ОТБАСЫНЫҢ СӘНІ – СЫЙЛАСТЫҚ
Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны белгілі. Бірақ ер адамның әйелді қор көріп, оны ұрып-соғуы шариғатқа да, заңға да қайшы әрі адамгершілік шеңберіне де сыймайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасылық қарым-қатынастағы зорлық, қорлау немесе қорқыту әрекеттері. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық эмоционалдық, жыныстық, әлеуметтік, қаржылық, рухани және физикалық болып бөлінеді.
Заң тұрғысынан қарасақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі) [1].
Мұсылман ретінде біз үйдегі бақылау құралы ретінде қолданылған зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеудің зұлымдық әрі дінімізге жат іс-әрекет екенін айқын түсінеміз.
Зорлық-зомбылыққа қатысты Ислам дініндегі ұстаным өзге мәселелер секілді Құраннан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннетінен және тарихи және заманауи пәтуалардан алынады.
«Отбасының сәні – сыйластық» деп халқымыздың көне нақылында айтылғандай, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай ерлі-зайыптылар арасындағы байланыс шексіз сүйіспеншілікке, өзара құрметке, сабырлыққа, мейірімділікке, әділеттілікке және жайлылыққа негізделуі тиіс.
Бұл туралы Құранда: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғаны да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» [2] – деп айтылған.
Кейбір адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықты жақтап, Құран аяттарының бұрмаланған түсіндірмелері, әлсіз хадистер немесе күмәнді ғалымдардың пікірлерін алға тартады.
Мысалы, Құрандағы: «Еркектер – әйелдерді билеуші. Өйткені Алл бірін бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар малынан да үлес береді (әйелдерге мәһір, нәпақа береді). Ал енді жақсы әйелдер – бойұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектерінде тастап қойыңдар (одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында, Алла өте жоғары, тым ірі» [3] деген аятты басшылыққа алып, өз әрекетін ақтап алғысы келеді.
Алла Тағала бұл жерде ерлердің әйелдердің қамқоршысы екенін, әйелдердің күйеулері жоқ кезде адалдығы мен мүлкін сақтауы міндетті екенін айтады. Ал егер әйелдер бойұсынбаса, онда ер адам алдымен оған ескерту жасап, одан уақытша алыстауы керек, содан кейін оған мұндай мінез-құлықтың рұқсат етілмегенін және оның салдары екеуіне де жағымсыз болуы мүмкін екенін нақты түсіндіруі керек.
Көптеген дін ғұламалары бұл пікірді жақтап, «сабап тұру» сөзінің аудармасы аяттың шынайы мағынасына сәйкес келмейтінін айтқан. Бұдан кейінгі аятта түсініспеушіліктерді шешу үшін күйеуінің де, әйелінің де жағынан төреші тағайындау керектігі айтылған.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы: «Пайғамбарымыз Мұхаммед ешқашан не әйелдеріне, не қызметшілеріне қол көтерген емес. Тек соғыста әділдік жолын қорғау қажет болғанда болмаса, басқа кезде ешқашан ешкімді ұрмаған».
Көріп отырғанымыздай, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көркем отбасылық өмірі арқылы бізге мінсіз ерлі-зайыптылық қарым-қатынастардың тікелей мысалын көрсетті. Күйеуінің әйелі алдындағы жауапкершілігі жайлы келесі хадистен артық мысал жоқ деп білеміз. «Оларды өздерің киген киімнен киіндіріңдер, оларға өздерің жейтін тағамнан беріңдер, оларды ұрмаңдар және жәбірлемеңдер» (Әбу Дәуіт).
Сонымен бірге қоштасу қажылығы барысында: «Әйелдердің ақысын аяқ асты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Әйелдеріңді Алланың аманаты ретінде әрі нәзік жаратылыс иесінің ар-намысын қорғауға Алла атымен сөз беріп, адал жар ретінде алдыңдар. Сендердің әйелдеріңнен талап ететін, әйелдеріңнің де сендерден талап ететін хақысы бар. Сендер одан ақ некеге опасыздық жасамауды талап етуге құқылысыңдар. Әйелдің ақысын өтеуге міндеттісіңдер, яғни олардың ішіп-жемін, киім кешегін қамтамасыз ету – сендердің міндеттерің» деу арқылы, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерімізге деген қатынасымыздың қандай болуы керектігін айтып кеткен.
Бұдан бөлек «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі – әйелдерді қатаң бақылау немесе оларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу әрекеттерінің мұсылманға жат қылық екенінің айқын дәлелі.
Сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Әйел – сенің ақылшың» атты өлеңіндегі келесі жолдар, әйел затының біздің өміріміздегі мәртебесін анық көрсетіп тұр.
Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.
«Өз жарыңды жаттай күт, жат көрсін де түңілсін. Бір-біріңді қадір тұт, жұрт үлгі алсын, үңілсін» демекші, неке – тыныштық, бейбітшілік пен жайлылық мекені екенін ұмытпай, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне берік болып, отбасымыздағы берекені арттыруға барынша ұмтылайық, ағайын.
Алла баршамыздан разы болып, отбасымызға амандық нәсіп етсін!
Әнуар Ізімбайұлы,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы бас имамы