Мақалалар

Қоғам ислами банктің құндылықтарын неге біле бермейді?

Дәстүрлі банктердің бизнесі бүкіл әлемде құбылмалы болып отырғанда, ислам банктеріндегі клиенттер капиталдарының сақталып қалу үстемдігі жоғары. Оны ұлғайтуға да мүмкіндік беретін тұрақтылық пен сенімділік бар. Сондықтан Қазақстандық нарықта исламдық банк өнімдері көбірек назар аударуда.
2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ислам банктері клиенттерінің депозиттері мен шоттарының өсуі жылдық өзгерісте 63%-ды немесе 9,4 млрд теңгені құрады.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтанушы Нұржан Стамбакиевтің айтуынша, ислам өсімқорлықты өзге адамдардың жеке меншігіне қол сұғу деп бағалап, оған тыйым салған. Себебі қарызға алған мүліктен түскен табыс түгелімен борышкердің жеке меншігі болып есептеледі.
– Исламдық қаржы жүйесі бойынша қарыз келісімшарты қарызға алынған мүлікті борыш иесінен борышкердің меншігіне толықтай өткізетін келісімшарт болып табылады.
Қарызға алынған меншіктің үстінен қосымша өсім талап ету борышкердің жеке меншігіне қол сұғу болып есептеледі. Осылайша тыйым салынған әрекеттердің астарында адамның жеке меншігін қорғап, экономикалық әділеттілікті орнату мақсаты жатқандығын аңғаруға болады, – дейді исламтанушы.
Нұржан мырза қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі кедей жандарға материалдық тұрғыдан жәрдем көрсетіп, оларға жанашырлық таныту принципі ислам экономикасының негізгі қағидаларының бірі дейді. Бірақ қоғамда ислам деген сөзді бірден қайырымдылық деп қабылдайтын түсінік қалыптасып кеткендігін жеткізеді.
– Ислами банктің де коммерциялық ұйым екендігін ұмытып кетіп жатады. Бірақ ислам шариғаттарына сай әділдік принциптерін ұстанып табыс табу олардың негізгі принциптері. Сондай-ақ ислам банкіне кез келген адам бара алады. Яғни белгілі бір дінге не болмаса нәсілге бөліп жармайды.
Ислам экономикасында аталмыш міндетті атқаруға бағытталған зекет, садақа және уақф деген арнайы қайырымдылық институттар бар. Ислам экономикасы бойынша қайырымдылық секторының міндеті адамдардың барлығын дәулетті етпесе де, әйтеуір далада аш-жалаңаш адам қалдырмайтындай қоғам мүшелеріне ең минималды деңгейде болса да қолдау көрсету. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларының жемісі тек қана материалдық қамтамасыз етумен шектелмейді. Мұқтаж жандарға қолдау көрсету қоғам мүшелері арасында өзара сыйластық пен бауырластық сияқты сезімдерінің рухын оятады, – дейді Нұржан Стамбакиев.
Қазақстанда қандай ислами банктер бар?
Қазіргі уақытта Қазақстанда екі Ислам банкі — Al Hilal және Заман-Банк жұмыс істейді. 2010 жылы алғаш рет «Al Hilal» банкі пайда болды. 2009 жылы Елбасының бастамасымен «Банк және банктік қызметтер» деген заңға арнайы өзгерістер еңгізілді. Онда 1-ші және 2-ші дәрежелі банктер жайлы жазылған. Соның ішінде «ислами банк» деген тарау бар. Ислами банктің де құрылу тәртіптері, жұмыс істеу ережелері заңдық құқықтық базаға негізделген.
2019 жылдың мамыр айында Al Hilal банкі БАӘ-дегі ең ірі банктік топтардың бір бөлігіне айналды. Корпоративтік клиенттермен 7 жыл бойы табысты жұмыс істегеннен кейін 2017 жылы Банк бөлшек бизнесті іске қосты. Сөйтіп, қазіргі уақытта Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы филиалдары арқылы банктік өнімдер мен қызметтердің барлық түрлерін: ағымдағы шоттар, депозиттер, қаржыландыру өнімдері, кассалық есеп айырысу қызметі, қазынашылдық қызметтер және т.б. ұсынады.
Ал Заман-Банк 2017 жылы дәстүрлі банк болды. Коммерциялық банк өзінің жүйесін ислами банкке өзгерткен. Себебі заңнамада кез келген екінші дәрежелі банк өзіңнің жүйесін ислами банкке өзгерте алады.
Аталған банктер қандай қызмет көрсете алады?
«Мурабаха» – бұл классикалық несие мен лизинг арасындағы крест. Мұнда мәміленің негізі – бұрын банк сатып алған актив, ол клиентке үстеме бағамен сатылады. Клиент барлық келісілген соманы төлегенге дейін банк тауардың иесі болып қалады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қосшыда 1 «Ы» сыныбы ашылды
«Иджара» – бұл классикалық лизингтің исламдық аналогы, ол бойынша банк мүлікті сатып алады және клиентпен лизинг шартын жасасады. Лизинг мерзімі ішінде банк мүліктің иесі болып табылады және оны иеленуге байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.
«Мудараба» – банк қызметінің бұл түрі депозиттер ашу үшін қолданылады. Бұл өнімнің ерекшелігі – банк клиент алатын сыйақы мөлшерлемесін алдын ала ескертпейді. Банктің жобаларға депозиттік қаражатты инвестициялауынан түскен пайданың үлесі, атап айтқанда, пропорция ұсынылады. Салымшы ақшалай қаражатты 1 жыл мерзімге енгізеді делік. Мұндай жағдайда инвестициялық қызметтен түскен пайданың 55%-ын салымшы алады, ал қалған 45%-ы банкте қалады.
«Вакала» – пайданың белгіленген пайызы бар депозит. Банк қызметінің бұл түрі дәстүрлі қаржы жүйесі депозиттерінің аналогы болып табылады. Жалғыз айырмашылық – пайда депозит мерзімінің соңында ғана беріледі.
Жалпы, бұл банк өнімдеріне деген сұраныс соңғы жылдары күрт артып келеді. Бұл жаһандық экономикалық дағдарыс әсер етпеген ислам банктері, іс жүзінде әлемдегі жалғыз қаржы институттары. Қазіргі уақытта олардың ешқайсысы өмір сүру үшін айтарлықтай қаржылық көмекті қажет етпеді, демек, олар дәстүрлі банктерге қарағанда жинақтарды сақтау үшін қауіпсіз.
Ислами банк қандай заттарға тыйым салады?
Ислам экономикасы бойынша «әл-Мәәл», яғни дүние-мүлік ұғымы тек қана таза, адам өмірі мен қоғамға пайдалы мүлік түрлерін ғана қамтиды. Яғни ислам экономикасы темекі, есірткі немесе арақ-шарап секілді зиянды нәрселерді дүние-мүлік деп мойындамайды.
Нәтижесінде ислам экономикасының нормалары аталмыш заттарды сатуға, сатып алуға, қаржыландыруға, тіпті, сыйға тартуға тыйым салады.
Ислам банктерінің жүйесінде қаржыландыруы талап етілген объектінің осы жоғарыда аталған критерийге жауап беруі қатаң түрде талап етіледі. Ислам экономикасының осылайша зиянды заттардың таралуына шектеу қойып, пайдалы заттардың айналымын кеңеюіне атсалысуы оның моральдық-этикалық қырын нақтылай түседі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы ислами банкті қолдайды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы аймақта бірінші болып жедел дамып келе жатқан және перспективалы инвестициялық сегмент. Ол Исламдық қаржыландыру жүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Орталықтың afsa.aifc.kz ресми парақшасында осы сегменттің әлемдегі көлемі 2023 жылға қарай 3,8 трлн дейін немесе әлемдік қаржы секторының жиынтық активтерінің 1% өсуімен 2,5 трлн доллардан асатыны жазылған. Яғни, исламдық қаржыландырудың ірі секторы исламдық банкинг сонымен қатар сақтандыру (такафул) және исламдық капитал нарығы белсенді дамып келеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында исламдық қаржылық қызмет көрсету индустриясы исламдық банктердің, активтерді басқару жөніндегі компаниялардың, инвестициялық қорлардың, такафул және ретакафул компаниялардың, басқа да исламдық қаржы ұйымдарының, сондай-ақ жетекші халықаралық исламдық қаржы институттарының қатысушыларын қамтиды.
Сондай-ақ қаржы орталығы ірі және өндірістік, сауда корпорацияларына және нарыққа алғаш рет шыққан компанияларға да олардың дамуы мен өсуі үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынады.
Банктердің несие қоржыны да өсуде – жыл ішіндегі өсім шамамен 41%-ды құрады. 90 күннен астам төлем мерзімі өткен кредиттердің үлесі Al Hilal банкінде 0%-ды, Заман-Банкінде — 3%-ды құрайды, ал республика бойынша бұл көрсеткіш 9% шамасында, ал кейбір банктерде тіпті 50%-дан асады.
Қазір ислам банкингі – Қазақстанның қаржы секторының ең жылдам өсіп келе жатқан сегменті. Біздің еліміз экономиканы қаржыландырудың баламалы көздері ретінде ислам банкингі индустриясын одан әрі дамытуға ниетті.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

0

Автор публикации

не в сети 17 часов

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 961Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля