Исламда әйел құқығы қорғалған ба?
Исламда әйел затының құқығы ер адамның ақысы сияқты қорғалған. Тіпті, әйелдің ақысы ер азаматтың ақысынан жоғары болмаса, төмен емес. Бұған дәлел көп.
Мысалы, Құранның өзінде әйелдерге арналған арнайы «Ниса» және «Мариям» деген сүрелердің атаулары бар.
Осы орайда тақырыпқа қатысты Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде болған мына оқиғаны келтірейік. Мұнда дін ислам әйел адамның құқығын ер азаматпен қатар қаншалықты қадір тұтатыны анық көрсетілген:
Бір күні сәбиге таласқан ата-ана пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді. Бұлардың бірі әкесі болса, екіншісі оның анасы еді. Баланың әкесі:
– Уа, Алланың елшісі! Бұл бала менің белімнен шықты, – деп балаға құқылы екенін айтты.
Сәбидің анасы:
– Уа, Алланың елшісі! Ол, бұл сәбиді белінде ұстады, өзі қиналған жоқ. Ал оны менің жатырыма салғанда шаһуатпен салды, рахат тапты. Мен болсам, сәбиді қарнымда тоғыз ай көтердім, босанған кезімде қатты толғаттым, қиналдым. Сөйтіп, оны екі жыл бойына үздіксіз еміздім, түндерімді ұйқысыз өткіздім, – деп өзінің уәжін айтады.
Екі жақтың уәжін тыңдаған пайғамбар (с.ғ.с.) сәбиді анасының қолына беріпті.
Ал енді басқа риуаятта сәбидің анасы былай деген екен:
– Уа, Алланың елшісі! Менің қарным бұл сәбиге үй болды, құшағым – сәбидің қорғаны, ал кеудем оның шөлін басатын сусыны болды. Ал әкесі болса, бұл сәбиді менен тартып алғысы келеді» (Ахмад, Әбу Дәуіт).
Бұл жағдай әсіресе, кейінгі кезде «талақты» ойыншыққа айнылдырып, қыз-келіншектердің тағдырын ермек еткен арсыздарға және отбасынан ажырап, балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген қуларға қатысты.
Пайғамбар назарында әйел затының, ананың құқығы мен құрметі жоғары.