Заң және заман | Қазақстандағы Ислам
Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық институт. Ол адамның құқықтарын зорлық-зомбылықтан, ұрлықтан және басқа да қол сұғушылықтардан қорғайды. Заңдар қоғамдағы тәртіп пен тепе-теңдікті орнатады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды». Сондықтан әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті – заңға бағыну. Егер заңдар болмаса, қоғамда тәртіпсіздік пен бассыздық орын алып, бей-берекет дүрбелең немесе хаос орнайтыны анық. Заманына қарап, адамның тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында заңнамалар, нормативтік-құқықтық актілер де ауысып, өзгеріп отырады. Әрине, бұл құбылыстың барлығы қоғамдағы болып жатқан жәйттерге тікелей байланысты. Қандай да заман болмасын адам баласының өмірін, тұрмыс-салтын, қағидаларын бекітетін арнайы бір заң немесе ережелердің болары анық. Бұл заңдар азаматтардың қарым-қатынасын реттейтін саяси-әлеуметтік құрал. Тарих сахнасында ең алғашқы заңдарға тайпааралық келісімдерді жатқызуға болады. Олардың ең басты мақсаты – тайпалар арасындағы бірлікті сақтау. Сонымен қатар, әдет-ғұрып кодекстері де кездеседі. Сонау Қазақ хандығы тұсынан бастау алған салт-жора, әдет-ғұрып заңдарымыз қалың көпшілікке белгілі. Еліміздің дін саласы да құқықтық заңнамалармен реттеледі. Көптеген халықаралық ұйымдар аясында терроризмге, экстремизмге қарсы және де діни ынтымақтастық туралы халықаралық құжаттарға қол қойған. Ата заңымыздың 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Зайырлы мемлекеттерде арнайы тіркелген діни бірлестіктердің жұмыс жасауына ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданған болатын. 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының күшіне енуі еліміздің діни саласының реттелуіне әсер етті. Осы саладағы туындаған мәселелерді ескере отырып, 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы негізінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу 2012 жылдың 25 қазанына дейін жүргізілді. Қайта тіркеу нәтижесінде діни бірлестіктердің саны 32% қысқарды. «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимараты ашылды 23.05.2023 Түркияда тұңғыш рет «қымызfest» шарасы өтті 22.05.2023 Кез келген қоғамда қателесіп немесе қасақана түрде заңға қарсы әрекет ететін азаматтардың болатындығы мәлім. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының кейбір баптары мен тармақтарын бұзғандығы үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 453 және 490 бабтарына сәйкес, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мен Түркістан облысы Полиция Департаменті Экстермизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе жұмыс атқарып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 25 азаматқа қатысты іс сотқа өткізіліп, соттың шешімімен айыппұл төлеген болатын. Сондықтан облыс тұрғындарына дін саласына байланысты өзіне түсініксіз мәселелер болған жағдайда, арнайы мамандарға жүгінуге кеңес береміз. Кез келген заңдардың ең негізгі мақсаты – азаматтарымыздың құқықтары және ұлттық қауіпсіздік. Дін саласына қатысты барлық заңнамалар зайырлы қағидаттарға сүйене отырып шығарылған. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы мемлекетіміздің біртұтастығы және сыртқы-ішкі факторлардан келетін қандай да бір қауіптердің алдын алу мақсатында қабылданды. Дәл осы заңдарға сүйене отырып діни терроризм, экстремизм және радикализм секілді діннің атын жамылған саяси қылмыстық қозғалыстарға қарсы тұра аламыз. Ел азаматтарының бойында діни-құқықтық иммунитет қалыптасуы қажет. Мемлекетіміз қоғамға қаупі бар, ел арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін, қандай да бір зорлық-зомбылықты үндейтін діни ұйымдарға қарсы. Керісінше, ел бірлігінің нығаюына, халықтар арасындағы достықтың өркендеуін мақсат тұтатын діни бірлестіктерге, заң аясында жұмыс жасаса қарсылық білдірмейді. Еліміздің тарихи дамуында ерекше орны бар діни бірлестіктерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді. Өскелең жас ұрпақты ғылымның қай саласы болса да, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруға аса мән беріп, тиісті шаруалар атқарылуы керек. Әрине, бұл мәселелер бір немесе екі күннің ішінде бола салатын дүние емес. Үлкен ыждаһаттылықпен қатар, сабырлықты талап ететін берекелі іс екендігі анық. Осындай күйбең тіршілікте заңды білу – заман талабы екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс. А. ТАҒАЙ, Түркістан облысы
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Заң және заман | Қазақстандағы Ислам