Махамбет ауданында жас ақындар мүшайрасы өтті
Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен бүгін Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында мектеп оқушылары арасында «Ұлттық салт-дәстүр халқымыздың рухани өзегі» атты жыр мүшайрасы өтті.
Байқаудың мақсаты — жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін өлең-жыр арқылы көрсете білу. Жыр сайысы тіл көркемдігін жетілдіру, құнарландыру, өлең өрнектерін зерделей отыра халықтың тілін, ділін, дінін, елін, жерін қадірлеуге шақыру мақсатын көздейді.
Аталмыш байқаудың әділ-қазы мүшелері Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры, халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы С.Қойшұғылов, тіл жанашыры А.Жуасов, республикалық көркемсөз оқуларының жүлдегері, орталық маманы С.Құжырбаев болды. Байқау ережесі бойынша талапкерлер бірінші кезеңде берілген тақырыпта өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды.
Мүшайра соңында талапкерлердің тіл байлығына, сөйлеу мәдениетіне, өлең оқу шеберлігіне мән берген қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Талдыкөл орта мектебінің оқушысы Серікова Дильназ, жүлделі ІІ орынды Д.Төленов атындағы мектеп гимназиясының оқушысы Жолдыбаева Арайлым иеленсе, жүлделі І орынды Қ.Ахмедияров атындағы Таңдай орта мектебінің оқушысы Үмбет Дильназ Мерекеқызы иеленіп, мүшайра жеңімпазы атанды. Алғыс хатпен Талдыкөл орта мекетбінің оқушысы Бекназым Қонысқызы марапатталса, мүшайрада белсенділік танытқан мектептерге ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар беріліп, арнайы сыйлықтар табысталды.