Мақалалар

Ғаламтордағы радикалды идеологияға қалай қарсы тұрамыз?

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.

Бірқатар сарапшылар экстремизм ұғымының бастауын саяси мүдделерді жүзеге асыру мақсатынан туындағандығын негізге ала отырып, «діни экстремизм» ұғымын саяси мақсаттарды жүзеге асыру құралы ретінде қарастыруды ұсынады. Сол себепті, діни экстремизмнің пайда болу себептері мен белгілерін талдау арқылы оны саяси ғылым санаты ретінде қарастыруға ұмтыламыз.

«Діни экстремизм» ұғымы екі құрамдастырушы – экстремизмнің өзі мен діннің қатысуы арқылы тұжырымдалады. Экстремизм термині латынша шектен шығушы, яғни нақты тұлғаның, адамдар тобының, қоғамдастықтың нақты парадигмада орныққан моральдық нормаларға, салт-дәстүрлерге, құқық қорғау қатынастарына қайшы іс-әрекеттері дегенді білдіреді.

Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың/топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Деструктивті және радикалды діни ағымдар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ. Яғни, қоғамдағы ауыз біршілікті жою, әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру. Ең басты көздегендерінің бірі ол – елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

Cоңғы жылдары еліміздің діни ахуалына талдау жасау барысында, халқымыздың сексен пайызға жуығы ислам дінін ұстанып, дінге бет бұрып жатқандығы және олардың басым бөлігін жастар құрайтыны белгілі болды. Бір жағынан – бұны жақсы хабарға баласақ, екінші жағынан –дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз жәйіттер алаңдатады. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еттік. Экстремизм нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асады және ол адам өмірінің барлық салаларында тұлғааралық байланыстарда, қоршаған ортамен қатынастарда, саясат, дінге қатысты орын алады. Экстремизм өз мәнінде «агрессия» және «қылмыс» ұғымдарын қамтиды. Алайда, агрессия саналы әрі бейсаналы болатын болса, экстремизмге мотивация тән. Сол себепті, экстремизм адамдарға қатысты орын алатын әлеуметтік құбылыс әрі зорлық көрсетуге бағытталған тәрбиенің немесе сыртқы факторлардың тұлғаға кері ықпалынан пайда болатын салдар болып көрінеді.

Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған. Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді.

Халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр.

Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда.

Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі.

Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидаттар киелі кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Қорыта келе, дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жол – Елбасының таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту болып табылады.

 

 Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

 

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля