Махамбет ауданында АТТ мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесті
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес,
Махамбет ауданы Есбол орта мектебінің оқушыларымен «Бала тәрбиесінің отбасындағы орны» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының мамандары және АТТ мүшесі Ұ.Төлегенов қатысты.
Өз кезегінде АТТ мүшесі Ұ.Төлегенов: «Қазақ отбасында әуелі әке, одан соң ана – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Ата-ананың баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйрететінін айтып өтті.
Сондай-ақ, Махамбет ауданы Есбол ауылдық округінде ауыл тұрғындары және Қосарал орта мектебінің оқушыларымен «Зайырлы мемлекет және дін» тақырыбында кездесу өтті.
Жиын барысында сала мамандары зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатқанын, адам және адам өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатқанын атап өтті. «Зайырлы мемлекет – діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады»,-дей келе, зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылатынын жеткізді.
Жиын соңында орталық маманы С.Құжырбаев салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаратын жат ағымның шығу тарихы мен оларды қалай ажырату керектігі жөнінде мәлімет берді.