Сұхбаттар

Биыл ұмра рәсімін жасауға рұқсат берілді ме?

Бұл туралы ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов айтып берді.

– Былтырғы 2020 жыл бүкіл әлем үшін қауіпті болды. COVID-19 індеті әлемге тарап, мыңдаған адамды ажал құштырды. Адамзатты тығырыққа тіреді. Бұл індет бес парыздың бірі саналатын қажылық сапарына да үлкен өзгеріс алып келді. 2020 жылдың ақпанында Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі пандемиядан туындаған қауіп-қатердің алдын алу және оның таралуына жол бермеу, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау ұйымдарының талаптарын ескере отырып қажылық рәсімін жасаушылар үшін Мекке мен Мәдина қалаларын жапты.

Бұл жағдай барша мұсылмандар үшін күтпеген оқиға, жүректерді сыздатқан көрініс болды. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі коронавирустың таралу қаупі жоғары елдердің азаматтарына туристік және ұмра визаларын беруді уақытша тоқтатып, әлемнің әр түпкірінен келген туристер мен ұмрашыларға елге кіруге тыйым салған болатын.

– Алайда кейбір елдердің мұсылмандары үшін Сауд Арабиясы билігі ұмра рәсімін өткізуге рұқсат берген секілді ғой.

– Иә, 2020 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің (GCC) барлық төлқұжат иелері мен жарамды виза иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, корольдікке емін-еркін кіріп, жұмысқа тұруына немесе қайта оралуына жол ашылды. Араға сегіз ай салып, 2020 жылдың қарашасынан бастап эпидемиялық жағдайы тұрақты елдердің мұсылмандарына ұмра рәсімін орындауға кезең-кезеңге бөліп рұқсат берілді. Бірақ Сауд Арабиясына кіретін азаматтардан сертификатталған зертханаларда 48 сағат бұрын тапсырылған сынама қорытындысының болуы талап етілді.

– Әлеуметтік желілерден біздің елдегі кейбір азаматтардың Сауд Арабиясында жүргенін, ел тұрғындарын ұмра сапарын өтеуге шақырып жатқан жазбаларын байқап қалдық. Сауд Арабия басқа елдер секілді Қазақстан азаматтарына да ұмра жасауға уақытша тыйым салды емес пе?

– Қажылық пен ұмра – туристік сапар емес. Қажылық – дініміздің бес парызының бірі, ал ұмра – сүннет амалы. Бұл құлшылықтарды өтеу кезінде ең алдымен ниет маңызды. Өзіңіз айтқандай, Сауд Арабиясының көптеген елдер секілді Қазақстан азаматтарына да ұмра жасауға уақытша тыйым салғанына қарамастан, кейбір азаматтарымыздың сол елде ұмра қажылығын өтеп жүргенін әлеуметтік желілерден көріп жатырмыз.

– Сонда еліміздің бұл азаматтары ұмраға қалай барып жүр?

– Сауд Арабиясы пандемия жағдайына байланысты ұмра және туристік визаларды беруді уақытша тоқтатқанын айттық. Ұмра және туристік визаларды беру жүйесі Қазақстан үшін әлі ашылған жоқ. Сондықтан сіз айтып отырған еліміздің азаматтары Сауд Арабиясына тек бизнес визасы арқылы бара алады. Жоғарыдай айтқандай, қажылық пен ұмраға ниет еткен азаматтар кәсіпкер ретінде емес, Жаратушы алдындағы міндетін орындау үшін баруы қажет. Сол азаматтардың көпшілігі тек кәсіп үшін бармағаны айдан анық. Бұл жерде мынаны түсіну қажет. Бизнес виза тек кәсіпкерлер үшін беріледі. Елшіліктен бизнес виза рәсімдеп, тек ұмра қажылығын өтеу үшін бару қулықпен бірдей нәрсе. Бұл визамен ихрам киіп, толыққанды құлшылықты орындау мүмкін емес.

– Рас, ұмра шарты бойынша ихрам миқатқа кірген кезде киіледі. Ал бизнес визамен Сауд Арабиясына кірген азаматтар миқатқа кірген кезде ихрам кие алмайды. Демек бұл да ұмраның шартына қайшы келіп тұр емес пе?

– Ихрам дегеніміз – қажылық немесе ұмра жасайтын адамның басқа уақытта адал болып есептелетін іс-әрекеттерді белгілі бір уақыт өзіне харам етуі. Қажылық пен ұмраға ниет етіп, тәлбия айту арқылы адам ихрамға кірген болып есептеледі. Ихрам кию үшін белгілі бір мекен, яғни миқат белгіленген. Миқатқа ихраммен кіру қажет. Миқатқа ихрамсыз кірген адам, қайтадан артқа қайтуы қажет. Егер қажылық жасаушы миқаттан білместікпен өтіп кеткен болса немесе миқатқа ихрамсыз кіргеніне күмәнданса, құрбан шалуға міндеттеледі.

– Намаз оқып тұрған адам қателесіп кетсе, сәһу сәждесін жасап намазын толықтырады. Ал намазда біліп тұрып қателік жіберсе, күнә болады. Бұл жердегі мәселе де осыған ұқсас емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз Сауд Арабиясына бизнес визасы арқылы кіріп, ұмра жасаушы азаматтар миқаттан ихрамсыз өтетінін алдын ала білді. Ихрамды кие алмайтынын біле тұра, шартын бұзып, оның орнына бір қой құрбандыққа шалу шариғатқа сай емес.

–  Сауд Арабиясы жақында қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салу мерзімін ұзартқан болатын. Ұмра рәсімін жасауға нақты қай кезде рұқсат береді?

– Дәл қазіргі жағдайда нақты уақытын дөп басып айту оңай болмай тұр. Пандемиялық ахуал күнде өзгеруде. Мұның алдында Сауд Арабиясы билігі 2021 жылдың 31 наурызынан бастап шекаралардың ашылатынын хабарлаған болатын. Алайда жақында Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі бұл елдің қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салу мерзімін 2021 жылдың 17 мамырына дейін ұзартқанын хабарлады. Демек шекаралардың ашылатын нақты уақыты мамыр айында белгілі болады деген жорамал бар. Дегенмен әлемде індет қарқыны бәсеңдеп, жағдай тұрақталса, күллі мұсылман асыға күткен жақсы жаңалықтардың болып қалуы ғажап емес.

– Қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салудың негізгі себебі айтылды ма?

– Сауд Арабиясы ел және шетел азаматтарын індеттен сақтандыру үшін осындай уақытша қадамға барып отыр. Өйткені алдымен азаматтардың денсаулығы маңызды. Денсаулық – Алланың пендеге берген ең үлкен нығметі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «… өз қолдарыңмен өздеріңді қатерге байламаңдар. Ізгі амалдар жасаңдар. Ақиқатында Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі 195-аят), «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын» («Ниса» сүресі, 102-аят) деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Деннің саулығы – ең үлкен нығмет» деген.

Демек әр адам Алланың берген байлығы – денсаулығына жіті мән беріп, өзін қорғауы қажет. Әр істің қайыры бар. Қажылық рәсімінің уақытша тоқтатылуының да бір қайыры бар деп білеміз. Миллиондаған мұсылман вирустың таралу қаупі бар жерде жиналса, мұсылман әлемі үшін қиындық тудырары анық. Әрине Меккені, Қағбаны сағынбаған адам жоқ. Алайда осындай қиын кезде түрлі қулыққа барып, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіру – жарамсыз іс. Іздеген адамға айла мен әдіс әр кезде табылады, ал бұл оғаш қылықтарды құлшылыққа пайдалану ұят тірлік.

Қажылық пен ұмраны өтеу – кез келген кісіге нәсіп бола бермейтін ғибадат түрі. Нәсіп болған кісі – Алла Тағаланың құрметті қонағы. Сол себепті оны өтеу жолы да тазалық пен туралыққа негізделуі тиіс. Хәкім Абай «Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ» демей ме? Сондықтан қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салуды түсіністікпен қабылдап, сабыр қылуымыз қажет. Біз үшін қазіргідей қиын уақытта еліміздің, жұртымыздың амандығы қажет. Адамзат баласының індеттен тезірек құтылып, қажылық пен ұмра рәсімдерін еркін атқаратын күнге жетуді Алла бізге нәсіп етсін! Әмин!

Серікбол ХАСАН

0

Автор публикации

не в сети 23 часа

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля