Елге адал қызмет ету – әркімге міндет
Елге адал қызмет ету – өз еліңнің патриоты болу. Мемлекетке адал қызмет етудің ең үлкен дәлелі – адамның өз елін сүйетін патриоты болуынан көрініс табады. Жалпы елге адал қызмет пен патриот болу – ажырамас егіз ұғым. Елге қызмет дегеніміз не? Елге қызмет – оқу, білім алу, аянбай адал еңбек ету және Отанды жан пида етіп қорғау. Ал патриот дегеніміз кім? Патриот – өз ұлтын, тілін, діні мен ділін сүйетін, туған тарихы мен ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрін дәріптейтін, өзімен бірге өмір сүріп жатқан адамдарға махаббаты шексіз, өз ұлтының, елінің дамуына барынша үлес қосатын адам. Дегенмен, заманың түлкі болса, тазы болға салып, өзінің тілінде сөйлеуге арланып, атақ пен дәреже, байлық үшін Отанын сатып, өзге елдерде сұлтан болып жүргендер, немесе өзінің лауазымын асыра қолданып, халықты қанап, мемлекетті тонап жүргендер де аз емес. Соларға қарап қынжылып, жүрегіміз ауырған кезде, Қазақ еліне деген махаббатымыз арта түсуі керек. Адал қызметкер деген кім? Оның іс-әрекеті, адалдығы неден көрінеді? Адал қызметкер болу – әр азаматтың Отанына деген махаббатынан бастау алады. Ал Отанға деген махаббат – кіші Отанға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Яғни, өзіңнің кіндік қаның тамып, туып өскен үйіңе, алғаш топырағын басып, суын ішіп, қозы-лақ қуып, балалық шағың өткен ауылыңа, бір нан болса да бөлісіп жеп, құлын-тайдай бірге өскен достарыңа, оңымыз бен солымызды көрсетіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-анаңа, алғаш қолыма қалам ұстатып, басымнан сипап, білім нәрін берген мектептегі ұстаздарыңа деген сыйластықтан, шексіз алғыс білдіруден көрініс табады. Менің жүрегіме адалдықтың дәнін егіп, қанымды адалдықтың суымен суарған осылар. Адал қызметкер болу – өзіңнің жеті атаңды білу. Қазақта «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білмеген – жермен тең» деген сөз орамдары бар. Бұл сөз орамдары тек қана жеті атасын білуді меңзеп тұрған жоқ, өзінің арғы тарихын, яғни қазақтың ұлан-байтақ жерін қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ата-бабамыздың ерлігін білу, солардың ерлігін ұрпаққа өлең-жырларына арқау еткен ақын-жазушы, жыршы, жырауларымыздың өлең, дастандарын жаттау, кешегі репрессияда қаза болған қазақ зиялылары мен желтоқсанда тепкіленіп, шаштан жұлынған аға-әпкелеріміздің аруағына бас ию, кешегі аштықтан бұратылып, осы күнді армандап кеткендердің арманын жалғастыру. Иә, тарих қойнауына бір сәт көз жүгіртсең, бүтін бір қазақ елінің талай-талай белестерден өтіп, сол белестен өту жолында неше түрлі құрбандық бергенін көресің. Өткенге көз жүгірту арқылы – қазіргі бейбіт өміріміздің, тәуелсіздіктің бал дәмін сезінеміз.
Бүгінгі тарих – өткен тарихтың жалғасы. Сондықтан өткен тарихымызды білу – елін, жерін сүйетін, тіпті сүймейтін де әр азаматтың парызы, борышы, міндеті. Тарихқа көз жүгірте отырып, өз еліне, жеріне адал қызмет еткен ағаларымыздан үлгі алуымыз қажет. Кешегі елін сатып, махаббатты бірінші орынға қойып, Қалмақ қызымен қашпақшы болған Нояндай туған інісін өз қолымен өлтірген батыр Баянның іс-әрекеті – еліне адал қызмет ете алмай жүрген кейбір тұлғалар үшін өте үлкен үлгі-өнеге деп ойлаймын. Тарихта аттары алтын әріппен жазылған ағаларымыздың ерлігі мен халық алдындағы атқарған адал қызметтерінің арқасында қазіргі Қазақ мемлекеті құрылып отыр. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, өзіміз «үй ішінен үй тігіп» біріміз алға, біріміз артқа тартсақ күйреп қаларымыз анық. Елге адал қызмет ету – әркімнің өз отбасынан бастау алады. Себебі, ата-ана балаларын адалдан тамақтандырса, адал тамақты жеп өскен ұрпақтан ертең Отанға адал қызмет ететін тұлғалар тәрбиеленіп шығады. Бұрынға ата-бабаларымыз ешқашан балаларын рұқсат етілмеген (ұрланған, біреуден зорлықпен тартып алынған, бисмилләсіз сойылған, белгісіз жақтан келген) тамақпен тамақтандырмаған. Тіпті қасиетті кітап Құран Кәрімнің өзінде Алланың рұқсат еткендерінен жеңдер, тыйым салғандарынан тыйылыңдар делінген. Яғни үнемі адалдан ішіп, адалдан киіну керектігі жайлы айтылған. Оның мәнісі неде? Бойындағы қаны адал адамнан адал қызметкер пайда болады. Егер адамның жүрегінде арамдық болмаса, ол қазіргі адамдар жасап жатқан қиянатшылдық, жемқорлық, өсімқорлық, сыбайластық сияқты әрекеттерден аулақ болады. Осы орайда пайғамбардың (с.а.с.): «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Сол ет таза болса, барлық дене таза болады, сол ет ластанса, барлық дене ластанады. Ол – жүрек» деген сөздері есіме келіп отыр. Яғни, адамның адал болуы, адал қызмет етуі осы жүректен бастау алады деп ойлаймын. Сондықтан еліне адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ең алдымен, олардың жеген тамағы мен сол тамақтың әсерінен жүрекке тигізген пайдасына назар аударумыз қажет сияқты. Адал қызметкер болу – тек өз ұлтыңды жақсы көріп, соларға адал қызмет көрсету емес. Біздің еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, еліміздің дамуы үшін басқа ұлт өкілдері де аянбай еңбек етуде. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріне келіп қоныстануына қазіргі ұрпақ кінәлы емес, ол өткен тарихтың ізі. Бірақ орыс та, ұйғыр да, неміс те қазақ елінінің құдығынан су ішіп отырғандықтан ішкен суына түкірмесі анық. Сондықтан барлық адамзатты бірдей жақсы көруіміз керек. Түптеп келгенде барлығымыз бір Адам атаның ұрпағымыз. Тек қана түріміз бен, тіліміз басқа. Ойымды қорытындылайтын болсам, адал қызметкер болу үшін соғысқа барып ерлік жасаудың қажеті жоқ. Бауыржан Момышұлы атамызша айтсақ: «Барлық халық пен ұлт – барлық ұлы мен тамаша нәрселерді жасауға қабілетті, әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс». Яғни, еліміздегі ұлтаралық достастық, бейбітшілік және келісімнің көрінісі – өз еліңді, жеріңді, сол елде өмір сүріп жатқан адамдар мен жан-жануарларды сүю. Д. АМАНОВ, Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Р. Нарбек