Әлеуметтік желі: Атырауда деструктивті бағыттағы 30 000-нан астам топ бұғатталды
Бұл туралы Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде имамдардың қатысуымен өткен «Заманауи технологиядағы діни жұмыстардың әдіс-тәсілдері” атты екі күндік семинарда айтылды.
Семинар барысында іс-қағаздарды толтыру, анықтамалар жазу, компьютерді толық меңгеру, әлеуметтік желілердегі парақшалармен жұмыс жасау, радикалды топтар ұстанушыларына жауап жазу, түсіндіру жұмыстарын онлайн және офлайн форматта жүргізу бағытында дәрістер оқылды.
Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев Атырау облысында дәстүрлі емес діни бағытты насихаттайтын әлеуметтік желідегі 30 000-нан астам топ бұғатталғанын айтты.
“16 696 қолданушының әлеуметтік желідегі парақшаларына зерделеу жүргізіліп, 362 адамның парақшасы дінтану сараптамасына жолданды. Нәтижесінде 60 мыңнан астам аккаунт иелері интернет желісінен шығып, діни ақпараттарын кетіріп тастады. Бүгінде Атырау облысында интернет кеңістігі деструктивтік діни ағым идеологиясынан 80 пайызға тазартылды. Ендігі кезекте имамдар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасап, босаған орындарды діни материалдармен толықтыруға, ол үшін заманауи технологияны бағындыруға міндетті” деп атап өтті ол.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бас имам ҚМДБ тарапынан ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие, Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, діни теріс ағымдармен жұмыс жүргізу бойынша жеті бағыт жолға қойылғанын, облыс имамдарының осы мақсатта жоспарлы жұмыстарды атқарып жатқанын айтты.
Еске сала кетелік, екі күндік семинарды Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырды.