Мақалалар

Жаһандық бейбітшілік шеңберінде бірігу – әлемдік тыныштық кепілі

Келешекке кемел қадам басқан кез келген елдің арман-мұраты, мақсаты мен тілегі халқының бейбіт те тату тіршілік етіп, тыныштықты өмір сүруі екені даусыз. Бейбіт өмір – береке-бірліктің бастауы. Бұл болашаққа нық қадам басып, өркениет биігін еңсеруге жол ашады. Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген мақал осы орайда айтылса керек.

Әрбір ұлт, әр халық бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді қалайды. Ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігі. Тарихқа қарасақ, адамзат небір сұрапыл зардапты кезеңдерді бастан өткерді. Жазықсыз жандар жапа шекті. Бұл құбылыстар татулық пен бірлік кеткен жерде берекесіздік жайылатынын айқын аңғартады. Бүгінгі ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде Қазақстанның да алдына – ел тұтастығын, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен рухани бірлікті сақтап, бейбітшілік үшін жан аянбай күрес жүргізу міндеті шықты.

Өткенге көз салмай, болашаққа батыл қадам жасау мүмкін емес. Ел тарихына көз салсақ, тағдырдың талай ауыртпалығын, қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылықты бастан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бірлікпен ғана бүгінгі ұрпағына осындай бейбіт те мамыражай заманды мирас еткенін көреміз.

Өз заманының абызы атанған Қабылиса жырау өзінің бір толғауында:

 

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен.

Кез келген елдің, ұлт пен ұлыстардың ұлы мұраты да осы – татулық, ұйымшылдық пен бейбітшілік. Бұл ізгі тілек-ниет бабамыздың осы бір жыр жолдарында жазылып, баршамыздың санамызға сәуле құяды.

Асылында бейбітшілік пен рухани бірлік ұғымы – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген сөзі кешегі тарих пен бүгінгі бейбіт заманды ұштастырады. Тағы да тарихты сөйлетсек, қазақ жеріне келіп-кеткен әр замандағы ғалым-ғұламалар, саяхатшылар, зерттеушілер пен елшілер өз естеліктерінде халқымыздың ынтымақ сүйгіш, бейбітшіл ел екенін ерекше атап жазады.

Осы асыл қасиеттер еліміздің егемендігіне де үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде ынтымағы жарасқан Қазақстанның әлемде татулық пен бейбітшілікті сақтау ісінде үлгі боларлық ел екеніне күмән жоқ.

Дана халқымызда «Отаны бірдің – тілегі бар, тілегі бірдің – жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Жүзі бөлек болғанымен – жүрегі бір, тілі түрлі болғанымен – тілегі бір, діні басқа болса да – Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстар, этностар мен конфессия өкілдері тәуелсіз Қазақстан деп аталатын алып шаңырақтың уығын құрап отыр. Қоғамның осы бір маңызды тұлғалары әлем алдында дінаралық диалогтың, достықтың нағыз моделін көрсетіп, бүгінгідей мемлекетіміздің өркендеп, биік белестерге жетуіне зор үлес қосуда.

Дінімізде ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау – салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналады. Аллаға сансыз шүкір, біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Осы Отанымызда тағдыры мен тарихы ортақ сан алуан халық рухани үйлесім тауып, бірлікті ту етіп, өмір сүруде. Бас құжатымыз – Конституциямыздың: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталуының мәні де осында. Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бенен біздің азаматтық міндетіміз.

Атырау облысы Дін істері басқармасының бас маманы

Е.Ерғалиев

 

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля