Нумерология – адамдарды алдап-арбайтын ілім
Қазіргі таңда адамдар нумерологияның сиқырлы сандарына қатты сенетін болып алған. Себебі болашағын алдын ала болжап білу жүректеріне сенім ұялататындай. Сол арқылы жеңіл өмір сүреміз деп ойлайды. Бірақ ондай әрекетті шариғат заңдылықтары қаншалықты құптайтыны және ғылымда дәлелденгені қызықтырмайды. Ислам сенімі бойынша өмірдегі барлық өзгерістер тек қана Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сондай-ақ тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл Нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айтады. «Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шек келтіру үлкен күнә саналады» дейді ол. Бұл жайында «Ағраф» сүресінің 188-аятында: «(Ей, Мұхаммед) оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырмай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді», – делінген. Ал ғалымдардың зерттеуінше, қандай да бір сан адамның тағдырына еш әсер етпейді. 1993 жылы Ұлыбританияда, 2012 жылы Израилде жүргізілген эксперименттер нумерологияның ғылым емес екенін дәлелдеді. Соңғы сынаққа тіпті кәсіби нумеролог пен 200-дей адам қатысқан, алайда ешқандай сәйкестік табылмаған да, анықталмаған да. Бұл ретте атақты мұсылман ойшылы Ибн Халдун сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», – деген.
Ол «Мұқаддима» еңбегінде сиқыршылардың жын-шайтанның күшіне жүгінетінін баяндаған. Ол сиқыршыларды бірнеше түрге бөледі. Бірі – тек өз күшіне сүйенетіндер, екіншісі – жұлдыздарды немесе сандарды пайдаланатындар. Бірақ біріншісінің дәрежесі жоғары екенін айтқан. Хасан Аманқұлдың айтуынша, тарихта аталған іліммен айналысқан кейбір шейіттік және шектен шыққан сопылық бағыттар жайында келген. «Муқаддима» кітабында мұның жоғарыдағы топтардың ғайыпқа қол жеткізуге құштарлығынан пайда болғаны айтылады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген. Сондықтан болашағынды болжауға, оны алдын ала білуге ұмтылмаған абзал. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Оған асыл дініміз түбегейлі қарсы. Тіпті ғылымда да дәлелденбеген. Балжан ӘБДІРАШ