Имандылық рухани тазалықтың бастауы
Ағымдағы жылдың 11-шы қыркүйек күні Қызылқоға ауданында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкеc,Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылдық округі, Қаракөл орта мектебінде ұстаздар мен оқушыларға кездесу өтті. «Имандылық рухани тазалықтың бастауы» тақырыбын қамтыған кездесуге Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының «Мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-әрекет ету» бөлімінің басшысы А.Бақтығалиев, Ақпараттты-талдау орталығының маманы Н.Ғизат «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы Ш.Темірқұлұлы, Қызылқоға ауданы «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.Сұлтанов қатысты. Алдымен, Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының «Мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-әрекет ету» бөлімінің басшысы А.Бақтығалиев ашып, Ақпараттық – талдау орталығының жұмысымен таныстырып, мақсат-маңыздылығына тоқталды. Мамандар бүгінгі күні жастарды толғандыратын әр түрлі мәселелерге тоқталып, қоғам мен мемлекет тыныштығын бұзатын әрекеттерден сақтанудың қажеттіліктерін айтып жеткізді. «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы Ш.Темірқұлұлы «Қазіргі таңда жастардың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні кез келген мекемедегі тұлғалардың көп бөлігін жастар құрайтыны баршамызға мәлім. Бұл қоғамдағы дінді ұстанушы тұрғындардың басым бөлігін жастар құрайтындығын көрсетеді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Кез келген дәстүрлі діннің діттегені – күллі адамзат баласына сыйластық пен түсіністік орнату»-дей келе, діннің мемлекеттік саясатпен тікелей қатысы барын атап өтті. Қызылқоға ауданы «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.. Сұлтанов жас бүлдіршіндерге нағыз қазақ батырларына сай болу үшін ағалық ақылын айтты. Кездесу соңында ұстаздар мен оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, оларға нақты жауаптар алды.