ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 13 наурызында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің оқушыларымен «Ұлттық құндылықтар — тұрақтылық тұғыры» атты кездесу өтті.
Аталмыш шараға облыстық АТТ мүшесі А.Кенжеғалиев, Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы Д.Муханбеталиев, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының тарихшы маманы Е.Абзалов және «Жусан» гуманитарлық операциясымен қақтығыс аймағынан елімізге оралған отбасы мүшесі П.Еркінбай қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
АТТ мүшесі А.Кенжеғалиев ұлттық отаншылдықты қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше екендігіне тоқталып, бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше мән беру керектігін атап өтті.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының талаптары, сондай-ақ ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 453 және 490 баптарында көзделген құқықтық жауапкершілік туралы түсінік берген Орталықтың бөлім басшысы Д.Муханбеталиев әлеуметтік желіде қараған, бөліскен әрбір ақпаратқа мұқият болу қажеттігін ескертіп, Орталық мамандары «Оlx», «Вконтакте», «Instagram», «Telegram» cекілді әлеуметтік желілерге тұрақты түрде зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырғандығын жеткізді.
Ал, «Жусан» гуманитарлық операциясымен қақтығыс аймағынан елімізге оралған отбасы мүшесі П.Еркінбай Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, оқушыларға соқыр сенімнің жетегінде кетпей, туған ел, ата-ана, бауыр, білім алу және уақыттың қадірін түсіну керектігін жеткізді.
Деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары мен олардың қоғамға тигізер зиянын түсіндірген «Шапағат» қоғамдық қорының тарихшы маманы Е.Абзалов «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөздің мағынасына кеңінен тоқталып, қандай жағдайға да саналы түрде қарау керектігін жеткізді.