Мақалалар

Желідегі жауапкершілікті білеміз бе?

Интернет – шексіз мүмкіндік, бірақ шексіз еркіндік емес. Бүгінде көп адам осы екі ұғымды шатас­тырып алып жүр. Әсіресе кейінгі жылдары әлеуметтік желілер мен мессенджерлер өмірімізге дендеп еніп, адамдар арасындағы негізгі қарым-қатынас құралына айналғаннан кейін ғаламтордағы жауапкершілік мәселесінің өзектілігі өткір болып келеді. Қазіргі күні әлемде 4,62 млрд әлеуметтік желі пайдаланушысы бар екен. Бұл жалпы ғаламшар халқының 58,6 пайызы. Ал Қазақстанда желіге тіркелгендердің үлес салмағы халық санына шаққанда бұдан да жоғары. Яғни 12 миллиондай ел азаматы өз аккаунттарын ашқан. Бұл ел халқының шамамен 63,5 пайызын құрайды. Әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлер дәстүрлі медиамен қатар жаңа медианың да кейбір ресурстарын (сайт, портал) ақпарат айдынынан ығыстырып, негізгі жаңалықтар көзін алмастырып келеді. Сонымен қатар жоғарыда айтқандай, негізгі коммуникация құралына айналғандықтан өзге адамдармен шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемде көбірек араласып, тілдесетін күнге жеттік. Ал біз интернеттегі қарым-қатынас этикасын қан­шалықты сақтап жүрміз? Өмірдегі қатынас мәдениеті секілді ол жерде де жауапкершілік барын білеміз бе? Өкі­нішке қарай, интернетте ойыңа келгеннің бәрін айту, қа­лаған адамыңды балағаттау, сөгу, былапыт және бала­ғат сөзді еркін қолдану орны ретінде көре­тіндер қатары азаймай тұр. Сондықтан шығар, аузы­нан ақ ит кіріп, көк ит шығып, бір-бірімен жаға жыр­тысқан «диван батырларды» ол жерден жиі көзіміз шалып қалады. Сонымен бірге көбінесе виртуалды әлемде кикілжіңдер орын алса жеке басқа тиіспеуді, артық-ауыс сөздер айтпауды, сондай-ақ интернет ресурстарында жеке және заңды тұлғалар жайлы түрлі мәлімет таратуда, олардың суреті мен видеоларын жариялауда заң аясындағы талаптарды көбіне ескермей жататынымыз жасырын емес. Бәлкім оны кейбір адамдар құқықтық сауаттың төмендігінен білместікпен істейді немесе құқықтық мәдениеттің жоқтығынан білсе де қасақана заң бұзушылықтарға барады. Ата дініміз исламда жауапкершілігі мен жазасы айрық­ша үш күнә: өсек, ғайбат және жала жайында ерек­ше айтылған. Бұларды кейде тіпті бір-бірінен ажы­рата алмай қаласың. Өсек – тисе терекке, тимесе бұ­таққа деген әдіспен естіген ақпараттың бәрін тарата беру болса, ғайбат – біреудің сыртынан оған жағым­сыз сөз айту, оның кемшілігін, қателігін жұрт­шылыққа жаю. Ал жала – болмаған нәрсені болды деп басқа адамға кінә тағу. Бүгінде осы үш күнә көптеген сарыжағал сайттар мен блогерлерді асырайтын негізгі тақырыптарға айналып кеткені өкінішті. Бірақ соны жасайтын адамдар өзінің заңды бұзып жатқанын да мойындамайды. Керісінше ерлік көреді. Интернетте біреуді балағаттауды, оның ар-намысына тиюді, жала жабуды және оның кемшілігі мен қателігін жұртшылыққа жайып салуды олар «шындықты бүкпесіз айту», «халықтың қамы үшін ақиқатты қасқайып тұрып жеткізу» деп бүркемелеп жүр. Ал шын мәнінде олардың бәріне еліміздің Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық және Азаматтық кодекстерінде жауапкершіліктер қарастырылған. – Әлеуметтік желіде адамдар заңды білмегендік­тен, бірін-бірі қатты сөгіп, жеке басына тиіседі. Мұ­ның барлығы қылмыс. Қылмыстық кодексте бәріне жауапкершілік бар. Тіптен желідегі жазбалардың соңы өз-өзін өлтіруге дейін әкеп соғып жатыр. Мұның барлығы заңды білмегендіктен, – дейді Алматы қалалық адвокаттар алқасы, Алатау ауданының заң консультациясының меңгерушісі Шынқуат Байжанов. Көп адам өзіне қатысты өсек, ғайбат, теріс ақпарат таралып жатқанына қарамастан, кінәлілерді сотқа бермей, тек ескертумен шектеледі. Алайда Екібастұз қалалық сотының судьясы Әсел Тазбулатованың айтуынша, соңғы кездері жеке басқа тиісу, балағат сөз айту бойынша қаралатын істердің қатары да көбейген. – Біздің тәжірибемізде мұндай істер жиі тіркеле­ді. Тіпті жалпақ жұртқа жарияланатын әлеуметтік желідегі жазба тұрмақ, әйелі мен күйеуінің немесе басқа да таныс адамдардың екеуара жазысқан Whatsapp мессенджеріндегі қорлау сөздері бойынша да істер бар. Қазір адамдардың жүйкесі жұқарған ба, сәл сөзге келіп қалса, бір-біріне небір ауыр сөздерді айтатын болып алды. Сондықтан осындай «Қорлау» бабы бойынша қаралататын қылмыстық істер көбейіп келеді, – дейді ол. Жамбыл облысында жыл басынан бері 210 қару тәркіленді 23.05.2023 «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимараты ашылды 23.05.2023 Заңгердің айтуынша, әлеуметтік желідегі немесе мессенджердегі тұрпайы сөздердің шынымен қорлау мағынасында айтылғанын анықтау үшін алдымен сот оларды филологиялық сараптамаға жібереді. Солардың берген қорытындысын негізге алып, өзге де дәлел-дәйектер бойынша сот үкім шығарады. Жалпы, бұл құқық бұзушылықтарға заңда қан­дай жауапкершілік қаралған? Ең біріншіден Ата заңы­мызда әр адамның жеке өміріне қол сұғылмауы керектігі тайға таңба басқандай жазылған. – Конституцияның 18-бабы, 1-2 тармақтарында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар екендігі, сон­дай-ақ әркім өзінің жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқы­лы және басқа жолдармен алысқан хабарлары­ның құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқық­ты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі, – дейді Әсел Владимирқызы. Ал Қылмыстық кодекстің 131-ші «Қорлау» бабы­­ның екінші тармағында біз көтеріп отыр­ған интер­неттегі былапыт, балағат сөздерге қатыс­ты жауап­кершілік туралы айтылған: «Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге  қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады». Сонымен қатар бүгінде әлеуметтік желілерде өз­ге адамдардың рұқсатынсыз олардың суреттері мен ­видеоларын айдай әлемге жария қылу фактілері де ­жиі кездеседі. Заң бойынша бұл дұрыс емес. Мәселен, ­күні кеше Қызылордадағы жас жігітті тепкілеген ­видео кеңінен тарап кетті. Бұл жерде желі қолданушы­лары оны сол соққыға жығылған жігіттің рұқсатын ­алып қана жариялауына болады. Сондай-ақ көп адам желіге танымал тұлғалардың суретін рұқсатсыз жүктеп, түрлі алып-қашпа әңгіме таратып жататынын білеміз. Егер жәбірленуші тарап сотқа жүгінетін болса, Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша азаматтық іс қозғалып, талапкер­дің сұрауымен жауапкерден моральдық шығын өндіріліп алынуы мүмкін. Өйткені аталған баптың 2-тармағында: «Басқа адам бейнеленген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) – бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi», делінген. Судья Әсел Тазбулатованың сөзінше, халықтың құқықтық сауатының төмендігі салдарынан орын алатын тағы бір жайт бар. Мәселен, ол әлі үкімі шықпаған қылмыстық істерді әлеуметтік желіде жариялап, ол туралы пікір айтып, өз «үкімдерін» айту. – Қылмысы дәлелденген, заң бойынша жаза арқалауға тиіс адамның ісіне қатысты әділ үкім шықпай тұрып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып-қашпа әңгіме тарататындар бар. Бұл тұрғыда біз, судьялардың өзі қорғансызбыз. Себебі бір жағынан белгілі бір топтар ғаламтор арқылы халыққа жалған ақпарат беріп, теріс қоғамдық пікір туғызып, сот органдарына қара күйе жаққысы келеді. Екінші жағынан біз заңнан аттамай, басқалар қалай ойласа да, қылмысқа сай әділ үкімін шығаруымыз қажет. Ал кейбір бәлеқорлар тіпті істің себептерін білмесе де, өздерінше тон пішіп, ойдан шығарған дәлелдерін жариялап жар салады. Осылайша, екі оттың ортасында қалып қоятын кездеріміз аз емес. Тек сот үкімі болғаннан кейін ғана заң аясында әлеуметтік желіге шығарып, талқылауға болады. Ал әлі аяқталма­ған істер бойынша халыққа жалған ақпарат беру жауапкершілік жүктейтінін халыққа жеткізгіміз ке­леді, – дейді заңгер. Иә, интернет дамыған заманда ел азаматтары құқықтық сауатты көтеріп, әлеуметтік желідегі қарым-қатынас мәдениетін білуге тиіс. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың соңы көбіне моральдық шығынды өндірумен аяқталады. Желіде отырып жүгенсіздікке жол берген адам қомақты айыппұл арқалағанда ғана қателікке ұрынғанын түсініп, сан соғып жатады. Сондай жандардың қатарынан табылмау үшін желідегі жазбамыз бен пікірімізді жан-жақты сараптап барып жарияласақ, өкінбесіміз анық. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Желідегі жауапкершілікті білеміз бе? | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля