Жат ағымдардан сақтану жолдары
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 12 сәуірінде С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай газ колледжі студенттерімен «Жат ағымдардан сақтану жолдары» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы А.Есқайыров, АТТ мүшесі М.Малашқызы және «Жылыой мұсылмандар» мешітінің ұстазы Д.Сүлейменов қатысты.
М.Малашқызы жасөспірімдерді жат діни ағымдардан қорғауда ұлттық тәрбиенің маңызы зор екендігін баса айтып, оларды отансүйгіштікке, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу қашан да өзекті екендігін түсіндірді.
Шара барысында теолог мамандар дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің сипаттары мен ерекшеліктерін түсіндіре келе, олардың іс-әрекеттері мен ұстанатын бағыттары халқымыздың салт-дәстүріне, мәдениетіне қайшы екендігін, мүлдем сәйкес келмейтіндігін атап өтті.
Орталықтың бөлім басшысы А.Есқайыров дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын-алу мақсатында олардың шығу тарихы мен таралу жолдарын арнайы слайд бойынша баяндап, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 453, 490 баптарында көзделген жауапкершілік жөнінде түсінік берді.
Кездесу соңында қатысушыларға ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Кездесу 100-ден астам адамды қамтыды.