Без рубрики

Көшбасшылар форумда бас қосты

Осыдан екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыру ұсынылған болатын. Соның бірі – жас діни лидерлер форумы. Осы аса маңызды іске жас буын өкілдерін жұмылдыру – уақыт талабы. Соған байланысты биыл 8-9 қазан күндері Астана қаласында Жас діни лидерлер форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Форум жұмысын ашып, жүргізіп отырған республика Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде: «Қазақтың ұлы ойшылы Абай «толық адам» туралы айтып кеткен болатын. Бұл тұжырым ағылшын тіліндегі «a person of integrity», яғни парасат-пайымы мен білімі толысқан, бойына рухани құндылықтарды сіңірген адал азамат деген ұғыммен үндес. Сондықтан жастарды толық  адам болуға ұмтылып, әлемнің дамуына үлес қосуға шақырамын», — деп атап көрсетті.

Жас діни лидерлер форумы – дін саласындағы бірқатар істерді атқарып жүрген жастардың басын қосатын, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу, өркениеттер үндестігін орнату мақсатында ұйымдастырылған алаң. Әртүрлі діндер мен наным-сенімдерден келген жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрметті арттырды.

Қазір адамзат түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси қақтығыстар, кедейлік пен теңсіздік, климаттың өзгеруі, радикализм мен экстремизм сияқты түйткілдер, аумалы-төкпелі жағдайлардың алдын алу өте өзекті. Тіпті, жасанды интеллектінің өзі жалған ақпараттардың таралуына жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа айтарлықтай нұқсан келтіретіні, сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктері туралы осы форумда сөйлеген Ватикан, БАӘ, Ұлыбритания, АҚШ, Бенин сынды елдерден келген мәртебелі қонақтар пікірлерін айтты.

Форумның миссиясын және рухани құндылықтарды дәріптеу ісіне беделді тұлғаларды жұмылдыру мақсатымен съездің ізгі ниет елшілері институты құрылды. Соған сәйкес қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддистік сангханың Бас хатшысы Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Феофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс ізгі ниет елшілері болып сайланды.

Жас көшбасшыларды съезд қызметіне тарту қалыптасқан дәстүр мен диалогтың сабақтастығын сақтауды көздейді. Осындай нақты қадамдар съездің одан әрі нығаюына ықпал етіп, рухани дипломатия мен дінаралық және мәдениетаралық диалогты дәріптеуге өз септігін тигізеді деп сенемін. Сондықтан, бұл форум алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге және қазіргі өзекті проблемаларды шешуге өзінің айтарлықтай үлесін қоса беретіні айқын.

Қазақстан Республикасының атынан форумда «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры, PhD Ершат Оңғар жастарға қолдау көрсетіп, жігер берерлік рухта сөз сөйлеп, келелі ой, маңызды істердің орамын сабақтады.

– Жалпы, жас ұрпақ – келешек әлемнің құрылысшылары. Бүгінгі жас лидерлер алдыңғы буын қалдырған мұраны сақтап қана қоймай, болашақты өз қолымен қалыптастырады. Бұл болашақтың негізі өзара сыйластыққа, сенімге және ашықтыққа құрылуы тиіс. Діндер арасындағы диалог – төзімділік танытып, бейбіт өмір сүрудің негізгі шарты. Қазіргі жастар түсініспеушіліктің орнына көпірлер салуға, қоғамды жақсартуға үлес қосуы қажет, — деді проректор.

Сонымен қатар Ершат Оңғар дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын да атап өтті. Оның ойлары форумның негізгі мақсатына сай, рухани және діни құндылықтарды жастар арасында нығайтуға бірден-бір серпіліс болары сөзсіз. Тәуелсіздік сарайында өткен форумда интерактивті көрмелер (Art-аймағы, Book-аймағы, Info-аймағы, Fair-аймағы) ұйымдастырылып, қатысушыларға «Өзгерістер дәуіріндегі сенім» атты бейнеролик көрсетілді. Отырыстар «Әлемнің тұрақты дамуындағы жас лидерлердің ролі», «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар», «Мәдениеттер мен діндер диалогындағы жас лидерлердің рөлі» секцияларымен жалғасты.

Форумның қорытындысында Жас діни көшбасшылардың декларациясы жарияланып, онда бейбітшілік, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделген халықаралық диалог пен бірлескен іс-қимылдар үшін жаңа қадамдар жарияланып, бірлік пен бекемдікті, ырыс пен ынтымақты қолдайтын жалынды жастардың болашақтарына үлкен бастама болары сөзсіз.

Бұл әлемнің әр түкпірінен келген жастардың дінаралық түсіністік пен диалогты нығайтудағы ролін айқындап, оларға жаңа бағыт-бағдар беруге арналған маңызды басқосу болды. Жас дін көшбасшыларының сын-қатерлер төңірегіндегі мәселелердің астар-тысын сөге отырып қаузауы – жаңа қағидаттар мен нормалар арқылы келісімге қол жеткізетін қолайлы орта құрудың жалғыз жолы.

Оған қоса бұл қадамға әлемдік «тар жол, тайғақ кешулерді» бірлесіп еңсеруде ерекше мән берілгені қуантты. Жас лидерлердің алғашқы форумы – осы миссияның маңызды бір бөлігі. Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар жас буынның қайыспас жігері, үздіксіз ізденістері, жарқын бастамалары дінаралық келісімге жаңа леп беріп, халықаралық қоғамдастықтың өркендеуіне оң әсерін тигізеді деген ой форум қатысушысы ретінде біздің де көкейімізге асқақ мерей, жаңа талпыныс сыйлады.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,

облыстық дін істері басқармасы діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы

0

Автор публикации

не в сети 20 часов

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля