Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы
Бүгінгі күннің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отырғандай. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.
Халқымызда «Тәрбие – тал бесіктен» деген керемет сөз бар. Бұл сөз бәрімізге етене таныс болар. Қазақ халқының тәрбие тағылымы, ізет пен әдептен және инабат пен парасаттылықтан басталатыны белгілі. Бала тәрбиесі – ана сүтінен басталып, біреудің ықпалы арқылы қалыптасатын күрделі құбылыс.
Халқымыздың ұлы ақыны Абайдың қара сөздерінің өзі тұнып тұрған философия, отбасы тәрбиесіне арналған бағдар десе де болады. Ол баланың өмірді танып-білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Отбасының екі тірегі болса, ол– әке мен ана. Қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын әр айтылған мақал-мәтелден айқын көруге болады.
Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Оның негізі ана тілінде. Қазақ тілі халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырушы негізгі құрал ретінде ұлттың тілі мен діні, біліктілігін болашаққа жалғайды.
Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтары бар. Ананың бесік жырынан басталатын тәрбие – ұлттық тәрбиенің бұлағы іспеттес. Ұрпақ ұлтты ғана жалғастырмайды, ұлттық рухты жалғастырады, ұлт бірлігін, салт-сана, дәстүрлерін насихаттау арқылы дәнекерлейді, рухани ұлттық тәрбие нәрі мен сусындаған ұрпақ қана болашақты гүлдендіреді.
Қазіргі қоғамда білім мен тәрбиенің ұлтымыздың озық дәстүрлері мен тәрбиесіне негізделуіне айрықша ден қойылуы тиіс. Осыған қарап отырып, тәрбие көзі отбасынан қаланатыны шындық.
Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Қазіргі бала кітап оқымайды, дәстүрге ден қоймайды деп жас жеткіншектерге кінә артып жатамыз. Рас, бесіктен белі шықпаған балаға дейін әлеуметтік желіге бағынышты болды. Оның берері болса да, зияны да аз емес екенін кей ата-аналар жете біле бермейді. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұйтқы, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.
Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған. Халық өз ұрпағына қайырымдылықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.
Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Біздің ұлт ретіндегі ендігі мақсатымыз ұлттық сан сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.
Адам қоғам байлығы, ол байлық бүгінгі отбасында тәрбиеленіп, өсіп келе жатқан – жас ұрпақ. Олай болса, қоғамда да, отбасында да тәрбиенің беделі мен орнын көтеру арқылы ұлтымыздың болашағының жақсы болуы үшін адал еңбек етейік, ағайын.
Сөз соңында Мұхтар Әуезов атамыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, ертеңгі ұрпақтың тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу біздің басты міндетіміз дегім келеді.
Айсұлу Жексенова
Атырау облысы Дін істері
басқармасы Ақпараттық-талдау
орталығының маманы