Экстремизм мен терроризм – ғаламдық қатер
Адамзаттың рухани, мәдени, саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайына әсер етіп отырған діни экстремизм мен терроризм ұғымдары ХХІ ғ. ең өзекті мәселелерінің біріне һәм бірегейіне айналды. Қазіргі кезде діни лаңкестік бір ғана аймаққа не мемлекетке тән құбылыс емес, бүкіл әлемдік дәрежедегі проблемаға айналған жайы бар.
Ғаламдық дәрежеде лаңкестікке апаратын экстремизмнің алуан түрлері белең алып, жалғаса түсуде. Әртүрлі ұйымдар осыны пайдалану арқылы саяси-экономикалық мәселелерді шешуге тырысуда. Бүкіл әлемде орын алып отырған діни ситуацияны пайдаланып экстремизм мен терроршылдықтың саяси-әлеуметтік негіздерін зерделеу аса өзекті мәселе.
Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» және «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуге тиіс» деп көрсетілген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне бостандық береді, алайда ол сенім заң бұзушылыққа, ел арасына бүлік салуға апармауы керек.
Дегенмен, бұл заң бұзушылықтардың орын алып отырғанын байқауымызға әбден болады. Сонымен қатар, лаңкестердің еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруімен қоймай, ұрлау, кепілге алу, мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық жерлерде жарылыстарды ұйымдастыру, қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасау және тағы басқа іс-әрекеттері өршу үстінде. Бұл проблемалардың алдын алу жолында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Антитеррорлық комитет және жергілікті әкімшіліктердің жұмыстарын бағалап кеткеніміз жөн.
Бүгінде лаңкестік және экстремистік мәселелер адамның қай мемлекетте тұратынына қарамастан, оның алыс немесе жақын туыстары және достарының зардап шегуіне үлкен ықпалын тигізіп отыр. Экстремизм мен терроризмнің көріністері кез келген түрде біздің заманымыздың ең қауіпті мәселелерінің біріне айналып, жеке ұжымдық зорлық-зомбылықтың экстремалды нысанын туындатуда.
Сондықтан лаңкестік пен экстремизмге қарсы тұру мәселесі мемлекеттік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аса маңызды міндеттерінің бірі.
Лаңкестік әрекеттер қорқыныш және үрейдің, көптеген көз жастың төгілуін тудыратыны мәлім. Экстремизм және терроризм мәселесі, әсіресе, лаңкестік әрекеттердің ауқымы, тек жеке мемлекетте ғана емес, ғаламдық мәнге ие бола отырып, әлемдік қоғамдастыққа қауіп төндіретіні анық.