Жастардың жат ағым жетегінде кетуінің салдары
Мемлекеттің, ұлттың, қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты десеңіз, қателесесіз. Себебі кез келген қоғамның, ұлттың кемелденуі, көркеюі оның рухани, интеллектуалдық өсу үдерісімен тікелей байланысты. Ал рухани өсу дегеннің тамыры дінде жатыр. Ақидасы дұрыс, дінін ұстанған, дәстүрін білетін, тарихы мен тілін құрметтейтін ұлттың ғана болашағы бар. Еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңін жиғаннан кейінгі рухани сұранысын исламнан іздегені рас. Осы орайда түрлі діни ағымдар, секталардың халықтың санасын улап, елді адастырып, тура жолдан тайдыруға әрекет еткені де жасырын емес. Жат ағымның арбауына шырмалғандар арасында ел болашағы саналатын жастардың көп болуы тіптен қынжылтады.
Жастарды жат ағым шырмауынан құтқарып, еліміздің болашағын жарқын қалпында сақтап қалу үшін қандай амалдар етпек керек? Жалпы, теріс ағым ықпалына түсуге не себеп-салдары қандай? Осы бағытта ой тарқатып көрсек…
Жат ағым жетегінде кетудің ең әуелгі себебі – жастардың діни сауатсыз болуы. Теріс ағымға арбаушылардың басты жемтігіне айналатын да осы оқып-тоқымай, әлеуметтік желідегі қысқа-нұсқа уағыздарға қарап, бой түзеп жүрген шала сауаттылар. Статистикалық зерттеулердің пайымдауынша, жат ағым арбауына түсетіндердің 85-90 пайызы өмірінде мешіт-медресе есігін ашпаған, табалдырығын аттамаған, мүлдем діни сауаты жоқтар екен.
Ал білім алудың ерекше маңызды екендігі асыл дінімізде баса айтылады. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты «Оқы» деген сөзбен басталған. Қасиетті Құран Кәрімде «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» (Нәхл сүресі 43 аят), «Білгендер мен білмегендер тең бе?» (Зүмәр сүресі 9 аят) деп, білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Еліміз алғаш еркіндік алған жылдары жастардың туған жерінде діни білім алатын мүмкіндігі болмай, шетел асып, білім меңгеруге мәжбүр болды. Салдарынан жат идеологияны бойларына сіңіріп, ұлттық дәстүрді, салт-сананы жоғалтып алды. Қазіргі таңда елімізде діни білім алуға барлық мүмкіндік жасалған. Отандық оқу орындарын бітірген жас мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. Дінтану пәні элективті курс ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді. Демек, жастардың діни сауатын ерте кезеңнен бастап ашуға деген талпыныс бар. Осы қадам қуантады.
Одан кейінгі себеп – отбасындағы тәрбиенің мардымсыздығы, ата-ананың баланы көзден таса қылып, қараусыз қалдыруы. Көп ретте ерлі-зайыптылар баланың керек-жарағын жеткізіп, материалдық тұрғыда қамтамасыз етемін деп «жарғақ құлағы жастыққа тимей» шабады да, баланың бос уақыты өз еркінде қалып жатады. Үйде дін тақырыбында сөз қозғалмайтын отбасының баласы осы тақырыпқа қатысты сауалы болса, жауабын сырттан іздейді. Ал ол жауабын іздеген орта оң бағытқа бастай ма, теріс бағытқа ілестіріп кете ме, ол беймәлім. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеу» деген екен. «Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген нақыл да ата-бабамыздан мұра боп келе жатыр. Сол себепті әр ата-ана баласы балиғат жасына жеткенде дін тұрғысында қарапайым ұғымдарды үйретіп, мешіттің табалдырығын аттатып, діни кітаптарды таңдауына көмектесіп, әр мұсылман білуі тиіс діннің негізгі діңгектерін үйреткені абзал.
Үшінші себеп – жастардың санасына интернет, әлеуметтік желінің ықпалы. Бұрындары интернет желісінде теріс діни бағытты ұстанған шейхтар мен шала ұстаздардың дәрістері толып тұратын. Соны тыңдап, талай сауатсыз жас орға жығылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан интернет пен әлеуметтік желілердегі дін тақырыбындағы барлық ақпарат сүзгіден өткізіледі. Теріс бағыттағы, діни алауыздық тудырып, елдің бірлігіне нұқсан келтіретін жазбалар бірден бұғатталады. Әлеуметтік желіде діни араздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға бағытталған материалдарды таратқан жеке тұлғаларға – 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға 25 АЕК айыппұл салынады.
Төртінші себеп – жастардың әлеуметтік жағдайы. Осы ретте жастар арасындағы жұмыссыздық басты рөл ойнайды. Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастардың ересек өмірге қадам басып, жұмысқа орналасып кетуі көп қиындық тудырып жатады. Көңілі қалаған жұмыс бірден табыла кетуі неғайбыл. Ал қазіргі заман жастары аз жұмыс жасап, көп ақша тапқысы келетіні жасырын емес. Осынау аумалы-төкпелі шақта «жағдайыңды жасаймыз» деген желеумен жат ағымның өкілдері арбап алуы әбден мүмкін.
Бесінші себеп – жастардың психологиялық-эмоционалды жай-күйі. Негізгі уақытын телефонға телмірумен өткізетін жастардың дос табуы, ортаға сіңісіп кетуі қиын қазіргі кезде. Мектептегі буллинг, жасөспірім шақтағы өтпелі кезең, ересек өмірге қадам басқан тұстағы қиыншылықтар кезінде адам бойында түрлі көңіл күй тоғысып, өмір түгілі өзін-өзі түсінбей қалуы мүмкін. Осындай кезде ата-ана, тума-туыс, дос-бауыр тарапынан қолдау аса қажет. Жақын жандарынан жылу көрмеген жанның өзгелердің жетегінде кетуі оп-оңай.
Алтыншы себеп – жастардың араласатын ортасы. Әсіресе, студенттік шақта жастар көп шоғырланатын жатақхана сияқты орындарда діни сауаты болмаса да, уағыз айтатын «белсенділер» табылып жатады. Ата-анадан жырақта, енді ғана өмірдің оң-солын тани бастаған өрімдей жастардың кейбірі осындай отырыстардан соң дінге бет бұрып, бірақ бағыттың оң-терісін аңғара алмай қалып жатады. Одан қалса, қазіргі таңда деструктивті теріс бағытты ұстанатын азаматтар арасында бизнес бастап, табысқа кенеліп отырғандар жетерлік. Олар өзінің ұжымын жасақтар кезде діни талаптар қойып, көзқарасы өзімен ұқсас жастарды қол астына жинақтайды. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз жүрген жастарды қарамағына тартып, жоспарлы түрде үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі.
Ел болашағы – иманды ұрпақ. Ал иманды ұрпақ дегеніміз тура жолды ұстанғандар. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне, дұрыс діни білім алуына біз, ересектер, баса мән беруіміз керек. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Мұндай жағдайға жеткізбеу үшін жастардың тәлім-тәрбиесі, тәртібіне мұқият болайық!
«Шапағат» деструктивтік діни
ағымдардан жапа шеккендерге
көмек орталығы» қоғамдық қорының
теолог маманы
Данаева Назгуль Медеровна