“Телефон террористері”: мақсаты және жазасы
Терроризм – елдің тыныштығын бұзу, қоғамды үрейге бөлеу мақсатында жасалатын қылмыстық әрекет болса, террористік актілер туралы жалған хабарлама берудің әсері одан кем емес. Құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел-жұрт жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Алайда жалған хабарлама беріп, жұртты дүрліктіретін бұзақылардың әрекеті тыйылар емес. Бұзақылар көпшілік орындарды таңдайды Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, мәселен әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады. ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті 1-басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, тәртіп сақшыларының осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Ал ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығын келеді. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 млн теңгеге дейінгі соманы құрады. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер, т.б. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Жалпы айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ, яғни өтірік болып шықты. Алайда «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады». Әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексерілуі керек. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр. Себепте шек жоқ… Жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермеуі мүмкін, білсе де оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, тапап мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, кішкентай балалар да болуы мүмкін. Бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізеді.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: “Телефон террористері”: мақсаты және жазасы | Қазақстандағы Ислам