Мақалалар

Абайды оқы, ерінбе!

Жуырда Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, ҚМДБ-ның Алматы қаласы өкілдігі ұйымдастырған «Алланың Өзі де рас, Сөзі де рас» атты эссе жазу байқауы өтті. Бүгін осы жарыста жүлделі 2-орынды қанжығасына байлаған үздік шығарманы назарларыңызға ұсынамыз.

 

Абайды оқы, ерінбе!

Менің есімім – Арман, жасым 22-де. Қазіргі кезде С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінде 6-курста оқимын. Әрбір қазақтың Абайға деген махаббаты бар болғаны сияқты менің де оған деген ыстық ықыласым бар. Мен Абайды жақсы көргенім соншалық, тіпті кейде «Ол менің туған атам болғанда ғой!» деп қиялдап кетем, бірақ шындық дүрбісі бұл қиялымды жоққа шығарады. Дегенмен, Абайдың шығармаларын оқығанда тым құрығанда онымен пікірлес екенімді, дініміз бен ұстындарымыз бойынша бір қайықта екенімізді еске алып, жұбаныш табамын. Ал қазір Абайды «Бауырым!» деп еске алып жүретін болдым.

 

Мен Абайды ақындық шеберлігі үшін ғана емес, ішкі жан дүниесі, өмірге деген көзқарасына тәнті болып жақсы көрдім, себебін түсіндіріп көрейін. Менің түсінігімде, «нағыз адам» деген құдайын танып, оған ғашық болған, құдайға жасайтын құлшылықтарының негізгі мақсаты сауап алу, жәннәтқа жету емес, Құдайға ынтық болып ұмтылу, «құлдығын» мойындап, махаббатын білдіру үшін жасаған адам. Бірақ, біз «адам» болғандықтан, жүрегіміз ауытқып, өмірде неше түрлі қателіктер жасап қоятынымыз ақиқат. Сосын артынша қатемізді мойындап, тәубе етіп, Ғаффар Раббымыздан ықыласпен кешірім тілейміз – дәл осы көрініс, мен үшін, «нағыз адамның» көрінісі. Абайдың қара сөздерін, кей өлеңдерін оқи келе оның «нағыз адамға» қоятын шарттарын өз қағидаларыммен ұштасқанын көрдім, сондықтан оған деген махаббатым артты.  «Шіркін, Абаймен дос болып, қасында болғанымда ғой!» деп сағына еске алатынымды жасырмаймын.

 

Осы эссені жазудағы негізгі мақсатым – Абайдың өз шығармаларында діннің негізгі ұстындарын тамаша түсіндіргенін қолымнан келгенше баяндау еді. Мақсатыма кірісейін, бисмиллә…

 

Дініміздің ең маңызды негізі – сенім, ол – діннің «түп тамыры» десем, қателеспеспін. Сенім Алланың барлығына, бiрлiгiне,  перiштелеріне, кiтаптарына,  пайғамбарларға, ахирет күнiне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендiгiне сенуден тұрады (1). Бұл жайлы Абай өзінің 13-қара сөзінде былай баяндайды: «Иман деген — алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ…», — деп, иманның негізгі іргетасын сөз еткен. ««Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді…» деген 29-қара сөзін оқып, періштелерге деген сенімі құран аяттарымен (Нахл сүресі, 49-50-аяттар) ұштасқанын байқаймыз.

 

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

 

Бұл өлең жолдарынан хәкім Абайдың қасиетті кітаптар туралы да хабар бергендігін көреміз. «Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді» деген қара сөзімен ахиреттегі жағдайды көз алдымызға әкеледі.  Ал, тағдырға қатысты 20-қара сөзінде: «Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол — тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын», — дейді. Бұл тағдыр мәселесі жайында 28- қара сөзінде де сөз қозғап, «жақсылық, жамандықты жаратқан — құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан — құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан — құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес», — деп ел арасында тараған таласты сұраққа дөп жауап бере білген. Қысқасы, иман негіздері жайлы толыққанды дұрыс түсінікті қара сөздерінде-ақ қамтып жазған.

 

Дініміздегі келесі негізі —  исламдағы парыз амалдар ( ол – «түп тамырдан» бастау алған «бұтақ» іспеттес), оның ішінде намаз туралы 38-қара сөзінде намаздың әр бөлігін қалай орындалатынымен қоса, не үшін жасау керек екенін де көркем сөзбен шебер жеткізген. Онымен қоса, Алланың сипаттарын айтып, оларды тереңінен түсіндіріп, бүкіл әлемнің раббысы Алланың адамды махаббатпен жаратқандығын, намаз және оның шарттарын, дүниенің жаратылу мақсатын түсіндіру үшін егжей-тегжейлі ақыли дәлелдер ұсынған. Бұл тақырыпты басқа өлеңдеріне де арқау қылған:

 

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

 

Бұл өлең жолдарын оқып, оның даналығын еріксіз мойындайсың: діннің негізгі парыздарын,  кімнің «жақсы» екенін, қандай құлшылықты болмасын, ниетпен, ықыласпен жасамаса жеміс бермейтінін 1 шумақ өлең жолдарына сыйдыру хикметтің көрінісі шығар…

 

Діннің «гүлдеуіне», «жеміс беруіне» тең негіз – ихсан. Ихсан – тәфәккуржан тәрбиесі, адамның кемелдікке, көркем мінезге жетуі. Абай атам бұл жайлы да біраз сөз қозғаған. 43-қара сөзінде былай деген: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі — тән, бірі — жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби — оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы — жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы — жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсиби». Жалпы, «жан мен тән» мәселесі өте нәзік әрі күрделі болса да, Абай өз шеберлігімен жалпыға түсінікті етіп жеткізген. «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады…» деген 45-қара сөзін оқып, Абайды тәфәккур, махаббат, хикмет мәселелерін топтап, бір жүйеге келтірген, құдайын, өзін және әлемді таныған тұлға ретінде елестетемін.

 

Абайдың сөздерін, ойларын оқығанда әр адам білім дәрежесіне, дүниетанымына байланысты әрқалай түсінеді, тіпті бір адамның өзі әр оқыған сайын алдыңғысынан да қаттырақ әсер алып, білімі арта береді. Абайдың шығармаларын оқи келе оның діни білімінің кеңдігіне, даналығына таң қалдым, тіпті, қазіргі кезде пайда болып жатқан діни радикал топтардың ұстанымдарына Абай өлеңдерімен-ақ немесе қара сөздерімен-ақ жауап беруге болатынын аңғардым. Тура жолдан адастыратын «Супер-Мен», «Өрмекші-Адам» сынды қияли кейіпкерлерге қарап еліктеп, өз санаңды өзің улағанша, Абайдың «Толық адамына» елікте дегім келеді.

 

Мен Абайдың сөздеріне тек діни көзқараспен қарадым, алайда, Абайды қай қырынан зерттесең де том-том еңбек жазуға тұрарлық ғұмыр кешкен деп ойлаймын. Осы аз-маз шатпағымды жазып отырып, Абайдың сөздеріне алып-қосарым болмай, тек кейбір сөздерін баяндап беруге ғана шамам жетті… Жалпы, Абай оны зерттеп, сын айтатын емес, оның насихатын тыңдап, үгіт алатын адам.

 

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Fatua.kz
  2. Abai.kz
  3. Bilimal.kz

 

Арман Мұратов,

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық

университетінің 6-курс студенті

0

Автор публикации

не в сети 22 часа

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля