ДӘСТҮРЛІ ДІННІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Құндылық атауы адам баласымен бірге өмір сүреді. Құндылық дегеніміз — әлдебір дүниенің маңыздылығын көрсетеді. Адамның таным дүниесіне қарай құндылықта өз ішінде бөліне береді. Қоршаған қоғамызда құндылықтар: материалды, рухани, мәңгілік болып бөлінеді. Осы құндылықтардың ең негізгісі ретінде рухани құндылықты қарап көрейік.
Дәстүрлі Ислам дінімізде рухани құндылықтардың бірі — имандылық. Имандылық — адамның амалын, іс-әрекетін көркемдейтін рухани жол іспетті. Бұл қасиет — адам бойындағы ізгілік пен инабаттылықты ашықтай түсетіндігі сөзсіз. Имандылық сезімі елге, тарихына, ұлтына, мәдениетіне деген құрметпен ұштасады. Сонымен қатар, Отанға қызмет ету, білім алу, өзін-өзі дамыту тұрақтылық негізінде жүзеге асады. Дәстүрлі дініміздің құндылығы — ата-ананы сыйлауға, салт-дәстүрді дәріптеуге, елге пайда тигізуге, білім алуға, игі іс жасауға негіздейді. Сондай-ақ, шариғатымыз ғибадат құлшылық орындаумен қатар, адал қызмет, отбасына тәрбие беру секілді қоғам алдындағы жауапкершілік дүниелерді бірге ұстауға шақырады. Ислам діні- ақырет пен осы дүниені тең ұстауға негіздейді. Яғни, бұл дүниені тәрк етіп, ақыреттік өмірге ғана көңіл бөлу бос әуестік болып табылады. Қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінде Ислам діні — алтын ортаны ұстанатындығын атап өткен.
Сонау қиын қыстау кезден бастап, өз даласына қаншама ұлттарды мекен еткен қонақжай, дархан ұлы даламызда қазіргі таңда жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс мекен етеді. Зайырлы мемлекет болғандықтан: елімізде тек Ислам діні ғана емес, дәстүрлі провославиялық христиан дінің ұстанатын азаматтар да мекен етеді.
Православие дінінің құндылығы ол — құдай жайында дұрыс ойлауға негіздейді. Православиелік діни ілімінің негізін: Қасиетті Інжіл және Қасиетті Өсиет құрайды. Өздерінің рухани құндылықтарын Інжіл оқумен жүзеге асырады. Христиандық дінде «пост» деп аталатын маңызды дәстүрге үлкен мән беріледі. Пост кезінде кейбір тамақ түрлері мен құмарлыққа шектеу қойылады. Пост ұстану діни өмірдің басталуын және адам жанының жаңаруы мен тазалануын білдіреді. Міне, осылай провославиялық діннің өз алдына өзгеше руханилығы дәріптеледі.
Қарқынды дамыған қоғамызда рухани құндылықтарымызды ұмытып жатырмыз. Көбірек материалды құндылықтарды алға қоюдамыз. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын көбірек дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Адам баласы рухани құндылықсыз бір сәтте өмір сүре алмайтындығы анық. Рухани құндылықты тәрк ету, дәстүрлі дінімізді тәрк еткенмен тең.
Малика Рустамқызы
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог маманы