Мақалалар

Тектілік феномені

немесе аяттың жаңа қыры Құдіретті де Мейірімді Иеміз бізді ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқаны, бізді бір ұлттың құрамында дүниеге әкелуі – сол Ұлт үшін, сол Елдің өркендеуі, яғни әрі рухани, әрі материалдық дамуы үшін еңбек етуімізді талап етеді, парыз етеді («Хужурат» сүресі, 13-аят). Тектіліктің бір ұшы осы парыздан басталады. Тектіліктің өзегі – адамшылық, ар-иман. Тәңірін таныған һәм Оған еш серік қоспаған, сөйтіп иманын таза сақтаған; Ұлы Раббысының мәңгілік өзгермес үкімдеріне бойұсынған, биік талаптарына ұмтылған; Елшілер салған, әулиелер даңғылға айналдырған сара Жолмен жүрген Жұртынының тектілігін ұрпағына жалғау – Тектінің міндеті! Тамырынан нәр үзбеген, бабалар арманына-аманатына адал ұл – тектілікті сақтайды, жалғайды. Түп тегі Пайғамбардан басталған, салт-санасы тәңірлік заңдар негізінде қалыптасқан, халық болып қауымдаса күн кешкен, басты мұраты Құдай Жолынан ауытқымай Ақыретке аман жету болған әрбір ұлт – тектіліктің қалыбы. Сондай ұлт қана Мәңгілік Ел болуға лайық! Туған Ұлтының осы ұлы Мұратына адалдық танытқан адам – нағыз текті!

Мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, сан сынақтың сүзгісінен өткен мәнді Мәдениетін: асыл Дәстүрін, оған негіз болған ата Дінін және сол таным мен салтты бойына жиған ана Тілін, жалған дүние ішінен арман дүниені көрсете білген өзіндік Өнерін сақтай-дамыта білген, жүріп өткен Жолын-Тарихын ұмытпаған, яғни сол Тарихынан сабақ алған, сондай-ақ топырағына қаны мен тері сіңген Атамекенін ардақтай алған, Мемлекетін өркендетіп, егемендігіне еге бола алған Ел – Текті Ел! Төрт Құбыла іспетті: Дін, Тіл, Дәстүр, Өнерден құралған төл Мәдениет, Тарих пен Атамекен – бабадан қалған Аманат! Осы Аманатқа адал адам, яғни киелі Тамырынан ажырамаған, ата-бабасынан мұраға қалған қасиетті Құндылықтарды бойына сіңірген азамат – Текті! Әкесі мен анасының, атасы мен әжесінің тәлімді тәрбиесінен нәр алып, одан ары жеті ата, жетпіс пұштысынан жалғасып келе жатқан асыл тегін, «текті әулет» деген қымбат атағын былғап алмау, алдыңғы буынның абыройына нұқсан, атына кір келтірмеу, «атасына рахмет!» деген алғыс алу – текті перзенттің белгісі әрі парыз-міндеті! Құран Кәрімдегі «Маған және ата-анаңа шүкір ет!» («Лұқман» сүресі, 14-аят) аятының амалға асырылуының бір қыры осылай болмақ. Тектілік қанмен келеді, жанмен жалғанады: жан еңбегімен, Ар еңбегімен жалғанады. Тектілікті сақтау – үш дұшпанмен күрес арқылы, нәпсімізді ізгілендіру арқылы жүзеге асатын дүние. Иә, пенделігіңді жеңу арқылы тектілік кемеліне келеді. Түрлі жағдайларға байланысты шыққан тегін білмейтін немесе ұмытқан адам – жаңа бір текті әулеттің негізін салуға тиіс! Ол саналы азамат ретінде осы жүкті жүрегімен қуана қабылдауы керек. Қалыбы – Халқы текті болғандықтан, өз ұлтының тектілік дәстүрін бойына жиып, тамырына жалғана алса, бұл міндет жүлгесін тауып, жүлдесін алады… Қасиетті Құрандағы «жақсылықтың жолында жарысыңдар» («Мәида» сүресі, 48-аят) деген талап-үкім – «жеке адам ретінде сауап жинау жолында жарыс» деген мағынадан бөлек, «өзіңді жақсарту арқылы тегіңді жақсарт, әулетіңді алға сүйре» деген және «халқыңа қызмет қылып, ұлтыңды өрге сүйре» деген, сондай-ақ «адам баласының игілігі үшін еңбек ет, адами қасиеттің сақталуына, дамуына үлес қос» деген салмағы батпан жауапкершілік арқалататын, сол арқылы самғауы биік заңғарларды меңзейтін үкім-үміт! Жаппар Иеміздің бізге көрсеткен Сенімі!.. Қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына налитын, өлімнен Ұятты күшті көретін, Ары үшін жанын қиятын Текті халықтың ұрпағы болсаң – саған тексіз болуға рұқсат жоқ, уа, Қазақтың баласы!..

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Тектілік феномені | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 2 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 983Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля