Ағымдардан сақ болайық
Алла елшісі (с.ғ.с.) адамзатқа екі дүние бақытына жетелейтін ашық жолды көрсетті. Бұл жолдың басқалардан ерекшелігі — адамзаттың барша құндылықтарын қамтуында. Сол құндылық пен игі амалдың орындалуы қоғамның ынтымағы мен тыныш болуына тікелей байланысты. Хадистерге назар салсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) біздерді бөлінуден, ауызбіршілікке сызат түсіруден сақтандырған. Мысалы, имам Бұхаридің жинағында: «Мұсылман жамағатымен, олардың имамымен бірге болыңдар. Ақиқат жолынан тайып кеткен ағымдардан сақ болыңдар. Тіпті ағаш тамырын шайнап жүріп дүниеден өтіп кетсеңдер де», деп ескертуі жайдан жай емес. Демек, хадистен бүкіл ағымдардан алыс болудың маңыздылығын түсінеміз.
Мұсылман адам әрдайым көпшіл, қоғам мүддесін қашан да жеке басының пайдасынан жоғары қоя білуі керек. Көпшілік пікірімен санасып, қоғамнан бөлінбеу оның басты бағытының бірі болмақ.
Мұсылман қоғамынан ажырап, аласұрып өз орнын таба алмай жүрген әлгі ағымдарға назар салсақ, олардың сан жағынан аздығын көруге болады. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, олар өздерін ақиқат жолындамыз деп ұрандатып қана қоймай, қалған мұсылман жамағатын адасушылықпен айыптауда. Асылында оларды осы іс-әрекетінен-ақ, танып білуге болады. Олар ықылым заманнан шариғат қағидаларымен сіңісіп кеткен ата-баба салтын мансұқтайды. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, тіпті кейде жергілікті жерде мойындалған мазһабтардың атын жамылып, өздерін сол мазһабтың жанашыры ретінде көрсетіп, өз мақсаттарын жүзеге асырып жатады. Олар қай жерде қандай да бір топ немесе ағым жамандалып жатса, қосылып жамандап та кете беруі мүмкін.
Ағымдарға ат қою білім мен тақуалық, даналық пен көрегенділікпен танылған ғұламалар тарапынан жүзеге асады. Бірақ сол атауды аталмыш ағым өкілдері мойындамай жоққа шығарып жатуы да мүмкін. Мұғтазила ағымына алғашқы атауды Хасан Басри қойды. Кей деректерде Алла елшісі (с.ғ.с.) харижиттерге атауды өзі берген деген риуаят бар. Ағымдар өз көріністерінің ерекшелігімен, басшыларының атымен, кең тараған жер атауымен немесе ақида жағының ерекшелігімен аталып жатады. Бұл жайтты естен шығармауымыз керек. Кейбір ағымдардың жасаған амалдары мен сенімі аһлі сүннет мектебіне бір табан жақын болуы да мүмкін. Кейде Ханафи мәзһабы ғұламаларынан тәлім алған шәкірт басқа бір ағымның негізін қалаушылардың біріне айналып қалуы да бек мүмкін. Кейде ұстазының білімі мен тақуалығы қаншалықты жоғары деңгейде болғанымен, шәкіртінің қоғамнан орын ала алмауы, оның көпшілік ұстанған бағыттан ажыралып тұруы жаңа бір ағымның жетегінен ұстап кетуіне себеп болады.
Мұсылман адам әрдайым жергілікті басшыға бойұсынумен қатар көпшілік мүддесін бірінші орынға қоюымен ерекшеленіп тұрады. Адасқан ағымға қосылуды қоғам құптамай, заң жағынан қылмыс деп баға беріп жатса, ондай ағымдардан бойымызды аулақ ұстаумыз керек. Бұл біздің мұсылмандық борышымыз болмақ.