Мақалалар

Парасатты ұрпақ – ел болашағы

Тәрбие  тал  бесіктен  басталады.  Баланың  ақылды,  парасатты, әдепті болып өсуі – ата-анасының, ел-жұртының мерейі. Қазақ сөзбен түзеп,  көзбен  тәрбиелеген  ұлы  халық.  Даналығы  мен  даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде көмкерілген.  Әр  ұлттың қай  кезеңде  болмасын  алдында   тұратын ұлы міндеттерінің   ең бастысы өзінің ісін,  өмірін жалғастыратын  салауатты  саналы  ұрпақ  тәрбиелеу. Болашақ қоғам  иелерін  жан-жақты жетілген, ақыл  парасаты  мол, мәдени, ғылыми  өрісі  озық етіп тәрбиелеу  аға  буынның  қоғам алдындағы зор  борышы. Ал  жастарды жан-жақты қабілетті  азамат  етіп өсіруде  халықтық салт-дәстүрлердің  тәлім-тәрбиелік  білім  танымдық рөлі  зор.  Қазақ  халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген   күміс  күйі, сыбызғы  сырнайының  үні,  асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары   мақал-мәтел,  шешендік  сөз, айтыс өлеңдерінің  сан ғасыр бойы  өз ұрпағын  сегіз  қырлы, бір сырлы,  өнегелі де өнерлі  адамгершілік  ар-ожданы  жоғары  намысқой  азамат  етіп  тәрбиелеп келгені  тарихи шындық.

Бала тәрбиесінің   алтын бесігі – отбасы. Бұл шағын  әлеуметтік  топ –бала үшін өмір мектебі.

Қазақстан  Республикасы  Ата  заңының  9 тарауы  «Отбасы»  деп аталып, оның  51  бабында  «Ата-аналардың  және олардың  орындарындағы  адамдардың міндеті – балаларды  асырау, тәрбиелеу  және оқыту» – деп  нақты  көрсетілген.  Ата-ана  баланың өмірлік  ұстазы  және  тәрбиешісі. Балалардың  болашағы  олардың   өмірден  татар  несібесі  мен  еншісінің  үлес  салмағы  ата-ананың  сіңірген  еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты  болады.

Отбасының берекесі әдептіліктен басталады. Әдеп дегеніміз жақсы тәрбие, адамдармен жақсы мәміледе болу, көркем мінезді, ар-ұяттылық, сыпайылық, көркемдік деген сөз. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын құнды қазына. Әдеп – адам мен жануарды ажырататын айырмашылық.

Бұрынғы  ғұламалар   әдеп   туралы   небір   құнды   қанатты сөздер қалдырды.  Мысалы,  «Әдептілік  –  арлылық,  әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді» деген қанатты сөздерінде жақсы түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездері жұртқа көрініп жүреді.

Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен  құтылады» – деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге қай адам жау болады, қастасады. Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.

Жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастардың күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни ұстаным мен көзқарас мәселесінде бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қасаң көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпау және т.б.

Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (с.а.с) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайынмен жақыннан араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат» – деген атқа лайық болуы тиіс.

Мұсылмандық жолды берік ұстанған адамның отбасы, туған-туыс, қоғам, мемлекет алдындағы моралдық жауапкершілігі екі есе артуы тиіс. Бізді сәби кезімізден бағып-қағып, әлпештеп өсірген ата-анамызға, туыс-бауырымызға, көрші-қолаңға, айналамыздағы жақын адамдарға жат болмайық. Керісінше, олардың сенім артқан ең жақын, арқа сүйеген азаматы болайық.

Әдептілік – туа бітті қасиет емес. Ата-анасынан балаға қанмен берілуі мүмкін. Бірақ, көбінесе әдептілік өсе келе бойға даритын қасиет. «Әдепті бала – арлы бала» – деген дана халқымыз әдептің бастауы ар-ұят деп білген. Ендеше, баламыз әдепті болсын десек, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлген жөн деп білеміз. Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі. Тұрпайы мiнез, жат қылық – надандықтың белгісі.

Қорыта келе, қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтудамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелегеніміз абзал.

 

Қ.Салықбаев

Түркістан облысы

“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ бөлім басшысы

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля