Қазақстан Республикасының заңнамасы: желідегі діни ақпараттар
Бүгінгі қоғам – ақпарат тасқынының құрсауында. Қолдағы смартфоннан бір сәтке көз алмайтын адам баласы интернет пен әлеуметтік желілер әлемінде өмір сүріп жатқандай. Бұл кеңістік — шексіз білім мен жаңалықтың қайнар көзі болғанымен, қатарласа зұлым ойлы идеологиялардың да жасырын ордасына айналғаны ақиқат. Әсіресе, діни сипаттағы жалған уағыздар мен радикалды көзқарастар жас буынның санасын улап, қоғамымызға қауіп төндіріп отыр.
Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. Мемлекеттің ең басты байлығы – оның азаматтарының амандығы мен сана тәуелсіздігі. Ал осы санаға шабуыл жасайтын радикалды діни ағымдар интернет арқылы, әсіресе жастарды көздеп, айла-шарғымен өз құрығына түсіруде. Бұл – бүгінгі күннің үлкен рухани және әлеуметтік қатері.
Интернет арқылы таралатын діни радикалды идеялардың мақсаты – жастарды елдің заңды құрылымынан, ұлттық рухани негіздерінен алыстату. Мұндай мазмұндағы ақпараттар, әдетте:
— Қазақстанның зайырлы құрылымын теріске шығарады;
— Жастарды мемлекет заңдарына қарсы келуге үндеуі мүмкін;
— Рухани және психологиялық тұрғыдан тұрақсыз жастарды радикалдық жолға түсіреді;
— Отбасымен, қоғаммен байланысын үзуге, әлеуметтік оқшаулануға үгіттейді;
— Дәстүрлі ислам ілімін жоққа шығарып, өзінше «таза дін» ұстанымын тықпалайды.
Бұндай арандатушы ақпараттардың салдарынан кей жастар оқуын тастап, туған-туысымен қарым-қатынасты үзіп, жат идеологияның жетегінде кетіп жатқаны – қазіргі қоғамда күрделі мәселеге айналды.
Жастар – мемлекеттің алтын діңгегі, елдің ертеңгі тағдыры солардың қолында. Алайда, теріс ағымдардың торына түскен жас буын:
— Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және ұлттық құндылықтардан безініп;
— Жалған уағызшылардың сөзіне еріп, қоғамнан оқшауланып;
— Ата-анасын мойындамай, дәстүр мен тарихқа қарсы шығып жатады.
— Бір кездегі ибалы, ізетті бала санасы уланған соң, жат пиғылдылардың қолшоқпарына айналуы мүмкін. Бұл – отбасына ғана емес, тұтас қоғамға төнетін қауіп.
Қазақстан Республикасы – зайырлы, құқықтық мемлекет. Мұнда әр азаматтың діни сенім бостандығына құқығы бар. Дегенмен, бұл еркіндік шектеусіз емес. Мемлекет қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында бірқатар заңнамалық шектеулер енгізген.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы бойынша:
— Діни әдебиеттер мен ақпаратты тарату тек арнайы тіркеуден өткен ұйымдар мен уәкілетті тұлғаларға ғана рұқсат етіледі;
— Миссионерлік қызмет те рұқсатпен жүзеге асырылуы тиіс;
— Әлеуметтік желіде немесе мессенджерлер арқылы діни экстремизмді насихаттаған адам ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (араздық қоздыру) және 256-бабы (терроризмді насихаттау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады;
— Интернет және БАҚ кеңістігін бақылау үшін арнайы уәкілетті органдар жұмыс істейді.
Бұл – мемлекет тарапынан қойылған қорғаныш, бірақ басты қорған – әр адамның өз санасы мен діни сауаттылығы болмақ.
Мәселенің тамырына балта шабу үшін тек заңмен күресу аз. Қоғамдық, рухани және білім беру салаларында жүйелі жұмыс атқарылуы қажет. Төмендегі ұсыныстар соның бір парасы:
- Діни сауаттылықты арттыру.
Мешіттер мен медреселерде, оқу орындарында теологтар мен имамдардың қатысуымен ашық кездесулер өткізіп, жастарға дұрыс діни түсінік беру қажет.
- Білім беру ордаларында жүйелі профилактика.
Мектеп пен университет қабырғаларында діни экстремизмге қарсы семинарлар, тренингтер ұйымдастыру – сана қалыптастырудың төте жолы.
- Ақпарат көзін таңдауда мұқият болу.
Желіде ұсынылатын діни мазмұндағы материалдарға сын көзімен қарап, тек ресми, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен ақпарат көздерін пайдалану қажет.
- Ата-ана мен тәрбиешінің рөлі.
Бала тәрбиесі – отбасыдан басталады. Ата-ана баласының интернеттегі белсенділігін бақылап, ашық әңгімелесіп, сенімді кеңесші бола білуі тиіс.
- Ұлттық тәрбие мен рухани жаңғыру.
Жастарды ата-баба жолымен, ұлттық дәстүр мен тіл, діл, дін үйлесімін ұстануға баулу – олардың рухани иммунитетін күшейтеді.
Интернет – адамзат игілігі. Алайда, ол екі жүзді қылыш секілді: дұрыс қолданылса – ілім мен ғылымның көзі, теріс мақсатта пайдаланылса – қоғам іргесін шайқалтатын күш.
Сондықтан, әлеуметтік желіде ұсынылған әрбір діни ақпаратқа сақтықпен қарап, шынайы әрі сенімді дереккөзге жүгіну – бүгінгі күннің басты талабы.
Діни экстремизммен күресте тек мемлекеттің емес, әр азаматтың, әр отбасының жауапкершілігі зор. Себебі ел болашағы – жастардың қолында. Жас буынның адаспай, ұлттық және рухани құндылықтарды берік ұстанып, саналы, сауатты, ізгі жолмен жүруі – мемлекет тұрақтылығының кепілі.
Атырау облысы Дін істері басқармасының
бөлім басшысы М.Ізғалиев