Деструктивті діни ағымдармен күрес – кезек күттірмейтін мәселе
Қазіргі таңда елімізде деструктивті діни ағым идеологиясының таралуы күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Бұл діни ағым өкілдерінің ортақ сипаты – діни сауаттылығының төмен болуы және қоғамнан оқшаулануы болып табылады.
Әлеуметтік желіні қолданушылардың саны артқан сайын, жат идеологияны насихаттайтын ақпараттардың да саны көбейіп келеді. Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығы өткен жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік желілерде 4 бағыт бойынша зерделеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Облысымыздағы діни ахуалды бақылауға алу мақсатында арнайы бағдарламалар жасақталған.
Өткен жылы Ақпараттық-талдау орталығы мамандарымен арнайы бағдарлама арқылы әлеуметтік желідегі деструктивті діни ағымды насихаттайтын 32 000 астам топ бұғатталса, ағымдағы жыл басынан бері 50 000 жуық топ бұғаттауға енгізілді. Сондай-ақ 18 мың адамның әлеуметтік желідегі парақшаларына зерделеу жұмыстары жүргізілді.
ҚР ӘҚБтК-нің 490 бабына сәйкес, әлеуметтік желіге діни ақпараттарды, оның ішінде, ҚМДБ немесе шетелдік уағызшылардың видео немесе фото түріндегі уағыз-насихаттарын жүктеп, жариялауға болмайды. Интернет кеңістігіндегі теріс діни ақпараттардың алдын-алу мақсатында, облыс тұрғындары арасында танымал әлеуметтік топтарға тіркелген парақшаларға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ҚМДБ уағыздарын насихаттайтын топтарға тіркеліп, діни материалдарды жеке парақшасына жариялаған 783 азаматқа ескерту хабарламасы жіберілді.
Интернет желісінде дәстүрлі емес діни ағымның ақпараттары тез таралып, бірінің орнын бір алмастырып отырады. Осы себепті діни экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық насихат жұмыстарының маңызы зор. Осы бойынша қаңтар-мамыр айы аралығында жалпы саны
325 000 материал таратылды.
Орталық мамандары ҚР ӘҚБтК-нің 453-490 баптары өз күштерімен арнайы аудиохабарламаның дайындаған болатын. Аталған аудиохабарлама күн сайын облыс тұрғындарының 80% пайызын қамтитын «Атырау радиосы 102FM» әуе толқынында және халық көп шоғырланатын «Лимон», «Мұрагер», «Насиха», «Көктем», «КарСити», «Бақдәулет» т.б. ірі сауда орталықтарындағы радио рубкаларында жүргізілуде.
Теріс ағым өкілдері үшін жасөспірімдерді өз құрығына түсіру үшін көптеген түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Ал жасөспірімдік шақ – ең қауіпті кезең. Бұз кезеңде ата-аналар балаларын қатаң бақылауда ұстап, діни ағымдардың жетегінде кетпеуіне жол бермеуі керек. Осы мақсатта, аудиоақпараттар облысымыздағы 12 635 мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында «Whatsapp», «Telegram» таратылды.
Халықтың діни сауаттылығын арттырудың негізгі және тиімді тетіктерінің бірі бұл – ақпараттық насихат жұмысы. Орталықтың негізгі міндеті – ғаламтор қолданушыларын радикалды діни идеологияның әсерінен қорғау үшін қарсы-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру.
Осы бағыт бойынша мақсатты топтар мектеп оқушыларымен, ұжымдық қызметкерлермен, университет студенттерімен кездесу өткізіп,
ҚР ƏҚБтК 453-490 бабтарымен таныстырып, əлеуметтік желіде діни теріс ағымдардың материалдарын пайдалану, тарату, жүктеу, сақтау заңмен жазаланатынын ескертуде.
Облыс тұрғындарының құқықтың және діни сауаттылығын арттыру мақсатында орталықтан дайындалған бүктемелер, флаерлар қалаішілік маршруттарда (№4, №12, №14, №22, №2, №30, №1 және т.б.), Жылыой ауданындағы «Тенгиз» вахталық қалашығында, Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығында, «Бақдаулет» сауда үйі және автобөлшек сататын «Үш жүз», «Мерей» сауда үйлерінде, Мақат, Құрманғазы, Қызылқоға және Исатай ауданындағы шағын және ірі сауда орталықтарында, Қазақтелеком, Газаймақ мекемелерінде, облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік мекемелерінде және мешіттерде таратылды.
Ғаламторды деструктивті діни ағым өкілдерінің насихат жұмыстарынан тазарту кезек күттірмейтін мәселе. Біз өз кезегімізде «Ата-аналық бақылауды» қатаң түрде ұстану керегін ескерткіміз келеді. Өйткені, еліміздің болашағы білімді де саналы ұрпақтың қолында. Келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болуы үшін жастардың білімін арттырып, жат пиғылды ағым өкілдерінен қорғауға міндеттіміз. Сол себепті, тек біз секілді тиісті орган өкілдері ғана емес барша халық осы мәселеде бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Құрметті облыс тұрғындары, жақыныңызды жат ағымнан қорғаңыз!
Сондай-ақ облыс тұрғындары біздің орталыққа келіп анонимді түрде әлеуметтік желіде қандай топтарға тіркелгеніңізді біле алады. Сондай-ақ біздің мамандардан психологиялық, теологиялық және құқықтық көмек алуға болатынын хабарлаймыз.
Ақпараттық-талдау орталығының мекен-жайы: Атырау қаласы, Нұрсая ы/а 6 үй. Байланыс телефоны — 8 (7122) 50 43 36.
Ақпараттық-талдау орталығының
басшысы Р.Сейтқалиев