Қазақстандағы қазіргі діни жағдай

Қазақстандағы қазіргі діни жағдай

 

Қазіргі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ортақ бір мәселені айту керек болса, Ислам дінімен байланысты айтылатын экстремизм мәселесі. Біз бұл ретте экстремизмді дінмен байланыстыру дұрыс емес деген пікірдеміз. Себебі, Ислам діні – адамзат баласын бауырмалдыққа, бірлікке шақыратын ізгі ұстанымды басшылыққа алатын дін. Ал, экстремизм мүддесі оған қайшы. Жат ағым деп анықталғандай қоғамның ішіне іріткі салатын бүлікшіл сипатындағы топтардың қозғалысы. Діннің атын жамылу, дінді бұрмалау, яғни діндегі асыл құндылықтарды өз мақсаттарына пайдалану пиғылы діннің атына кір келтіріп қана қоймай, қоғамның діни туралы теріс көзқарасының қалыптасуына, Ислам дініне үрке қарауына, жатсынуына ықпал етуде. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қазақ қоғамындағы діни жағдайды осылайша сипаттауға болады.

Ислам дінін өркендетіп, асыл дінімізді ұлықтайтын уақытта Ислам дінін жамылып, жастарды теріс жолға үгіттеп жатқан экстремистік жат ағымдармен күрес үстіндеміз. Әрине, еліміз тәуелсіздігін алды, ата дініне қайта оралды. Дін ұстанып, баласына мұсылмандық тәрбие бере алатын жағдайға жетті. Алайда, осы қуанышымыздың аясында арам шөптей қаулап, жастарымызды жасырын үгіттеп, халқымызға, дәстүр, салтымызға, дінімізге қарсы қойып жатқан атасы бөтен жат ағымдардың күн санап көбейіп жатқаны ойлантпай қоймайды.

Өйткені, бір жат ағымға еріп, адасқан бауырды қауымына қайырып алу, оңалту оңай боп жатқан жоқ. Ашығын айтқанда, бауырымыздан тірі айырылу қасіретін шегу үстіндеміз. Егер жат ағымға арбалған жастар саны көбейе берсе ертеңгі күні елдігімізді сақтайтын ұрпақтың қалмауы да ғажап емес. «Ішіңнен шыққан жау жаман» демекші, жат пиғылмен уланған жастың өз халқына қарсы қару кезеп жатқанын ұлтыңның тамырына балта шапқаны деп түсінсек артық емес. Өкінішке қарай, кешегі қаңтар қырғыны кезінде ащы да болса мойындау керек болған шындықтың бірі осы болды.

Қазіргі таңдағы ата дін, дәстүріне қарсылықтың барлығы ілімсіздіктен, тарихты білмеушіліктен келіп шығып отырған жағдай. Әйтпесе, бұл жерде жерініп, безердей, күпірлік іздердей дініміздің де еш жазығы жоқ. Жат ағымға ақылын алдырып, құлдық санаға өтіп, өзінің ана сүтімен сіңген баба салтынан сырт айналған кей жас буынның осынша мәңгүрттенуіне түрткі болған саяси-тарихи фактордың бар екенін айтпасқа болмайды. Ол – қазақтың бір ғасырға жуық кезеңде орыс өкіметінің отарлау саясатын бастан кешіруі, жаратушыны жоққа шығарған атеистік сананың салдары. Әлі де болса кешегі коммунистік тәрбиенің шекпенінен шыққан аға буынның Исламды қабылдамай, қарсылық танытуы олардың кейінгі буынмен арада орын тебер сыйластықтарына сызат түсіруде. Міне, осылайша үлкенінен қолдау таппаған жастардың қамқор бауыр кейпіне енген жат ағымдарға алдануына жол ашуда.

Кешегі кеңес дәуірінде тіліміз орыстанып, төл дәстүрімізден ажырадық. Дінімізі қолдану ескілік саналды. Ұстанғандар қудаланып, айдалды. Діннің өзі халыққа жиіркенішті сипатта түсіндірілді.

Қандай жаугершілік заманда да қаймағы бұзылмай сақталған ділімізден көз жазып, ұлттық мінез өзгерді. Дін-сеніміміз тапталып, қоғамдық құндылық дәрежесінен түсті. Түптеп келгенде, бір ғасырға жуық уақыт қазақ халқының тарихын жоюға жұмыс жасалды. Осылайша, халықты ғасырлар бойы ұстанған дінінен бездірді. Өкініштісі – дін туралы тайыз түсінік, көзқарас әлі де халық санасынан өшпеді. Бұл да біздің жастарға отбасында мұсылмандық тәрбие беріп, рухани қуатын – иммунитетін тамырынан қатайтуға кедергі келтіруде.

Әрине, еліміз өз егемендігін алған күннен бастап, өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге күш салды. Дінге шөліркеген ел діни насихатты талғаусыз қабылдап жатқан тұстарда тасада бұққан теріс пиғылды ағымдар бар дегенді әсте ойлаған емес. Алайда олар аз уақытта күш жинап, бұрқ етіп, қоғам ішінде тарала бастады. Бастапқы кезеңде діни кәсіби білікті мамандар жоқ кезеңде ол мәселемен айналысатын, халыққа туралы жолды нұсқайтын дінтанушы маман, теологтар аз болды. Кейін елімізде көптеген мешіттер бой көтеріп, діни оқу орындары ашылды, баспасөз құралдары мен ғаламтор сайттары арқылы Ислам діні қарқынды түрде насихаттала бастады. Міне, еліміздегі діни білімнің даму кезеңімен қатар өршіген жат ағымдар қазіргі таңда күшке айналды. Олардың ел ішінде жасырын өмір сүруі қауіптің қаншалықты күшке ие екенін білуімізге кедергі келтіруде.

Соған қарамастан, көп болып экстремизмге қарсы күресті күшейту, жас буынға сапалы дін білім, мұсылмандық тәрбие беру – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Бір қуантатыны — қазіргі таңда экстремизмге қарсы күрестің мемлекеттік деңгейде қолға алынып, республикалық деңгейде іс-қимылдарды жүзеге асырып жатқаны.

Қазіргі таңдағы еліміздегі діни жағдай дегенде ұлт болып назар аударар мәселе – осы, экстремизм. Оны түп-тамырымен жоймайынша, қауіптің сейілу деңгейі төмендемек емес. Сондықтан діни жағдайды қалпына келтіруде үлкен жұмыс жасап жатырған діни мекемелердің ісіне береке тілеймін!

 

С.Сариев

«Шапағат» Қоғамдық қорының

теолог маманы

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля