Балалар суицидке не үшін барады?
Бүгінде қоғамды дүр сілкінтіп тұрған әлеуметтік кеселдің қатарында суицидтің, әсіресе балалардың өз-өзіне қол жұмсауы жұртты қатты алаңдатып тұр. Кеше ғана көз алдында алаңсыз күліп-ойнап жүрген жасөспірім баласынан ойда-жоқта айырылып қалған ата-аналардың қайғысы елдік мәселеге айналды.
Депрессия деңгейі оңалмай тұр
Суицидтің кейінгі жылдары елімізде өрши түсуіне түрлі жат идеологиялық экспансияның да әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Ал психологтер бұл қоғамдық қасіреттің белең алуына адам басындағы депрессиялық көңіл күйдің көп әсер ететінін айтып, дабыл қағып жүр. Депрессия деңгейі бойынша Қазақстан бүгінде 180 елдің ішінде 93-орында тұр. Бірақ суицидке қатысты жағдай сол қалпы – жылына 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бұл – 178 елдің ішіндегі 19-көрсеткіш. Ерлер әйелдерге қарағанда өз өмірін қиюға 4-5 есе жиі баратын болып тұр.
Расында, елімізде кейінгі жылдары суицид жағдайы тым жиілеп кетті. Айталық, күні кеше «Almaty Management University» студентінің мәйіті табылса, оның алдында ғана Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқитын сержанттың суицид жасағаны белгілі болды. Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы көпқабатты үйден секіріп кетті. Дәл сол қалада 12 жастағы жасөспірім қыздың 13-қабаттан секіріп, өз өмірін қиған оқиғаға да көп уақыт өте қойған жоқ. Ал оның алдында екі оқушы қыз 8-қабаттан бірдей секіріп, жұмбақ жағдайда ажал құшқан еді. Бұл цифрлар расында депрессиялық көңіл күйді анықтап, суицидтің алдын алу мәселесімен жекелеген ведомстволар деңгейінде ғана емес, бұдан былай мемлекетке төнген қауіп тұрғысынан қарап, арнайы тұжырымдама қабылдау арқылы күш біріктіре күресу қажеттігін көрсетіп отыр. Биылғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандану үрдісіне, жаңа технологиялардың дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіп төндіріп келе жатқан жаңа кеселдер пайда болғанын еске салып, ел болып күресуімізді, біржола тосқауыл қоюымыз қажеттігін талап ететін бес кеселді атап өтті. Солардың бірі – лудоманиядан кейін келетін суицид. «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді», деген Мемлекет басшысы қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керектігін ескертіп, мұны ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе ретінде атап өтті. Өз-өзіне қол жұмсау әдетте ересектер арасында, әсіресе өмірден әбден қажыған, я болмаса қаржылық тығырыққа тірелген, қорлықтың құрбаны болып, шарасыз күйге түскен жандар арасында кездесіп жататын. Жыл өткен сайын бұл сұмдықты жанына жақын тұтып, жұбаныш көретіндер жасарып келеді. Ең қорқыныштысы, өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің бәрі тегіс қиындық тығырығына тірелгендер емес. Артын қазбаласаң, кейбір қайғылы оқиғаның артында әлеуметтік желінің азғыруы шығады.
Заңның орындалуы сын көтермейді
Осы айдың басында бұл мәселені Парламент депутаттары назарға алып, Мәжілістегі Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова үн қатты. Депутат кейінгі уақытта еліміздегі балалар суициді бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, ата-аналар мен педагогтер арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады. Сауалға Мәжілістегі барлық партия фракцияларының мүшелері қол қойған. Онда Парламент осы дертті ауыздықтау бағытында заңдарды қанша қатаңдатқанымен, сол нормалардың орындалуының төмен екені айтылып отыр. – Бұл қайғылы жайттар, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент бүгінгі таңда заңнамалық шараларды, мысалы, Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда суицид туралы 2-бап қабылдады. Сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға «Масс-медиа туралы» заңға нақты реттеу тетігі енгізілді. Бұған қоса буллингке және кибербуллингке арнайы әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігі енгізілді, білім басқармаларының жанынан психологиялық орталықтарды құру, психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданғанына қарамастан, аталған нормаларды орындау деңгейі әлі де әлсіз, – деді Ж.Сүлейменова. Депутат әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, квестер және зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің санасын улап, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеп жатқанына қынжылып, осындай контенттердің таралуына бақылауды күшейту кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті. – Әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі негативті әсерлерге көз жұму – ұрпақ болашағына немқұрайдылық танытумен тең. Заңнамалық қабылданған шараларды орындауды күштік органдар, әсіресе мессенджерлердің жасөспірімдер контентінде гигиена шараларын қатаңдатуын талап ететін уақыт келді. Президент тапсырмасымен Парламент қабылдаған заңнамалық шешімдерді орындауды мемлекеттік органдар қатаң бақылауға алуға тиіс. Әрбір ата-ана балалардың интернеттегі уақытын қатаң бақылап, зиянды контенттерден қорғалғанына көз жеткізуі керек. Әлеуметтік желілерде емес, шынайы өмірде қарым-қатынас пен жетістікке жетуге үйретуі қажет, – деген депутат осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифрлық даму министрлігі балаларға қауіпті контентті анықтап, зерделеуде ведомствоаралық жауапкершілікті одан әрі күшейтуі қажеттігін ескертті. Ескертіп қана қоймай, Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының Үкімет үйіне бағыттаған бірқатар ұсынысын жолдады. Онда қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу, ата-аналарды зиянды контенттің қаупі туралы ақпараттандыру үшін сапалы ақпараттық бейнероликтер әзірлеу, цифрлық сауаттылықты дамытуды барлық негізгі пәннің бағдарламасына енгізіп, ата-аналарға көмек болатындай, тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналдыру шарт екені қамтылған. Бүгінгі балаға жеку де – буллинг Осы мәселе бойынша біз педагогика және психология саласынан PhD, Astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры Әсел Исаханованың кеңесіне жүгініп, пікірін білдік. Тәжірибелі психолог кейінгі жылдардағы балалардың өз-өзіне қол жұмсауы негізінен ковид пандемиясы кезінде өрши түскенін айтты. – Бұл – әрине, бірнеше рет көтерілген өте өзекті мәселе. Жалпы, суицид көрсеткіштері бұған дейін де, коронавирус пандемиясы алдында алаңдатарлық жағдайда еді. Мектептерде мықты, білікті психолог, психиатрлар белсенді жұмыс істеп, бұл кеселдің бетін біршама қайтарған еді. Яғни мұғалімдердің де түрлі тестімен, курстармен біліктілігін шыңдап, нәтижесінде, көрсеткіштер төмендеген. Ал пандемиядан кейін жағдай күрт өзгерді. Өйткені шектеу кезеңінде бүкіл ел барлық қатынасты смартфондардың, компьютердің көмегімен онлайн атқарып, соның ішінде онлайн ойындардың да дәурені жүрді, – дейді психолог. Әсел Әлімаханқызы балаларға көрсетілер психологтердің көмегінен бөлек, ең алдымен оларды эмоционалдық тұрақтылыққа үйрету керектігін алға тартып отыр. – Эмоционалдық тұрақтылық бетпе-бет қарым-қатынастар арқылы қалыптасады. Яғни бүгінде балалар көбіне онлайн ортада, виртуалды әлемде өмір сүргендіктен ол өзін шынайы ортада қалай ұстау керектігін, эмоциясын қалай жеткізуге дағдыланбай, бір жағдай болса, сырын сыртқа айта алмай, іштей тынып, ақыры суицидке барады. Ол үшін мектепте, ЖОО-ларда арнайы орталықтар ашып, жастардың топ болып араласып, көбірек бетпе-бет қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау керек. Әсіресе 1-2-курс студенттері арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиі орын алады, – деген психолог бүгінгі буынның балаларына ұрсудың өзі қауіпті деген пікірін жеткізді. Иә, расында кеңестік дәуірді көрген ата-аналар санасындағы «Кезінде ата-анамыздан, үлкендерден біздің көрмегеніміз жоқ, қанша таяқ жесек те осы күнде өліп қалмай аман-есен жүрміз ғой» деген көнерген заманның көзқарасы бүгінгі бала тәрбиесіне жүрмейді. – Бұл жағдайда мектеп мұғалімдерін де, ата-аналарды да түзеу керек. Буллинг мәселесін көтергенде ең алдымен осы түйткілге келіп тірелеміз. Өйткені ата-аналардың да, мұғалімдердің ішінде балаларға өте қатты қысым көрсететіні белгілі. Олар оны сезбейді, байқамай да қалады. «Неге балаңызға қысым көрсеттіңіз?» деп сұрасақ, кейбір ата-аналар кезінде өз басынан өткенін айтып, мұны қалыпты жағдай сияқты қабылдайды. Бұл – өте қате әрі қауіпті түсінік. Салыстыруға келмейтін екі бөлек әлем. Себебі қазіргі балалар әлеуметтік ортаға өте жақын. Көп ақпарат алады, көбі өздерінің құқығын біледі. Бүгінгі буынмен негізінен ақылдасу, кеңесу, түсіндіру түрінде сөйлескен жөн. Бұрынғыдай айқайдың астына алып, ұрып-соғудың заманы өткен, – дейді Ә.Исаханова. Психолог буллинг мәселесін заң нормаларымен де, ата-ана, мұғалімдермен де тікелей жұмыс жүргізу арқылы реттеуге болатынын ескерте кетті. Заң демекші, бұл бағыттағы құқықтық-нормативтік актілер биыл біраз күшейтілді. Жуырда Бас прокурор Берік Асылов X парақшасында суицидке апаратын 15 мың сайт және сілтемелердің көзі жойылғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ ол апта басында суицидті насихаттайтын шетелдік сайттар бойынша құқықтық көмек көрсетуге қатысты ақпаратпен бөлісті. «Суицидті насихаттайтын шетелдік сайттарға қатысты құқықтық көмек көрсету бағытында халықаралық тапсырмалар жіберіледі. Тергеу барысында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы мәселені қарастырамыз», деді Бас прокурор. Ол қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, бірқатар сараптама тағайындалатынын да айтты. «ІІМ суицидтің фактілерінде ҚК-нің 313-1-бабы белгілерін тексеру тапсырылды. Тергеу барысын бақылауға алдым. Басқа да әлеуметтік желілерде ҚК-нің 313-1-бабы белгілерінің бар-жоғын тексереміз. Интернетте өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін прокуратура ҚК-нің 313-1-бабымен 3 қылмыстық іс қозғады. Тергеуді арнайы прокурорларға тапсырдым. Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген контентке қатысты бірнеше Telegram-арнаның қатысушылары мен әкімшілері тексеріледі», деді Бас прокурор. Қалай десек те, қыркүйектен бергі өткен күндер көрген түстей болып көңілімізге көп ой салып, күпті етіп қойғаны рас. Бірінен кейін бірі болған балалар суициді, әскердегі күнара қыршын кетіп жатқан жалындаған жастар ертеңінен үміт күтпей ме деген күмәнді сауал мазалай бастады.
Жасұлан БАҚЫТБЕК
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Балалар суицидке не үшін барады? | Қазақстандағы Ислам