ҒибратЖаңалықтарМақалалар

Үш түрлі тәубе

Ей, достар, пайғамбар, әулиелер болмаса пенденің күнәдан тазасы кем шығар. Сол себептен тәубаны білу керек, нәжіс нәрсені сумен жуған сықылды. Күнәны тәубамен жумаса болмайды.

Менің байқауымша адамда үш түрлі тәуба бар. Оның бірі – шын тәуба. Ол мынау: бір адам нәпсісіне еріп, бір күнәні қылды да, артынан шын ықыласыменен қатты кейіп, өкініп, енді қайтып ондайды қылмаспын деп біржола тәуба қылады да, ол күнәні қайтып қылмайды. Мұны молдалар «тәуба насу» дейді. Аятта: «Ей, мұсылмандар, кұдай тағалаға тәуба қылыңдар, қылмыс күнәларыңнан тәуба насух тәубаменен» , – деген.

Екінші бір тәуба бір адам нәпсісіне еріп, бір күнәні қылады да, ішінен қатты кейиді, неге қылдым деп, әй, ендігәрі қылмаспын-ау десе де анық уәде алмайды, нәпсісіне сене алмайды. Бірақ алла тағалаға сол күнәдан тия көр деп жалынады да, кейиді де және қылып жібереді. Бұл тәуба бастапқы тәубадай емес, өйтсе де азаптан қатты қорқады. Рахметінен үміті бар. Алла тағаланың аятында: «Рахметімнен қүдер үзбе», – дегеніне қарағанда бұл да тәуба болуға мүмкін. Енді мен білген үшінші тәуба бар.

Ол мынау: Біреу бір күнәні қылады да, артынан тәуба қыла салып, онан соң және қылып оған және тәуба қылдым ғой, керегі не, бірталай жандар осылай қылып жүр ғой деп көпті мысал қылып салақтау жүреді. Жоғарғы аятқа қарағанда, алла тағала қай күнәні кешемін десе де кешеді. Өйтсе де бұл соңғы тәубаны сенімді тәуба деп айтуға болмайды. Бірақ алла тағаланың рахметі мол екені рас.

Аятта: «Алла тағала өзіне мархаббат қылуды ләзім қылды» , – деген және бір аят: «Алла тағала не нәрсені жоғалтқысы келсе жоғалтар, не нәрсені биіктеткісі келсе биік етер» , – деген. Күнә яки қай сауапты да жоғалтамын десе жоғалтар, бекітемін десе бекітер, лух алмахфуза және бір аятта: «Кешпейді алла тағала өзіне серік келтіргенді, онан басқа күнәның бәрін де кешкісі келген пендесіне кешеді» , – деген. Бірақ осыған да тәуба себеп. Алла тағала дүниеде себепсіз нәрсе жаратқан жоқ. Пендесіне рахым қылмақ үшін ғибадат, дұға, тәубаны бұйырған. Болмаса ол ғибадаттан аллаға пайда да жоқ. Қылмасаң, аллаға зиян да жоқ.

Әлбетте алла тағала пендесіне рахымды аятта айтқан: «Алла тағала пендесінің бір жақсылығына он есе сауап береді. Егер жаманшылық күнә қылса өзіндей ғана жаза тарттырады, онан арттырмайды», – деген. Және бір аят: «Ол алла тағала құлдарының тәубасын қабыл қылады, күнәларын кешіреді. Һәм не қылғандарыңыздың бәрін біледі» , – деген.

Жоғарғы аяттағы сөздерден байқадыңыз алла тағала пендесіне бек рахымды екенін. Олай да болса шама келгенше күнәдан сақтанып жүру керек. Егерде нәпсіні жеңе алмай күнә қылып жіберсе де, зинһар, тез тоба қылу керек. Ақырында дүниелік мал жиған күнә емес. Адалдан жимақ парыз, бірақ алла тағаланың қаһарын ескермей жүре берген соң, қатты күнә. Сол себептен Сопы Аллаяр хазрет айтқан: «Дүниеге алданған құдай тағаланы ұмытпақ, қатын, мал, ақша бала емес», – деген.

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 985Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля