Жүрегіңді сақта!
Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Адамның денесінде бір кесек ет бар: егер ол дұрыс болса, бүкіл дене мүшелері дұрыс болады. Егер ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады. Ол – жүрек!» деген мағынадағы хадисі бар. Бұдан біз адам баласы үшін рухани кемелдендуде жүректің орны қандай екенін көреміз. Сондай-ақ адам тәнінің саулығында да бұл органның орны орасан. Біздің бүгінгі мақаламыз да қазіргі таңдағы жүрек ауруларына арналып отыр. Жүрек-қантамыр аурулары жыл сайын 17,9 миллион адам өмірін жалмайды екен. Ол әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Дүниежүзілік жүрек күні – бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және ЮНЕСКО қолдауымен Дүниежүзілік жүрек федерациясы (World Heart Federation) бастама жасаған денсаулық сақтау саласындағы жаһандық науқан. Бұл күн Қазақстанды қосқанда әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі. Бүкіл әлемдегідей 29 қыркүйекте Қазақстанда өмір салты мен тамақтануды өзгерту арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қаупін қалай төмендетуге болатыны туралы халықты ақпараттандыруға бағытталған «Жүрегіңді қозғалыста ұста!» ұранымен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әр адам жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, инфаркт белгілерін тану және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау мамандарынан кеңестер ала алатын іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, емханаларда Ашық есік күндері, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына арналған тренингтер және басқа да іс-шаралар өтеді.
Науқанның негізгі мақсаты – жүректі күту маңыздылығы туралы ақпараттандыру және белсенді әрі салауатты өмір салтын насихаттау. Ақпараттық науқан аясында денсаулық сақтау мамандары азаматтарға жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға және олардың жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға көмектесетін төмендегідей қарапайым әрекеттерді орындауды ұсынады: Дұрыс тамақтану: жылдам көмірсулар, тұз және қантты пайдалануды азайтыңыз. Ұннан жасалған және қуырылған тағам өнімдерін, фастфудты пайдалануды шектеңіз. Рационыңызға балықты, көкөністер мен жемістерді, жаңғақтарды, тұтас дәнді дақылдардан жасалған нанды көптеп қосыңыз. Қант қосылған және энергетикалық сусындарды ішуден аулақ болыңыз. Тұрақты физикалық белсенділік: жүрек-тамыр ауруларының алдын алу үшін физикалық белсенділік қажет. Күнделікті жаттығулардан бастаңыз және жаттығуларыңыздың қарқындылығын біртіндеп арттырыңыз. Ұйқының дұрыс болуы: үзіліссіз 6-8 сағат ұйықтауға тырысыңыз. Ұйқының сапасын жақсарту үшін түстен кейін кофе мен энергетикалық сусындарды ішуден аулақ болыңыз және күн сайын бір уақытта ұйықтап, тұрыңыз. Зиянды әдеттерден бас тарту: темекі шегу мен ішімдікті шектен тыс ішу жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Олардан бас тарту денсаулығыңызды айтарлықтай жақсартады. Күйзелісті бақылау: созылмалы күйзеліс жағдайлары жүректің ишемиялық ауруы қаупін арттырады. Күйзеліс деңгейін төмендету үшін медитация, тыныс алу жаттығулары, йога және басқа да босаңсу әдістерін тұрақты қолданыңыз. Жасұлан БАҚЫТБЕК
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Жүрегіңді сақта! | Қазақстандағы Ислам