүрге мығым жастарымыз ертеңгі жарқын болашағымыз. Балаға білім беріп қана қою жеткіліксіз.

Жастарды рухани-адамгершілік бағытында тәрбиелеу, оларға үлгі бола отырып, болашағына жол сілтеу әр ана-ананың парызы. Ал әрбір жас өздігінен білім алуға, өнер үйренуге, төл тарихын танып, салт-дәстүрін қастерлеуге, елін-жерін сүйе білуге, Отанын қорғауға әзір патриот болуға ұмтылуы қажет.

Ізденгіш, өзін-өзі рухани жетілдіруді мақсат еткен бүгінгі жастарымыз ата-бабамыздың жолын ұстанса ақ жолдан адаспайтыны анық.

Жастар – болашақтың үміті, қоғамды алға сүйрейтін күш болып саналады. Ендеше, өскелең жастарымыздың бойынан зайырлы мемлекетіміздің туын жоғары ұстайтын білімділік, саналылық, сенімділік қасиеттерді көргіміз келеді!  

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ

Атырау облыстық дін істері

басқармасының бөлім басшысы

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля