Жаңалықтар

«Қазақстан ғаламторында бір айда 3 миллионға жуық діни теріс ағым материалы таратылады»

Атырау облысы Дін істері басқармасы деструктивті діни ағымды ұстанушыларды дерадикализациялау, экстремизмге қарсы іс-әрекет, теріс пиғылды ағымдарға тосқауыл қою, деструктивті діни ұйымдар үгітінің алдын алуда республикада көш бастап тұр. Жалпы Қазақстан ғаламторында бір айда 3 миллионға жуық діни теріс ағым материалы таратылады. Атырау облысы бойынша жыл басына бері 10 айда облыс бойынша діни теріс ағымның 16 мыңға жуық аккаунты бұғатталып, жойылған.
Біз бүгін облыста атқарылып жатқан осындай ауқымды жұмыстар туралы әңгімелеп беру үшін Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевке жолықтық.
— Қайролла Дүйсешұлы! Сіз басқарып отырған Атырау облысы Дін істері басқармасы интернет желісіндегі діни теріс ағымдарды анықтау мен бұғаттау жұмыстары бойынша республикада көш бастап, 1-ші орында тұрсыздар. Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер?
— Біз өз жұмысымызда әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы бағдарламаны қолданамыз. Бағдарлама бізге деструктивті ағымның аккаунттарын, сайттарын көрсетіп беріп, соның ішінде топқа бөліп, сол жерде отырған адамдарды тауып беруі арқылы жұмысымызды жеңілдетіп отыр.
Бұл жоба облыс аумағында әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларына автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда, оны толық зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай зерттеулер нәтижесінде жергілікті Ақпараттық талдау орталығы соңғы 10 айда 16 мыңға жуық аккаунттарды анықтады.
Біз бұл жұмысты 2016 жылы 2 маманмен интернетте отырып, қолмен іздеп бастадық. Ол кезде бұл бағдарлама жоқ болатын, әлеуметтік желіде экстремистік бағыттағы аккаунттарды тауып, есепке алып отырып «Енді осы табылған материалдарды қалай бұғаттауға болады?», деп бас қатырып отыратын едік. Ол кезде қай маманның қолы бос, компьютерге отырып іздейтін еді. Ол жылдары «Интернет ресурстары және әлеуметтік желілерді зерделеу» деген арнайы бөлім әлі ашылмаған болатын. 2017 жылы автоматтандырылған бағдарламаны түсіндіргенде тез меңгеріп кеттік. Екі маманды осы жұмысқа байладық. Бағдарламаны қолға алып, іске кіріскен кезде алдымыздан діни теріс ағымдар шоғырланған
қоқыс алаңы шыға келді. Интернетке кіріп ислам деп басып қалғанда ең бірінші солардың уағызшылары, мысалы Дарын Мубаров, шейх Фаузан, тағы
басқаларының уағыздары алдымыздан өріп шықты.
Күні бүгін анықталған 4 804 материал дінтану сараптамасында жатыр. Террористік, эктремистік бағыттағы 10 485 материал бұғатталды. Біз осындай үлкен нәтижеге жету үшін 4 жыл бойы белсенді еңбектеніп келеміз.
Әлеуметтік желіде жұмыстың көптігінен сол зерделеу бөлімінде қазіргі таңда 20 маман қызмет жасайды.
— Бүгінде ел халқының басым бөлігі күндіз-түні әлеуметтік желіде отырады. Олар интернеттен қалаған ақпаратына қол жеткізе алады. Енді осы әлеуметтік желідегі діни теріс ағым уағызшыларына бәсекелестік қалыптасты ма?
— Діни бағытта ақпарат іздеген адам интернетке кіріп, «ислам» деп жазып іздеген кезде олардың алдынан біздің имамдардың, дін мамандарының материалдары неге тұрмасқа? Өкінішке орай, бұл бағдарлама бұдан 10-15 жыл бұрын шыққанда әлеуметтік желі бүгінгідей болмас еді.
Біз әлеуметтік желі теріс ағымның уағызына толғанда оның қандай қауіп- қатері барын, экстремизм идеяларымен уланған адамдардың сайттарын бұғаттамай, оларға әкімшілік немесе құқық бұзушылық кодексі бойынша шара қолданбайынша интернеттің тазармайтынын түсіндік. Лас суға аппақ, таза суды құя берсең ол су бірте — бірте ағарады емес пе? Міне, сондықтан біз әлеуметтік желіні тазартқан сайын оның орнын басатын ҚМДБ мамандарының бәсекелестікке қабілетті аккаунтарын көбейте беруіміз керек. Алаңды соларға тазартып беруіміз керек. «Дінге бет бұрдым» деген адам интернетке кіргенде ҚМДБ-ның материалдарына тап келуі үшін Бас мүфтиден бастап имамдар, теологтар, дін мамандарының материалдары, уағыздары сол жерде тұруы тиіс. Жергілікті имамдар да өз облыстарында әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеуге тиісті. Мысалы Атырау облысындағы 70-ке жуық имамның топтары болуы керек. Ал, топ ашып, уағыз айту үшін ең бірінші олардың діни және компьютерда жұмыс істеу сауатын көтеру қажет. Яғни, қазіргі имамдар заманға сай болуы керек. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал», дегендей, олар тек қана діни біліммен шектеліп отырмай, өз парақшасын сауатты жүргізе білуге тиісті. Мысалы Дарын Мубаров биылғы қыркүйек айында 2 апта ішінде желіге 25 діни теріс ағымның материалын (видео) салған. Ал, осы бағыттағы жұмыс, яғни әлеуметтік желіге діни материалдар жүктеу Қазақстан аумағында тек қана ҚМДБ –ның тарапынан болуы қажет.
— Дарын Мубаров қандай материалдар салған? Ол жауапқа тартылған шығар?
— Бүгінде әлеуметтік желіде ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Д.Мубаров
сурурит бағытындағы материалдарды, салафиттардың шейхтарының сөздерін
салған. Әрине, олардың видеолары бұғатталады. Ол енді жергілікті жерлердегі басқарманың құзырындағы жұмыс. Егер ол Атырау облысында тұратын болса, біз ондайға жол бермес едік. Заңға орай шұғыл қимылдап, әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттап, әрі қарай заң шеңберінде шара қолданар едік. Д.Мубаровтың материалдарын жүктеп, таратып жүрген атыраулықтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр, сондықтан жастарымызды заңға қарсы шықпауын ескертеміз.
Жергілікті жерлердегі Дін істері басқармалары осындай автоматтандырылған бағдарламамар арқылы оларды шетінен бұғаттап, әлеуметтік желіде діни теріс ағым өкілдеріне орын қалдырмауы қажет.Босаған орындарды ҚМДБ мамандары өз материалдарымен толықтыруы керек. Біз 10 топты жойып жібердік пе, КМДБ оның орнына 20 топ ашуы керек. Бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана жұмыста нәтиже болмақ.
— Бұл жұмыстар ҚМДБ тарапынан қолға алынып жатыр ма?
— Өкінішке орай, әлі ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Айтып кеттім, олардың бәрі компьютерді жетік меңгеріп, әлеуметтік желіде өз парақшаларын жүргізе білулері қажет.
Мысалы Ресейдің дін өкілдері әлеуметтік желіде өте белсенді. Олар тіпті көлікте келе жатып тікелей эфирге шыға береді, оған тұрғындар сұрақ қойып, жауабын да алып жатады, яғни олар жан-жақты деген сөз. Бізге
осындай белсенділік жетіспей жатыр.
— Атырау облысы Дін істері басқармасының мамандары жақында еліміздің біраз облыстарында болып өз тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Әлеуметтік желідегі діни теріс ағымдармен жұмыс жүргізу Атырау облысына қарағанда өзге облыстарда неге баяу жүруде?
— Жалпы, идеологиялық жұмысқа өз ісіне берілген, жан-жақты білімді белсенді мамандар аса қажет.Республикадағы барлық Дін істері басқармаларында біздегідей автоматтандырылған бағдарлама бар. Бірақ жұмыс нәтижесі әр облыста әр түрлі.
Мен өзге облыстағы әріптестеріме қойылатын бұл сұраққа былайша жауап берер едім. Бала, мейлі ол жасөспірім болсын, мейлі ержеткен болсын, ата-ана үшін ол бәрібір бала болып саналады. Және ол ата-ананың бақылауында болуы міндетті. Ата-ананың бақылауы болмаған немесе бақылауға көнбеген жастар теріс ағымға ілесіп кетіп жатыр.
Бір ата-ана маған келіп «Мен қолымнан келгенше бақылауымды жасап жатырмын. Әйтсе де балам теріс ағымға кетіп бара жатыр. Ал сіз осы
жастардың адаспауы үшін не істеп отырсыз? Интернеттегі теріс ағымды
таратып отырған аккаунттарды бұғаттап, жойдыңыз ба? Олай болмаса неге
бұғаттамайсыз?» десе, мен не деп жауап беремін?«Менде автоматтандырылған бағдарлама жоқ» деп өтірік айта алмаймын ғой. Міне, сондықтан халықтың, қазақтың, елдің бірлігі мен тыныштығы үшін күні-түні жұмыстануға тура келеді. Жыл басынан бері діни теріс ағымның 16 мыңға жуық аккаунттарын бұғаттап, оларды әлеуметтік желіден қуып шықтық. Жұмысымыздың нәтижелі болып отырғаны осы қарапайым да, бүгінгі қоғам талап етіп отырған осындай жауапкершілікті сезінуде жатыр.
Күні бүгін Атырауда болып жатқан мәселе 4-5 жылда басқа облыстарда да үлкен мәселеге айналады. Әзірге әлеуметтік желіде ұстайтын, экстремистік пиғылымен ұсталып, сотталатын адамдары бүгін болмаса, 3-4 жылда олар пайда болады. Өзге өңірдегі әріптестер сол кезге дайын отыру керек. «Егер экстремистік, террористік бағыттағы материалдарды интернетте жариялайтын болсаң заң бойынша мынадай баптармен жауапқа тартыласың» деп халықты, жастарды ақпараттандыра беру керек. Адам алдын ала ақпараттандырылса заң бұзушылыққа бармайды. Көптеген өңірлер жұмысты жаңа бастап жатыр. Мақтан үшін айтпаймын, әр өңір Атырау облысындай жұмыс істесе, яғни, ел бойынша белсенді жұмыс істесек, әлеуметтік желіні деструктивтік материалдардан бір жылда тазартып тастауға болады.
Мысалы Америкада экстремистік бағыттағы материалдарды интернетте жариялай алмайсың. Жарияладың ба, жарты сағатта саған есік қағып, жетіп келеді, Неге? Себебі оларда бәрі автоматтандырылған, интернетке кіріп бір экстремистік жазба қалдыратын болсаңыз, сол мезетте-ақ жауапқа тартыласыз. Оларда біздегідей жүгенсіздік жоқ. Біздегідей желіге
экстремистік материалдарды салып тастап, адамдардың санасын улап, арқаларын кеңге салып жүрген аккаунт иелерін кездестірмейсіз. Неге десеңіз, халыққа заңға қайшы іс-әрекеттерді жеткізіп, оны қадағалап, бақылап отыратын орган болғасын, тұрғындар өзін — өзі тәрбиеге шақырады. Осы бағытта республикасының барлық өңірлердегі Дін істері басқармасы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 және 453-баптарын тұрғындарға жан-жақты түсіндіруді қолға алу қажет деп есеп есептейміз.
— Бүгінде діни ақпараттарды әлеуметтік желіге кез-келген адам жүктеп отыр. Мысалы елге танымал, бірнеше мыңдаған жазылушылары бар әнші қыздар намазға жығылып, хиджабты насихаттап, қыздарды намаз оқуға шақырып жатыр. Олар тіпті «бүгін 5 қыз намазға жығылды, ертең пәлен қыз келеді» деп ашық жарнама жасап отыр. Бұларға тиым салатын заң керек емес пе?
— Ия, әлеуметтік желіде кез-келген адамның діни насихат жүргізуге құқығы жоқ. Бұл жұмысты тек қана дін өкілдері жүргізуі қажет. Соңдықтан әр өңірдегі әріптестеріміз осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға
міндетті.
Қазақстанда заңды тіркелген діни бірлестіктер белгіленген заң
шеңберінде мешіт салуға, діни мазмұнды әдебиеттер сатуға, діни материалдар тарататын орынды ұстауға, сондай-ақ мысалы «ғимаратымды мешітке берем, намазхана жасаңдар» десе қайта бейімдеуге және миссионерлік қызметпен айналысу үшін рұқсат берілген. Бірақ жоғарыда аталған қызметтерді заңды және жеке тұлғалар жүзеге асыратын болса онда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы бойынша дін саласы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ережесіне сәйкес рұқсат қағаздары болуы тиіс.
Осыларға алтыншысын, яғни заман талап етіп отырған діни ақпараттарды әлеуметтік желіде таратуға рұқсат беру туралы министрлікке ұсыныс бердік. Себебі өзіңіз айтқандай, кез-келген адам интернетке діни материалдарды салып жатыр, ал олардың арасында теріс ағымдар да бар. Заңға өзгеріс болмаған соң бұл күрделі мәселеге айналып, күннен-күнге көбейіп отыр.
Интернет арқылы әркім қолдағы діни кітаптарын, діни атрибутикаларды (электрондық жайнамаз, иконалар) сатып та жатыр. Ал, заң бойынша сатуға болмайды, мысалы біреу интернет магазины арқылы діни кітаптар сатады. Ал, интернетте діни кітаптар сатуға оған рұқсатты кім берді? Рұқсатты кім беруге тиіс? Екінші сайттар бойынша да тап солай. Оларға діни материалдарды, кез келген адамның уағызын салуға, таратуға кім рұқсат береді? Осыны анықтап, заңға қосу керек.
Жалпы дін саласында жұмыс істеп отырғандардан (тіркеуден өткен діни қызметкерлер) басқа адамдардың діни материалдарды таратуға рұқсаты жоқ
екенін әрбір тұрғын білуі тиіс. Кез келген тұлға интернетте қандай болса да діни материалдарды сала алмайды. Заң болса, бұл елдегі діни ахуалдың жақсаруына да айтарлықтай әсер етер еді.
— Қайролла Дүйсешұлы! Қарағандылық әріптестеріңіз сіздерге «Атыраулық мамандар интернет алаңындағы жат ағым идеологиясының таралуына бір шектеу қоюдың өзіндік бір ерекше моделін тапты» деп баға берді.
​ — Біз автоматтттандырылған бағдарламаға көшер алдында интернеттегі деструктивті ағымдардың материалдарын бұғаттау бойынша 4 жылдық жұмысымызда жинап-терген тәжірибемізге сүйене отырып, 3 бағыттан тұратын алгоритм құрдық.
Біріншісі интернет кеңістігіндегі дін саласындағы заң бұзушылықты анықтау. Теріс ағым бойынша кім қандай әлеуметтік желіде отыр, қандай ақпараттар таратуда? Берілген тізім бойынша бұл жұмыспен басқармаға қарасты Ақпараттық талдау орталығының аналитикалық орталығы айналысады.
Нәтиже келген соң екінші бағыт — әкімшілік практика. Одан әрі аккаунттардың жеке ақпаратын анықтау және материалдарды талдау, сотқа жіберу, сот шешімі шыққан соң алдын-алу жұмыстарымен шұғылданамыз. Әр полиция бөліміне теологтарды бекіттік. Теолог маманның қатысуымен заң бұзған тұлғаларды шақырып түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшінші бағыт. Осы жұмыстар Дін істері басқармасы, Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес, Жергілікті полиция қызметі басқармалары және «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп атқарылады. Еш қиындығы жоқ, осындай алгоритммен жұмыс істеп отырмыз.
​- Қиындық жоқ дегенмен де өзіңіздің іс-тәжірибеңіз бойынша жұмыс барысында қолбайлау, кедергі болған қандай ма бір мәселелер бар ма?
— Әрине, бар. Экстремизм бабы бойынша сотталғандардың кейбірі түрмедегі жақсы тәртібі, белсенділігі, теріс діни ағымнан қайтуына орай мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылып жатыр. Алайда олар үмітті ақтамай, бостандыққа шыққан соң діни әлде діни теріс ағымның материалдарын интернетке жариялайды. Ал біз оған айыппұл салумен ғана шектеліп отырмыз… Біз министрлікке осы мәселені заң бойынша шешу туралы ұсынымызды бердік. Тәжірибе өтіп жатқан өңірлерде практикадан шығатын проблемаларды заңмен шешу жағын кешіктірмей қолға алуымыз керек деп ойлаймын.
— Түрмеден «түзелдім» деп шыққанымен де баяғы жолымен кетеді дейсіз ғой…
— Бұл адам санасына байланысты. Мысалы Ақпараттық талдау орталығының мамандары зерттегенде «Жусан» операциясымен келген әйелдердің 83 пайызы кезінде интернеттегі деструктивті ағым материалдарымен уланған екен. Олар кезінде «Қазақстан — кәпірлер елі» деп Отанын сатып кетті. Адамның сана сезімі уланса Отанын сатып кетуге дейін барады. Яғни, олар үшін бұл түкке тұрмайды.
— «Жусан» операциясымен келген әйелдермен қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Кейбіреулері деструктивтік ағымды ұстанушыларға күйеуге шығып кетті деген ақпарат бар…
— «Жусан» операциясымен облыста 24 әйел, 80-ге жуық бала оралды. Оларды оңалту бағытында жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Аптасына екі рет діни сауатын ашатын сабақ жүреді. Шаралар онлайн режимімен өтіп жатыр. Бірақ көзбе-көз отырып өткізетін жұмыстар болса карантин талаптарын ұстай отырып атқарып жатырмыз.
Ия, рас, елге оралған 3-4 азаматша деструктивті ағымдағы адамдарға
екінші әйелі болып күйеуге шығып кетті. Олармен сөйлескенімде «Біздер тұрмысқа шығып, балаларымызды асырауымыз керек» дейді. Бірақ олар күйеуге шықса да, күйеулерінен материалдық көмек алып отырған жоқ.
Біреулері интернет бойынша басқа өңірдің азаматымен танысқан. Олар Атырауға келіп, әйелдермен некесін қиып алып, «баяғы ұстанымдарына» басып жүр. Некесін қиып жатқан да баяғы «браттары — ахилар».
Оларға «Баяғыда сіздердің некелеріңізді осы «браттарыңыз» қиды, ақыры Сириядан бір-ақ шығып, елге әзер деп оралдыңдар, қалғандары сол жақта мерт болды. «Жаздық-жаңылдық» деп келіп алып, баяғы жолға түсіп, некелеріңді тағы да «браттарыңа» қидырып жатырсыңдар. Неге мешітке барып имамға қидырмайсыңдар?» десем, «Имамға қидыруымыз керек пе?» деп отыр… Әйелдерге «жақсылап танысып, қараңдар, асықпаңдар» деп кеңес беріп жатырмыз.
— Олар Сириядан күні кеше келді емес пе?
— Бәрі бірдей емес, әрине… Балаларын адам етуді мақсат етіп, сол жолда тырысып жүргендері де бар. Кейбірі қазір шетелдік компанияларда жұмыс істейді. Кейбірі өз кәсібін ашып алды. Қысқасы, олармен оңалту жұмыстары жүріп жатыр.
— Олармен жұмыста тағы қандай мәселелер, қиындықтар бар?
— Қақтығыс аймақтарынан оралған әйелдердің күйеулерінің мәртебесі
(статусы) белгіленбей отыр.Мемлекеттік органдардан күйеулерінің із-түссіз жоғалғаны немесе қайтыс болғаны жөнінде анықтама алу мүмкін емес. Сол себепті көп балалы, жалғыз басты әйелдер атаулы әлеуметтік көмек пен балалардың жәрдемақысын ала алмайды. Осы тұрғыда жоғарғы органға ұсыныстар берілді.
Тағы бір мәселе — электронды карта. Экстремизм мен терроризмді қаржыландыру қылмыстық бабымен жазасын өтеп шыққандарға күнделікті өмірлеріне қажетті қаржылық операцияларды жүргізу үшін банктер және өзге де мекемелер тарапынан қойылған шектеулер үлкен қиыншылықтар туғызуда. Олардың аты-жөні соттың шешімімен қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынғандардың тізіміне кіргізіліп, ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің ортақ базасына енгізілген.
Сондықтан олар жазаларын толық өтеп шыққандарына қарамастан екінші деңгейлі банктерден жеке карточка ашуға, еңбек ақысын толық алуға, мемлекетке салық төлеуге, сақтандыру компанияларымен келісім-шарт жасауға, дербес шоттарынан дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек алуға, коммуналдық қызмет түрлерін төлеу мүмкіндігі болмауда.
Қаржылық мониторингі комитеті қолданатын осы шектеулер сотталып шыққандардың қоғамға бейімделуіне кедергі келтіруде.Яғни, жұмыспен өзін-
өзі қамтығандар қатарына қосылуға итермелеуде, сондай-ақ кейбірінің деструктивті діни ортаға қайта оралуына себеп болуда. Басқарма бұған қатысты ұсыныстармен жоғары жаққа бірнеше рет шықты.
-Қазақстанда туып- өсіп, кіндік қаны осы жерге тамып, суын ішін, нанын жеп отырған діни теріс ағымды ұстанушылар қазақтың «ұлттық, мемлекеттік мерекелерін тойлауға болмайды» деп, харамға шығарып отыр. Мысалы туған күн, Наурыз мейрамдарына қарсы. Бұл туралы не айтасыз?
-Әр мемлекетте ол зайырлы, мейлі мұсылман немесе Еуропа елдері болсын, өздерінің төрт бағытта мерекелері бар. Мысалы Сауд Арабиясында «Патшалықтың құрылу күні», Мысырда жаңа- жыл, «Еңбек күні», Алжирде «Күресші күні», жаңа жыл, БАӘ- де мұсылман мейрамына қоса «Білім күні» мейрамдары тойланады. Біз осы төрт бағыттағы яғни, мемлекеттік, дәстүрлі- ұлттық, кәсіби және діни мерекелерді бірдей тойлауымыз қажет. Мысалы деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылар Наурыз, Көрісу тағы басқа ұлттық, дәстүрлі мерекемізге қарсы.
2018 жылы «Нұр- Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен Атырау облысы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойдық. Сол кездесуде университет ректоры Мухаммад Шахат аль- Джинди мырзаға осы мерекелер туралы дәріс енгізіп, университетте оқып жатқан имамдарға үйретуді ұсындық. Құрбан айт пен Ораза мейрамын ғана мойындап, басқасын харамға шығарудың дұрыс еместігін айтқанымда ректор ойланып
қалды. Сосын «Бұл айтқаныңыз дұрыс, Бұл туралы біздің ойымызға ешкім салмапты. Біз мұны қолға алуымыз керек, студенттерімізге бұл төрт бағыттағы мерекелер туралы оқытамыз» деді.
— Қайролла Дүйсешұлы! Еліміздегі қазіргі діни ахуал қандай деп ойлайсыз? Діндегі адасушылықтың алдын алу үшін әлеуметтік желіні бұғаттаудан басқа не істеу керек?
— Діни адасушылықтың алдын алу үшін ең бірінші біз дінтанушы мамандарды көптеп оқытуымыз керек. Мектепке дінтану пәнін енгізіп, дінтаушыларды жұмысқа алу керек. Қазіргі таңда мектептегі консультативті сабақты тарихшылар, география пәнінің мұғалімдері өткізіп жүр.
Атырау облысының мектептерінде бірде-бір дінтанушы жоқ. Басшылар бұл пәнге немқұрайлы қарап отыр. Қазіргі күрделі мәселе дінді білмеуден туындап отыр. Мектепте балаларға христиан, ислам діні, тағыбасқа діндер туралы түсінік берілсе, Ханафи мазхабын ата-бабамыздың жолы деп түсіндірсе, бала өсе келе адаспайды.
Бала мешітке барғысы келсе ата-анасы «адасып кетеді» деп қорқып
жібермейді, сосын ол бала ақпаратты интернеттен іздейді. Ал интернетте діни теріс ағымға тап келеді де, ең алғаш діни іргетасын солармен қалап, алғаш көзіне түскен ақпараттың, діни теріс уағыздың жетегінде кетіп қалуы ықтимал. Баланың жүрегіне қандай ақпарат құйылады, сол қалыптасып қалады. Ал уланған баланы ол сенімінен шығару үшін бізге көптеген жұмыстар істеуге тура келіп жатыр.
Жалпы интернеттің пайдасы мен зияны бірдей. Интернет бізді құндылықтарымыздан, салт-дәстүрімізден айырып жатыр. Себебі батыстың фильмдеріне дейін біздің ділімізге жат. Діни адасушылықты айтпағанда балалар ұлтымызға жат пиғылдар мен мінез- құлықтарды да сол батыстың фильмдерінен жұқтыруда. Бұны қазақтың қанына жасалып жатқан шабуыл деуге болады. Сондықтан интернеттің жақсы жағын ғана пайдаланып, ұлтымыздың діліне кереғар тұстарынан аулақ болуымыз керек. Құзырлы органдар, мемлекеттік мекемелер, министрліктер бар, елімізге бөгде ақпараттарды кіргізбеу үшін әлеуметтік желіні үнемі назарда ұстап, жат ағымдарды ілезде бұғаттап отыруымыз керек.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА,
Атырау қаласы.
0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля