Мақалалар

Деструктивті діни сана

Деструктивті діни ағымдардың ел ішінде жұмыс істеуі және кейбір адамдардың басында теріс діни сананың қалыптасуы – қоғамдағы ең қауіпті құбылыстардың бірі. Оның басты қатерлерінің қатарында қарапайым адамдарды жан-жақты алдап-арбау, психологиялық зомбылық және тіпті қаржылық құлдықта ұстауды да айтуға болады. Біздің елімізде, сондай-ақ жалпы посткеңестік кеңістікте мұндай теріс ағымдардың пайда болуы көптеген факторлар кешені нәтижесінде жүзеге асты. Біріншіден, жетпіс жылға жалғасқан атеистік идеология салдарынан посткеңестік қоғамның көп бөлігі рухани тұрғыда жадап-жүдеп қалған болатын. Адамдарда білім де, таным да, бағыт-бағдар да болмады. Тек әке-шеше, ата-әжелерінен өздерінің мұсылман екендігін ғана білетін. Нәтижесінде шекараның арғы жағынан және интернет арқылы «мен мұсылманмын» деп келген ағымдардың идеологиясын талдап-талғамай қылғыта беретін болды. Екіншіден деструктивті діни идеологияның таралуына 90-жылдардағы экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыдағы дағдарыстар да өз ықпалын тигізді. Болашағын, өмірін ойлап қиналған адамдар өздерін «құтқаратын» жолдарды іздеді. Осы сәтте теріс ағымдардың уағыздары «іздегенге сұраған» бола кеткені белгілі. Үшіншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін азаматтарымыз бостандықтың дәмін барлық салада сезіне бастады. Соның ішінде рухани сала да қалыс қалмады. Адамдардың діни таным-сенімі артып, ізденіс кезінде олар өздеріне беймәлім, жалған наным-сенімдер мен діни білімнің соңынан еріп кетіп жатты. Осы айтылған себептер және басқа да факторлар жинала келе қоғамда діни ұйымдардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауына ықпал етіп, олардың көпшілігі деструктивті сипатымен ерекшеленгені жасырын емес. 90-жылдары Қазақстанның ашық шекарасын пайдаланып, елімізге лап қойған түрлі дінсымақтардың санын дөп басып айту да қиын. Оларға қарсы тиімді заңнама да, адамдардың бойында қорғаныш иммунитеті де болмағасын, қарсылық пен тыйым көрмеген түрлі ағымдар өз насихаттарын ашықтан-ашық жүргізе берді. 2010-жылдарға қарай қоғамдағы діни ахуалдың күрделенгені сондай, дін туралы заңды қайта қарап, талаптарын күшейту қажеттігі анық біліне бастады. Өйткені кейбір деструктивті діни ағым өкілдері тіпті тайраңдап кеткен еді. Еліміздің бірнеше жерінде теракт орын алды. Құлшылық үйлерінде ресми имамдарға қарсы шығу оқиғалары көбейіп кетті. Осыған орай 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып, елдегі миссионерлік қызметті сәтті реттеуге көшті. Заң туралы бір ауыз айта кетсек, бұл маңызды құжат діни қызмет жүргізуге рұқсат етілетін шеңберлерді нақты сызып көрсетті. Діни ұйымдарды құру талаптарын күшейтті. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы байланысты нығайтты. Бұл өз кезегінде уәкілетті органдарға діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпастан, оларды бақылауға алуға мүмкіндік ашты.

Мәселен бұрын көрінген көк атты қоғамның кез келген жерінде діни уағыз айта беретін болса, енді тек діни бірелстіктердің ресми қызмектері болып табылатын және ресми тіркелген имамдар мен басқа да дін адамдары ғана ол жайында айтуға құқылы. Сонымен қатар діни уағыз-насихат тек құлшылық үйлерінде және арнайы бөлінген орындарда ғана жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар, бұрын әркім діни кітап шығарып, оны тарата берген болса, 2011 жылдан кейін тек уәкілетті органның оң діни сараптамасын алған, діни кітап басуға рұқсат берілген баспадан шығарылған кітаптарды ғана діни кітап сатуға рұқсаты бар дүкендерде ғана таратуға рұқсат етілетін болды. Мұның бәрі әрине қоғамдағы деструктивті діни сананың шеңбері тарылып, жалған діннің жетегінде жүргендердің қатарын азайтуға ықпал етті. Жалпы жалған сенімнің қандай қауіптері болуы мүмкін? Осы тақырыпқа да аз-кем тоқтала кетсек. Деструктивті діни ағымдар адамның рухани, психикалық және физикалық болмысына күйретуші ықпал етеді. Олардың арасында зорлық-зомбылыққа, дінаралық және ұлтаралық араздыққа шақырушылар бар. Өздеріне «Алланың жолында» шексіз еркіндік берілген адам ретінде санайды. Қоғам алдындағы азаматтық борышын, отбасылық міндеттерін өтеуден, қоғамдық тәртіпті сақтаудан, адамгершілік пен мораль құндылықтарынан бас тартатындар жоқ емес. Діни теріс ағымдардың үлкен қауіптерінің бірі – олардың идеологиясы адамның санасына бір кіргеннен кейін қайта шығуы қиын. Тіпті кейде адам баласы сол пиғылда өмір-бақи қалып, өз өмір сүріп отырған ортаға, қоғамға, адамдарға теріс көзқараста ғұмырын өткізеді. Осындай деструктивті діни ағымдарды құрушыларды көбіне-көп алаяқтар деп атауға негіз бар. Олар артынан діни сауаты жоқ қарапаймы жұртты ерту арқылы өздерінің экономикалық пайдаларын көздейді. Ал дін дегенің олар үшін жай бетперде ғана, оның артында билікке жету немесе материалдық байлыққа кенелу мақсаты тұр. Мәселен саентология шіркеуінің негізін қалаушы Р.Хаббардтың «Миллионер болғыңкелсе, дін ойлап тап» деген сөзі соған дәлел. «Жат ағымға енген адамның дүниетанымы өзгеріп, араласатын ортасы толықтай ауысып, тек өзімен пікірлес азаматтармен шектеледі. Ол бұдан әрі өзінің ойымен емес, діни ұйым немесе ағым көшбасшысының басқаруымен жүреді. Жеке басының құндылықтарын жоғалтып, сол ағымның мұң-мұқтажымен жүріп-тұрады. Жат ағымның етегінен ұстаған адам қоғамды «біз» және «басқалар» деп екіге бөліп қарай бастайды. Ол үшін отбасылық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік құндылықтар рәміздер, атрибуттар мәнін жоғалтады. Ұлттық салт пен дәстүрге қатысты антипатия пайда болып, оларға деген құрмет төмендейді. Адам ақыры өзінің сыни ойлау қабілеті мен жеке пікірінен айырылып, өзін-өзі тануын тоқтатады. Ол психологиялық тұрғыдан үлкен діни ұжымдық ағзаның бір бөлігіне айналады. Мамандар қандай да бір діни деструктивті ағымның ықпалына өткен азаматты дұрыс жолға қайтару үшін үздіксіз арнайы діни және психологиялық оңалту жұмыстары қажет екенін айтады» дейді белгілі теолог Жалғас Сандыбаев. Еліміздің әрбір азаматы үшін дін ұстану еркіндігі берілген. Бірақ бұл көшедегі көк атты уағызшылардың сөзіне ере беру, интернеттегі дін атаулының бәрін тыңдай беру деген сөз емес. Сөзін Құдай деп бастайтын кез келген адамның пиғылының ақ-қарасын анықтау үшін әрбір жанға ең қарапайым діни сауат керек. Біз жоғарыда адамдардың діни ағымға еру себептерін санамалап өттік. Егер осы айтылғандарды қаперден шығармай, деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермесек, қоғамның да сауығуына себепші боларымыз хақ. Нұрлан ГАЗИМОВ, Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының Дін мәселесі бойынша бөлім басшысының міндетін атқарушы

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Деструктивті діни сана | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля