Зайырлы ұстаным – заң талабы
Қазақстан дүние жүзіне зайыры мемлекет ретінде танылған. Елімізде түрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында біздің еліміздің радикалды қозғалыстар мен діни сепаратизмге орын жоқ екенін, мемлекетіміздің зайырлы мемлекет екенін еске салды. «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ», – деді Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ислам дінінің асыл құндылықтары ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келетінін атап өтті. «Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды», – деп түйіндеді ҚР Президенті. Еліміздің көптеген сарапшылары «зайырлылық – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы» деген анықтаманы жие айтып жүр. Әрине басқалайда түсіндіруге болады. Бірақ жоғарыда берілген анықтама көпшілікке, бұқара халыққа түсінікті берілген. Қазақстан діндердің қызмет етуі мен дамуына мүмкіндік берілген мемлекет. Зайырлы мемлекетте барлық конфессия өмір сүре алады, тек ортақ қағида – азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы.
Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгендіктен, мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ісіне араласпайды. Діни бірлестіктерде мемлекеттік органдардың ісіне араласпайды және мемлекеттік органдардың қызметтерін атқармайды. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Қазақстан Республикасы Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлi танылады» деп атап көрсетілген. Себебі, Қазақстан халқының көпшілігі мұсылман, яғни ислам әлемнің бір бөлігі. Еліміздегі мұсылмандардың қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ). Басқарма Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолын ұстанып, соған сәйкес амал етеде. Бұл, біріншіден, дәстүрлі емес ислам ағымдарының енуіне жол бермесе, екіншіден, елдегі мұсылман жамағатының бірлігі мен ынтымағын сақтауға және күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің радикалды қозғалыстар мен діни сепаратизмге орын жоқ екенін, мемлекеттің зайырлы екенін бекерден бекер ескертпеді. Себебі соңғы жылдары қоғамда «зайырлы» ұғымын дұрыс түсінбегендіктен кейбір әсіредіншілдер тарапынан зайырлылық қағидаттарға идеологиялық тұрғыдан қарсылық танытып жатқандарды кездестіруге болады. Еліміздің азаматтары зайырлылық қағидаларын мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі ретінде сезінсе, әсіредіншілдікке бой алдырмас еді. Себебі, қаңтар айында орын алған қанқұйлы әрекеттерді ұйымдастырғандар дін атын жамылған лаңкесшілер екенін сарапшылар тарапынан айтылды. Алайда, олар мұндай сұмдық әрекетке, біріншіден, мемлекеттің зайырлы ұстанымын, екіншіден, дінді құндылық ретінде дұрыс ұғынып-түсінбей, сырттан келген теріс уағыз-насихатқа ергендіктен барған. Мұндай әрекеттер рухани құндылықтарды күйретуге бағытталып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретіні ақиқат. Қоғамда кейбір азаматтар зайырлылық дегенде мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлек деген қағиданы біржақты түсініп, дін мен мемлекетті, тіпті дін мен қоғамды қарсы қоюда. Әсіресе қоғамда ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіретін түрлі дін атын жамылған ағымдар. Қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін көптеген ағымның басты мақсаты зайырлылық қағидаттарын терістеу. Өздерінің идеологиясы арқылы қоғамды шетін көзқарасты қалыптастыра отырып, өз мақсаттарына жету екені белгілі. Сондықтан еліміздің танымал сарапшылары қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда зайырлылықтың орны ерекше екендігін айтады. Себебі, зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекеттің сипаты. Қоғамда зайырлылық қағидаттарымен қатар діни қызмет те өз арнасымен жалғасып келеді. Оның насихатталуы мен нығаюы – Қазақстан дамуының басты нәтижелерінің бірі. Өйткені, дін де тұрақтылық пен бірлікке қызмет ететіні аян. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тұрақтылығына, дамуына, береке-бірлігімізге нұқсан келтіретін жат діни ағымдардың алдын алу – ортақ міндетіміз. Ал жат пиғылдылардың жетегіне еріп жүрген жастарымызға ортақ құндылықтарымызды түсіндіру шараларын көптеп қолға алғанымыз жөн. Тұрар ӘБУОВ, дінтанушы-сарапшы