Ағымдардың арбау әдістері
Бүгінгі ақпарат тасқыны бой бермей тұрған қоғамда діни құндылықтар туралы мәселелер бұрыннан да өзекті болып отыр. Бұл соңғы кезде жиі бой көтеріп жатқан жаңа діни ағымдар ішінен дәстүрлі діни жолды ажыратудағы қиындықпен байланысты.
Діни культтердің жаңа буыны өткен ғасырлардағы культтерге қарағанда мүлдем басқа психологиялық және ақпараттық жүктемеге ие.
Діни дəстүрлер ғасырлар бойы əрбір халықтың рухани өміріне үлкен əсерін тигізуде. Адамзат тарихында діннің алатын орны ерекше екені белгілі. Ежелден адам баласы өзін қоршаған ортаны танып-білуде діни нанымдар мен түсініктерге сүйенген. Дін – əр халықтың мəдениетінің айнымас бөлшегі. Жаңа дəуірде əлемді шырмауықтай шырмап алған əртүрлі жаңа діни ұйымдар ұлттық санасы мен мінезі, қоғамдық моралі әлсіреген, яғни дәстүрлі дінге сенімі азайған қоғамға өз діндерін енгізуге талпынып отыр.
Қазіргі кезде жастар арасында дінге бет бұрушылық күрт өсіп келеді. Бұл құбылыстың себептерін жіктей отырып, мынадай негізгі бағыттарға бөліп қарастыруға болады: жастардың өзіндік дара бейнесін көрсетуге жəне өз потенциалын асыруға талпыныс, жаңа ықпалдарға бой ұру, өмірлік құндылықтар діңгегін табу факторлары жатады. Дінге байланысты өзекті мəселелер – діннің қоғамдағы орны, діни тəрбие, діни сауатты болу күн тəртібінен түспек емес.
Дін психологиясының пəні діндар адамдардың психологиялық ерекшеліктерін, оның жүріс-тұрысын зерттеу жəне олардың діни емес адамдардан айырмашылығын айқындауға негізделеді.
Жастар қауымы барлық ықтимал секталар мен діндердің жетекшілері үшін үлкен қызығушылық тудырады. Әлі де өмірден өз орнын таба алмаған жастар, студенттік өмірдегі қаржылай, рухани қиындықтарын жеңу үшін деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Осылайша, секталар мен деструктивті ағымдарды зерттеу ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету контекстінде аса өзекті.
Негізінен ағымдардың басты нысанасы – 15-30 жас аралығындағы, айқын көрінген діни артықшылықтары жоқ адамдар. Секталар мен деструктивті ұйымдар жетекшілерінің негізгі міндеттерінің бірі – елді саяси және экономикалық тұрғыдан өзгерту болғандықтан, олар қоғамның идеологиялық жағынан қалыптаспаған бөлігіне әсер етуге тырысады, өйткені олар идеалды (олардың идеялары бойынша) адамзаттың болашағы үшін негіз табады деп үміттенеді.
Діни ұйымдарға жаңадан кірген мүшелерінің айтуы бойынша, онда нағыз достық, отбасылық қатынас орнайды, əрбір адам іздеген ақиқат дəл осы жерден табылғандай болады. Жаңа адам осы табынушылыққа түскеннен кейін, ол ерекше топтың психологиялық қысымын көрсету ахуалында болады. Рухани бірлік сезімін қалыптастыру үшін топтық жылы ара қатынас, бір-бірін қолдау, əн айту, құшақтасу, жағымпаздану жəне жанасу да қолданылады.
Сонымен қатар әр мүшені жас мөлшеріне қарай топтарға бөледі. Яғни жастарды қадағалайтын адам бөлек, орта жастағы адамдармен жұмыс жасайтын адам бөлек. Бастапқыда одан ешнəрсе талап етілмейді, артық сұрақ қойылмайды, еш нəрсемен мазаламауға тырысады, сондай-ақ тек осы жерде ғана аса құдіретті күшке, яғни Құдайды танып білу бақытына ие болатыны жайлы түсінік береді.
Жаңа діни ағымдарға жастарды қызықтыру әдістері:
– психологиялық амалдар;
– тегін білім беру орталықтары;
– «медициналық» тәжірибелер;
– экономикалық пайда табатынына сендіру;
– жаңа мағынаға толы, бақытты өмірдің перспективасы.
Бір қарағанда бұл әдістер қарапайым, қауіпсіз көрінуі мүмкін. Адамға алданғанын сездірмеу үшін көптеген әдістер бар. Егер бұл шындыққа сәйкес келмесе, әлемде көптеген культтердің ұстанушылары болмас еді.
Адам жасы неғұрлым кіші болса, соғұрлым сыртқы əсерлерге, эмоцияға жылдам берілгіш келеді, себебі олар айналаны зерттеу ортасы ретінде қабылдайды. Демек, діни ұйымдардың мақсаты – ұйым мүшесінің шешім қабылдауына билік жасау емес, сонымен қатар оның ойына, сезімдеріне, тұлғалық ерекшеліктеріне де жетекшілік ету.
Діннің адам мен қоғам өміріне жасайтан ықпалына келер болсақ, ол адамның табиғатындағы əлсіз нүктелерді толықтыратын əсерлерді қалыпқа түсіретін, жеке тұлғалық болмысына бағыт беретін, оның бір бүтінге айналуын қамтамасыз ететін психологиялық элемент. Бүгінгі таңдағы күн тəртібіндегі өзекті мəселелер қатарынан орын алатын діни ұйымдардың жастар арасында таралуы, олардың санасы мен психикасына əсер етуі өзекті мәселе. Себебі қазіргі таңда діни сауаты төмен өрімдей жастарымыз сан алуан діни ағымдардың жетегінде кетуде.
Бұл көпшілікке ой салатын, баршамызды алаңдататын күрделі де қиын жағдай. Олай болса, жастарымыздың діни сауатын арттыру олардың дəстүрлі діни сенімдерінің тұрақтылығын арттыру қажеттілігін туғызады.
Мемлекет пен қоғамның міндеті – жастарды осы қауіптен қорғау, қажетті біліммен, әлеуметтік білім беру институттары арқылы психологиялық өзін-өзі қорғау әдістерімен қамтамасыз ету, сектанттықтың кеңеюіне қарсы тұрудағы олардың жауапкершілігі мен рөлін түсіндіру.
Б. АЯПОВА,
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі
басқармасының жанындағы «Кеңес
беру және оңалту» орталығының
маманы