Діни сауаттылық — бүгінгі күннің басты талабы
Бүгін де елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі — рухани, құқықтық, патриоттық білім беру мен тәрбие болып саналады. Осыған орай, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар алдында қазақ қоғамы үшін дәстүрлі діндердің әлеуетін жастарды рухани-тәрбиелікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу туралы мәселе тұр. Сондай-ақ, елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып, мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.
Қазіргі таңда елімізде және бүкіл дүние жүзіндегі ең өзекті проблема, ол діни сауаттылық немесе діни сауатты болу. Дегенмен, еліміздің кейбір жастары діни ілім іздеп, теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр.
Жаһандану үрдісімен басталған интернеттің жаппай дамуы да өкінішке орай, жастарға өз зияннын беруде. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін шетелге ашылған есік еліміздің талай жастарға діни бағытта сауаттылығын арттыруға жағдай жасады. Қалаған адам, қалаған елге барып діни сауаттылығын жетілдіруге мүмкіндік алды, жат елдің дәстүрі мен ғұрып әдебінен ілім алған жеке тұлғалар ұлттық бірегейлік пен дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарды.
Білім берудің қай түрі болмасын – тәрбие. Білім адам өмірінде қаншалықты рөл атқарса, тәрбие одан да маңызды. Себебі, әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы». Дін – тәрбиенің басты құралы. Қазақ – дінін, салт-дәстүрін берік ұстанған халық. Аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан үйрете білген, тәрбиені тал бесіктен берген халық. Дәстүрді дінмен ұштастырып, ұят пен арды қатар сіңірген халық.
Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады.
Сондықтан, жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.