Мақалалар

Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың тұлғалық ерекшеліктері

Сенім дінсіз болуы мүмкін. Бірақ дін сенімсіз мүмкін емес, өйткені онсыз ол мәдени дәстүрлер жиынтығы немесе моральдық тыйымдар мен шектеулер жиынтығы.

Сенім — адамның қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінік, білім, елес, идеялар. Сенім, наным — адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында  көрінетін психиканың ерекше күйі.

Сенімнің астарындағы тылсым қуат бар. Ресейлік  теолог Александр Хакимов өзінің бір лекциясында ертеректе танысының басында болған бір жағдайды мысал ретінде келтіреді. Оның айтуынша, танысының әкесі электрик болып бір кәсіпорында жұмыс жасапты. Содан бір күні ол ішіне мұздатқыш құрылғы орнатылған вагонда жұмыс істейді.  Оның вагон ішінде екенін білмеген күзетші кешкілік вагон есігін сыртынан жауып кетеді. Содан мұздатқыш құрылғысы бар вагонда қамалып қалған  электрик небары алты сағаттық өмірі қалғанын түсінеді. Оның вагон есігін соққылағаны, айқайы ешкімге естілмейді. Ертеңіне жоғалып кеткен электрикті адамдар жабық вагоннан табады. Оның денесі мұз болып қатып қалыпты. Таңғаларлығы сол, вагонның мұздатқыш құрылғысы электр желісіне қосылмаған екен. Яғни, мұздатқыш жұмыс істемеген. Қыркүйек айының басы болғандықтан, күн онша суық та болмапты. Яғни, тірідей тас болып қатып қалатын суық температура болмаған. Электриктің денесінің соған қарамастан мұз болып қатып қалуына оның өз ақылы мен ішкі сенімі себеп болған көрінеді. Ол өзін өзі алты сағаттың ішінде тас болып қатып қаламын деп сендірген. Міне, сенімнің күші.

Дін ұстанушының тура жолды бұрмалап өз мақсаттарына пайдаланушылардың іс-әрекеттеріне, адастыруына сенуі де бірнеше бағыттардың пайда болуына әкеп соқтыруда. Елімізде деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың құрығына түскен тұлғалар өздерінің психологиялық темперамент типтерінің ұтымды пайдаланылып, діни психологиялық әсерлердің арқасында өзгерістерге ұшырап жатқандарын сезбейді. Жалпы психология ғылымындағы адамның темперамент типтеріне тоқталып өтсек.

Холерик типті тұлғалар агрессивті, ашушаң, өз көзқарастарын өзгерткіш, жоғары деңгейде қозғыш, әрекеттері үзілмелі болып келеді. Оған дөрекілік және шапшаң қозғалғыштық тән. Эмоциялық толқулары айқын.  Теңгерімсіздігі (неуравновешенность) салдарынан бір іске қызығушылықпен кіріссе, шектен тыс беріліп, бар күшін жұмсауға бейім. Жалпы холериктер жауынгерлік, албырт (задорный), шыдамсыз, белсенді тип. Сыртқы әсерлерге тез мән береді.

Флегматик типті тұлғалардың мінез-құлық белсенділігі салыстырмалы түрде төмен. Оның жаңа формалары баяу дамиды, бірақ тұрақты. Іс-әрекетінде, мимикасы мен сөйлеуінде баяулық пен байсалдылық, біркелкі, тұрақтылық, сезімдер мен көңіл-күй тереңдігіне ие. Табанды және қыңыр, еңбекқор. Сирек ашуланады, эмоцияларға бейім емес, өз күшін есептеп, істі бітіреді. Қарым-қатынаста орташа көпшіл, бос әңгімені ұнатпайды, энергияны үнемдейді, ысырап етпейді. Жағдайларға байланысты кейде — төзімді, ойы терең, тұрақты, тиянақты. Ал кей жағдайларда — қоршаған ортаға немқұрайлы, жалқау және ерік-жігері төмен, эмоциясы кедей, тек үйреншікті әрекеттерге бейім.

Сангвиник – өте нәтижелі тұлға, бірақ істері қызық болғанда ғана. Егер ондай қызықты іс жоқ болса, іші пысып, тұйықталады. Ол сыртқы әсерлерге тез жауап беретін ашық адам, жұмысқа белсенді, тапқыр, көпшіл. Жан тыныштық сезімі жақсы дамыған.

Меланхоликтік типі басым тұлғалар еш нәрсеге сенбейді, еш нәрсеге үміттенбейді, көп қауіптенеді. Шектен тыс ренжігіш, сезімтал. Тыныш үйреншікті жағдайда ол еңбекқор, тәрбиелі. Уайымдарын жасырын өткереді. Мұңаюға бейім. Заңбұзушылықтардың жасырын қатысушысы бола алады. Бір нәрсеге ұзақ шоғырлана алмайды. Ауыр әсер етулердің нәтижесінде тежегіштік реакция туады, яғни салы суға кетеді. Оған ұстамдылық тән, сөйлеуі мен қол қимылдары бәсең. Ұялшақ, сенімсіз. Жағымды жағдайларда жақсы еңбекқор бола алады. Жағымсыз жағдайларда тұйықталып, қорқақ, уайымшыл, жараланғыш, ауыр ішкі уайымдарға шектен тыс берілгіш тұлғаға айнала алады.

Деструктивті ағымды жақтаушылардың көбінде меланхолик типіндегі адамдардың басымдығы байқалады. Оны кездесулердің көпшілігіндегі тұлға бойынан анықталатын қасиеттерден көруге болады. Темперамент – адаммен дүниеге келгеннен бастап меңгерілетін құбылыс. Алайда, оның өзгеруі өз эмоцияларын бақылай алуына, тәрбиеге, жағдайға, ақыл-ой ресурстарына, қоғамның талаптарына, ішкі ұстанымдарына және адам өмірінің басқа да маңызды аспектілеріне байланысты жүзеге аса алады. Яғни айтқанда, адамның темпераменті белгілі бір жағдайларға қарай өзгеруі әбден мүмкін. Бұл барлық адамның қолынан келмегенімен, кез-келген ниетті және өзіне деген сенімі мықты адам өз темпераментін саналы түрде өзгерте алады. Ол үшін үш принципті ескеру қажет:

  1. Мінездің нақты сипатын өзгерту керек. Сіздің мақсат – өзіңізді жақсарту. Сондықтан темпераменттің жақсы қасиеттерін таңдаңыз. Мысалы, флегматик холериктің бойындағы оптимист және белсенділігін үйренген дұрыс. Сангвиниктегі пысықтықты және меланхоликтің бойындағы ұстамдылықты үйренген абзал.
  2. Жағымсыз емес, тек жағымды аспектілерді ғана басымдылыққа алу керек.
  3. Бәрін бірден өзгерту мүмкін емес. Сондықтан кезектеп әрекет еткен жөн. Әуелі бір қасиетпен жұмыс жасау керек. Содан кейін сізге ұнайтын келесі қасиетті бойға сіңірумен жұмыс жасаған дұрыс болады. Солай жалғаса береді.

Сенімнің бізге беймәлім тылсым құдіретті күшін біз өзімізді құртуға да, керісінше арман-мақсатымызға жетуге де пайдалана аламыз. Наполеон Хилдің «Ойлан да байы» атты кітабын аудару барысында қайыршыдан хан болып, байлыққа жеткендердің бәрі негізінен осы сенім күшін пайдаланатындығына көзім жетті. Кітапта бұл жалаң сөзбен емес, нақты мысалдар арқылы тамаша айтылған.

Брайан Трейсидің айтуынша, ойыңа алған мақсатыңа жетудің құпиясы: күнде таңертең сол мақсатыңды қағазға жазып отыру. Күн сайын осындай қарапайым жаттығуды жасау арқылы сен сенім күшін түйсігіңе ақырындап сіңіресің. Ал түйсік өз кезегінде сенің қатысуыңсыз ойыңа алған мақсаттарыңның орындалуына қажетті жағдайларды жасап, жолыңды ашады. Осылайша сенім құдіреті арқылы ойыңа алған мақсаттарыңды жүзеге асыруға мүмкіндік ашылады.

Иә, әр адам өз өмір жолын жасап, сенім қуатын игілігіне пайдалануына мүмкіндігі бар. Жаратқан берген сондай құдіретті қаруды пайдалана алмасақ, ол біздің өз кінәмізден туындағын олқылық болып табылады.

«Шапағат» ҚҚ-ның психолог

маманы Г.Г.Құбышева

 

0

Автор публикации

не в сети 2 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 1015Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля