«Ағалар неге жылай береді?..»
Кеудеме қуанышым сыймай, үйге асығып келемін. Анашыма жетіп, бір көңілін шат қылып, қуаныш жасының тағы бір тамшысын қызықтасам марқайып қаламын ба, әйтеуір жүрегім бір жылып қоя береді. Орта мектеп оқушысымын. Сыныпта сабақ болып жатқан. Бір адам келіп, мұғалімге сыбырлап еді, менің фамилиямды атап, директорға шақыртып жатыр деді. Ондай кезде абдырап, не бүлдірдім екен деген ой жүгіре бастайды екен. Егер, бірдеңеден шалт кетіп, ұрыс естіп жатсам, анашыма жетсе… Аяғым дірілдеп директордың кабинетіне әрең кірдім. Біздің директор жас, ер адам. Қарапайымдылығы мен кішіпейілділігін айтып тауыса алмайтын шығармын. Тфәй, тіл-көзім тасқа! Басқа басшыларды телевизор мен кинодан көріп жүрмін ғой, біздің директор, мектепке кіре беріс жерде, вахтерден кейінгі іргелес әйнек – пакеттен жасалған дүңгіршекте отырады. Оның алдыңғы жағындағы бөлмешекте – хатшысы. Кинодағы аквариумда отырған сияқты. Директордың алдында бір байсалды, бастыққа ұқсас адам бар. Мені танып, директор орнынан тұрып, қолымды алып амандасты. Анау әкімнің ар жақ-бер жағындағы аға да солай етіп амандастық. Сөйтсем, анашыма жәрдем болсын деп жазда бір жерде, бар ынтамды салып жұмыс жасағанмын. Үш айлық айлығымды да жақсылап төлеп еді. Сол компаниядан екен. Әлде, артық төлеп қойдық деп қайтарып алуға келді ме екен? Оған іні-қарындастарыма киім-кешек алып қойып едік. Анашым байғұс базарда жылап жүріп, ер жеткен ботақаным деп мәз болып еді. Иә, әкей кеткелі де біраз болған, қиын кездер көп болды. Ең жанымызға батқаны, баспана жоқ, тұрымтайдай тозып жүрдік қой. – Балақай деп жүріп, ер жетіп қалыпсың, нешедесің қазір? – Он бестемін, аға.
– Ой бәрекелді. Сен жазда жұмыс жасаған компанияның президентімін, атым Нұрдәулет. Жарты жылдың қорытындысын шығарып, қызметкерлерге сыйақы берейік деп шешкен едік, бәрі де сені мақтап, тізімге енгізіп, леп белгісін қойыпты. Сол қомақты сыйақыңа өзім мен қызметкерлер қосылып саған берейін деп келдім. Жігітім, 9-сыныпты бітірген соң арнайы колледжге түс, біздің саламызға қажет мамандық таңда, өзіміз жәрдем беріп оқытамыз. Алла қаласа, кейін бізге кел. – Рахмет, ағатай. Директор мен ағатайдың көздері жыпылықтап, жасаурап кеткендей болды ма… Мен де көп шыдамадым, сыныбыма жүгіре басып кіріп кеттім. Сабақ та бітіп болмайды. Қомақты конверт ішкі төсқалтамды томпитып, өзімнің де еңсемді көтеріп тастағандай болды. Шештім. Осыдан 4 жыл бұрын, біз қаңғып жүргенде, бір ағайлар мен әпекелер видеоға түсіріп, ақша жинайық деп келген еді. Мен айтып едім: «Ағалар, анашым жылай-жылай көзінде жас қалмады. Мынау кішкентайлар ауыра береді. Әкесіз жетімдерміз ғой. Үй алуға жәрдем беріңіздерші, Алла амандығын берсе, ішпей-жемей жұмыс жасап өзім қайтарамын!» – деп едім. Алдына алып отырған аға еңіреп кеп берсін. Әйтеуір, сол келгендер бастарымыздан ұзаақ сипап, әбден жылап-жылап кетіп еді. – Мына кісілер неге жылап отыр екен, олардың да әкелері жоқ болып, жылайды ма? – деп былдырлап отыр еді кенжеміздің алдындағы інім. Біршама уақыттан соң сол ағалар бізді тауып алып, баршамызды бір машинаға салып, бір үйге апарды. Кіріп бара жатсақ: «Құтты болсын үйлеріңіз!» – деп шашу атып жатыр. Менен кейінгілері бар, бәріміз сөздің мәнін ұқпай тәттілерді теріп мәз болып жүрміз. Даңғарадай, жихазы, жатын орны мен балалар бөлмелері бәрі дайын. Анашым есіктен кіргеннен табалдырықтан аттап барып, жүрелеп отыра қалып, қуанышын айта алмай еңірей берді. Рахметін төгіп, Алладан қайтсын деп жатыр. Жақсыға тез үйренесің ғой, жаңа өмір басталып кеткен еді. Бір күні түнде оянып кетіп, анашымның күбірлеп жүрген дауысын естіп, бақылап жатырмын. «Аллаһым, осы күнге жеткіздің. Шүкір, шүкір. Көз жасымызды көріп, дұғаларымызға жауап беріп, қайырымды жандардың жүректерін жібітіп, Өзің разы болатын амалдар жасаттың. Олардың да дұғаларын, тілектері мен өтініштер қабыл ете гөр!» – деп қабырғаны сипап жүріп, беттерін де сипап қояды. Мен де ағалар әперген жылы көрпешенің астында жатып: «Әмин, әмин», –деп бетімді сипап жатып, қайта ұйықтап кетіппін. Сол ағалар хабарласып тұрды. Жазғы каникулда рухани тәрбие лагерлеріне менің, інім мен қарындасымның ақысын өтеп, үш жыл бойы барып жүрдік. Ер балалар бөлек, тау бөктеріндегі бір Бағдат деген ағамыздың керемет салған ғимаратында болдық. Тура жанында мешіт бар. Мен араб әріптерін алты күнде, інім он күнде жаттап, шүлдірлеп Құран оқи бастадық. Анамның қуанғанын айтып жеткізе алмаймын, енді. Әкемізге бағыштап Құран оқитын болдық. Бассейн, спорт, күрес, тәрбие сабақтары, «Сарыағаш» медресе колледжінде саяхатта болдық. Мәә, мешіт пен асханасы тура судың ортасында тұр ғой. Суда қайықтар мен аққулар, балықтар жүзеді. Қара аққуды алғаш көруім. «Қиял әлемі» деген саябаққа барып тұрдық. Кіргеннен балмұздақ, аттракциондардың бәрі тегін. Бұндай жерге анашымның қаражаты жоқ екенін білеміз ғой, өзіміз айналып өтетін едік. Шапағат деген аға …, айтпаймын, тіл-көзден сақтасын… Тәрбиеші – ұстаздарымыз осы, «Сарыағаш медресесінің» шәкірттері екен, жазғы демалыста біздерді имандылыққа үйретіп жүрген. Сабақта жалқаулардың алақандарынан сызғышпен шарт еткізіп ұрады да, ал сабақтан соң ойын ойнағанда бәріміз мойындарына отырып аламыз ғой. Бір қабақ шытпайтын ағалар. Олармен кешке не бір мейірімділік туралы видеолар мен мультиктер көреміз. Бұл ағалар да жылауық екен, байқап отырамын ғой. Аянышты жерлерде, сахабалар туралы айтқанда, мұқтаждарға қайырымдылық шараларын көрсетіп жатқанда, көздеріне келген жасты білдірмеген болып қағып қояды. Бұрында жыламаған күн болмаған, мен білем ғой көз жастың дәмін. Мектептен шығып сол ағалармен хабарласып, олардың кеңселеріне бардым. Тура осы күні, қаладағы қайырымдылық қорлардың жиыны болып жатыр екен. Жассың демеді, мені отырғызып қойды араларына. Жобаларды талқылап жатыр. Мектептердегі оқушылардың рухани тәрбие жұмыстары, білім алушы шәкірттер мен медреселердің құрылыстарына, мұқтаж отбасыларына үй әперу тізімдері. Енді, әкімшіліктің бірнеше бөлімдері осында ма деп қаласың. Бұрындарда қиналғанда анашым бізді шұбыртып апаратын еді. Кейде жылы-жұмсақ сөйлеп, кейде дүрсе қоя беретіндері бар, әйтеуір шығарып салатын еді. Иә, сол мейірімділік сабақтары көп болса екен мектептерде. Сонда, осындай жүректері жұмсақ ағалар мен әпекелер көп болып, жылап жүрген мұқтаждар болмас еді. Жазда лагердегі ұстаздарымыз осы мейірімділік, көркем мінез, қайырымдылық туралы тәрбие сағаттарында көп айтатын. Ата-ананы, әсіресе ананы қатты сыйлауды, «уф» деп бетіне қарап сөйлемеуді, Жәннаттың кілті ананың аяғының астында деп. Алғашқы жылы-ақ, лагерден келе салып, анашымның аяғын жылы суға салып, жарысып жууды әдетке айналдырдық. Үйді тап-тұйнақтай жинап қоямыз. Қарындасым, қыздар лагерінде тамақ жасаудың, тоқаш пісірудің не бір түрін үйреніп келеді, бәріміз жабылып соны жасаймыз. Анашым балабақшада нянка ғой. Педагогқа оқып жүр, тәрбиеші боламын дейді. – Ал енді, мына Ерқанаттың шаруасын тыңдайық. Жиналыста отырып, ойланып кетіппін. – Менде көп шаруа жоқ. Өздеріңізді сағынып қалдым, амандасайын деп. Онан кейін, мен осы жылы жазда жұмыс жасап едім, сол мекеме басшысы да мейірімділік шараларға қатысып жүреді екен. Маған, жаздағы жұмысыма сыйақы даярлап, мекеме қызметкерлері қосылып, қомақты қаржы берген еді. Сол енді, төрт жыл бұрынғы уәдем бар ғой, үйдің ақысын біртіндеп төлеп беремін деген. Соны әкеліп едім. Енді, ер-азаматпыз ғой.. Ойбуу, мына ағалардың бәрі жылауық қой, өздері дәу-дәу болғандарымен. Көз жастарын ешқайсысы жасыра алмайды, бәрі бір аласа үстелдің айналасында. Еңкілдеп кетті бәрі. Бастарын төмеен салбыратып, дір-дір етеді. Менен де кетті. Мені қойшы, көз жастарым канал жасап алған ба, шығып алып домалап-домалап кете береді. Тіпті, көзімді бадырайтып тұрып, шықпасын десем де сол күйі кете береді ғой… Бір, теледидардан көріп жүрген аға орталарында бар еді, сол кісі сөз алды: «Айналайын бауырым, ер жетіп қалыпсың. «Жетім өспей ме, жарлы байымай ма», – дейді қазақта. Алла разы болсын саған. Ол қаржыны ел-жұрт жинап берген еді. Ол ақшаны анаңа апарып бер. Үйде бес баласыңдар, қажеттерің жетерлік. Саған сыйақы берген ағаң өзі де келіп қалады қазір. Ол кісі әуелден демеушіміз ғой. Ә, міне өзі де келіп қалды. Ассаламу алейкум…» Бағанағы мектепке келген аға маған таңырқап қарап, арқамнан қағып қояды. Лагердегі ұстаз айтып еді. «Қазақ, ұлының басынан сипамаған, ез болып кетеді деп. Арқасынан қағып, рухын көтерген!» – деп. Амандасқанда алақаны не деген жұмсақ, арқамнан қаққанда бейне бір ыстық леп келіп тұрғандай болдым. Әкем осындай болған деуші еді анашым… Сонымен не керек, ортамыздағы Берік ағамыздың «Мәдина» деген керемет дәмхансына бет алдық. Менің ер жетіп, ер қанат болғанымды қымыз-шұбат, қазақ тағамдарымен халал жерде атап өтпекке. Ол кісі, қала сыртындағы 8 гектар жерін қайырымдылыққа сыйлап, балалар демалыс – тәрбие лагерін ашатын болыпты. Ол жердің бағасын айтып еді миыма сыймай қалды. Не деген… Сөйтіп, мен де ағалардың жылап жүріп қайырым мен мейірім көрсететін командасына кірдім… Анашыма осының бәрін тізіп отырып айтып беремін. Міне, өз баспанамызға да жеттім, шүкір. – Ерқанатым, алтыным, кешіктің ғой. Спорт ертең еді ғой. Кел, қолыңды жуып, дастарханға отыр. Бүгін де сенің қарындасыңның рецептімен тамақ даярланды. Мен де балалардан енді келдім… – Анашым, білсең ғой, бүгін менің басымнан өткенін… Тағы да қуаныш жастарың домалайды… Ол анашымның қуаныш жастары. Аналар тек қана қуанғаннан жыласа екен. Мірқожа МАДИЯРОВ, Алматы